Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» жобасының маңызды екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан»: 860 мың гектардан астам аумақ тазаланып,  4 миллионнан астам ағаш отырғызылды
3,042
оқылды

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге шақырды.

«Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. 

Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық. 

Мұны ел ішінде жаппай қолдау тапқан жасампаз құндылықтардың жарқын көрінісі, халқымыздың игі істерге деген ұмтылысы деп түсінген жөн. Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін. 

Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында  «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізіп келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге жанашырлықты арттыру.