Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.
Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облысындағы жаңа зауыт өнеркәсіптік әлеуетті арттырады
3,038
оқылды

Расымен, соңғы бес жылда белгілі бір жетістік бар: жалпы қосымша құн екі есеге өсіп, 17 трлн теңгеге жуықтады. Бірақ  бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз.

Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл – үлкен жетістік. Әсіресе, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облысындағы жаңа зауыттар елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырады. Дегенмен ішкі және сыртқы нарыққа терең өңделген өнім шығару ісінде әлі жүйелілік жетіспейді. Қолдау шараларын әртүрлі институттардың бөлек-бөлек жүргізуі кәсіпкерлерді шатастырып отыр.

Меніңше, тау-кен металлургиясы Қазақстанның жаңа индустриясының басты тірегі болып қала береді. Қазірдің өзінде оның экономикадағы үлесі – 8%.    Әсіресе, сирек кездесетін металдар мен жоғары технологиялық өнімдер бағытында әлеует әлдеқайда зор.

Алдағы үш жылда жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш жаңа кәсіпорын ашу – орынды мақсат. Сонымен қатар Атыраудағы ірі газ-химия кешені мен Павлодардағы сұйытылған газды өңдеу жобалары дер кезінде іске қосылуы өте маңызды. Бұл жобалар тек шикізатты өңдеумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға жол ашуы тиіс.

Тағы бір өзекті мәселе – газ тапшылығы. Қазірдің өзінде инвесторлар шикізат жетіспеушілігін сезініп отыр. Демек, ұзақмерзімді кепілдік беретін жаңа тәсілдер қажет. Бұл   Қазақстанның индустриялық саясатындағы шешуші қадамдардың бірі болады деп есептеймін.

Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін жүйелі қолдау – еліміздің тұрақты дамуының негізгі кепілі.

Қаршыға Джаумбаев, «AMANAT» партиясының мүшесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты