Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты Жолдауы еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды құжат болды.
Жолдауды іске асыру – партия үшін басты міндет
3,009
оқылды

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Цифрлық даму және жасанды интеллектке басымдылық берді.  Экономиканың барлық саласын жаңғырту мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру тапсырылды. Президент Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгіледі. Бүгінде жасанды интеллект – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан технологиялық бағыттардың бірі. Ол білім беру, медицина, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік басқару сияқты барлық салада қолданылып, адам өмірін жеңілдетуге, тиімді шешімдер қабылдауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. 

Президенттің айтуынша: «Біз жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық шешімдер саласындағы жобаларды дамытуымыз керек. Бұл – Қазақстанның технологиялық серпіліс жасауына жол ашады». Қазақстанда бұл бағытта арнайы ұлттық стратегиялар қабылданып, IT мамандарды даярлау, ғылыми-зерттеу орталықтарын дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Ұлытау облысы да жаһандық сұранысқа орай төселіп келеді. Басқармалар, ұйым-мекемелер қағазбастылықтан біртіндеп арылып, электронды цифрлық жүйеге көшпек. Партия филиалы да қызметкерлерді оқытып, ЖИ күнделікті өмірді жеңілдету, құжат алмасу мақсатында қолданып келеміз. ЖИ – адамға қарсы емес, адамның мүмкіндігін кеңейтетін құрал. Технология дамыған сайын, оның әлеуетін ел игілігі үшін дұрыс пайдалану маңызды. 

Президент ауыл шаруашылығы, жер мәселелеріне де қатысты сұрақтарға тоқталды. «Жер – халықтікі. Оны жеке адамдар иемденіп кетпеуі керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығына арналған жерлер әділетті түрде бөлініп, нақты жұмыс істейтін, өнім өндіретін адамдарға берілуі тиіс», – деді. Партия Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобаларын жүзеге асырып келеді. 2023-2025 жылдар аралығында пайдаланылмай жатқан жерлер анықталып, Ұлытау облысы бойынша мемлекет меншігіне 120 мың гектарға жуық жер қайтарылды. Бүгінде Президент тапсырмасына сай арнайы комиссия құрылып, нақты ұсыныстар әзірленуде. Бұл ұстаным ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Облыстың жері кең, құнарлы болғандықтан, оны пайдаланбау да ысырапшылдыққа әкеледі. Сол себепті аудан, ауыл әкімдерімен бірлесіп, осы жобаның жүйелі жүзеге асуына, жердің нақты өнім өсіріп, малын жайлайтын азаматтарға берілуіне жұмыс істеудеміз.  Сондай-ақ  ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында партияның «Ауыл аманаты» жобасы аз пайызбен несие береді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, жоба аясында Ұлытау облысына бөлінген 3 млрд 370 млн теңге толық игеріліп,  420 несие бөлінген. Жобаны тағы іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 140 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда ақшаның игерілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Халықпен тығыз араласып, мәселелерін тыңдап, көмек беруде жақсы қолдау тапқан «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы жайлы да Президент тілге тиек етті. Ұлытау облысы бойынша 2025 жылдың басынан бері 2 500-ге жуық адам оқу курсынан өтті. Банктер алдында қарызы бар, шағын несие алып шоты бұғатталған, алаяқтарға алданған, жалпы, қаржылық сауаттылық жайлы білімін жетілдіргісі келген облыс тұрғындары біздің өңірге тағайындалған ментордан оқып, кеңес алды. Жолдаудан кейін жобаға сұраныс артатыны түсінікті, сондықтан біз ментормен келісіп, оқытудың қашанда ашық екенін айтқымыз келеді. 

Жолдауда туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылды. Ұлытау өңірі табиғаты бай, тарихи мекен екені даусыз. Бір ғана Жошы хан, Алаша хан кесенелері жылына мыңдаған туристің келуіне сеп болып отыр. Туризмнің дамуы жол-көлік қатынасына тікелей байланысты. Осы бағытта партияның Жол картасы аясында басталған бірнеше жоба  бар. Көп жылдар халық наразылығын тудырып келген Жезқазған-Қызылорда бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жол 30 жыл асфальт көрмеген екен. Қытай елінің мердігер 4 компаниясы  біздің өңірдің 900-ге жуық азаматын жұмыспен қамтып отыр. Бұл бағытта автобус жүріп, жол бойына дәмхана, демалыс орындарын ашу  жоспарда бар. Қарағандымен екі ортадағы жол да 2026 жылы қолға алынбақ. Кезең-кезеңімен жөнделетін жол 2028 жылы толық аяқталады. Ұлытаудан Арқалыққа баратын жол да жөнделуде. Партия филиалының төрағасы Бауыржан Шыңғысов пен партия депутаттары Қостанай облысының депутаттарымен жолығып, жолдың жайын қозғаған болатын. Ұлытау ауданындағы тарихқа толы орындар зерттелу үстінде. Шетелдік археолог тарихшылар да қызығушылық танытып отыр. Күні кеше аңызға айналған Кейкі батырдың су ішкен бұлағы маңына ескерткіш белгі қойылып, ас берілді. Тасбұлақ маңы Жол картасы аясында абаттандырылды. 

Көліктік инфрақұрылым саласы бойынша да көп жұмыстар атқарылды, төрт бағытқа әуеқатынасы тұрақты, өңір басшылығы жол қатынастарын алдағы уақытта көбейтуді қолға алмақ. Бұның бәрі өңірдің туризмін, сауда-саттығын дамытатын игі істер болмақ. 

Бұл Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық, цифрлық дамуының жаңа кезеңін бастауға бағытталған нақты қадамдарды қамтыды. Көтерілген бастамалар мен міндеттер – жаңа дәуірдегі жаңғырудың іргетасы. Бұл – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда әділдік пен тұрақтылық орнатуға, дамушы елдер қатарында болуға бағытталған тарихи үндеу. Халыққа сенім мен үміт сыйлаған құжаттың «AMANAT» партиясы тарапынан атқаратын бағдарлары баршылық. Ендігі кезекте – айтылған партияластармен, халық қалаулыларымен тапсырмаларды бірлесе жүзеге асырып, ортақ мақсатта адал қызмет ету.

Ерлан МЫРЗАБЕКОВ, «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы