6 жастағы ұл мен 9 жастағы қыз 20 тамызда шұғыл Астанаға жеткізілген еді.
Үржардағы жол апаты: тікұшақпен Астанаға жеткізілген екі бала ауруханадан шықты
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
838
оқылды

Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында жол апатынан зардап шегіп, шұғыл Астанаға жеткізілген екі бала ауруханадан шықты,  деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Жарты ай бойы білікті мамандардың бақылауында болған олардың қазір жағдайы жақсы. Бастапқыда екеуінің де халі өте ауыр болғандықтан, бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, операция жасалған. Бүгінде балалар амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді.

Еске сала кетейік, 19 тамызда Абай облысы Бестерек ауылында жеңіл көлік үй маңында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен. Салдарынан 2 мен 7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған. Басқалары түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген болатын. Бір балаға жедел түрде екі операция жасалды. Ал 6 жастағы ұл мен 9 жастағы қыз 20 тамызда шұғыл Астанаға жеткізілген.

 «Аурухана директоры, орынбасары және бөлім меңгерушілерінің қатысуымен болған консилиум нәтижесі бойынша балаларды ауруханадан шығаруға болады деген тұжырым жасалынды. Балаларға барлық тағайындама беріліп, ауруханадан шығарылды», – деді № 2 көпбейінді балалар ауруханасы медициналық бөлім жөніндегі директорының орынбасары Динат Көжекенов.