«Азаматтарды ұрлап, несие рәсімдеген»: Құрамында банк қызметкерлері бар қылмыстық топ жайлы тың ақпарат шықты

Тергеу дерегінше, топ құрамында елдің әр өңірінен 25 адам болған, олардың арасында банк қызметкерлері де бар.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Ақмола облысы прокуратурасының қылмыстық топ ісіне банк қызметкерлерінің қатысы бар деген ақпаратына байланысты төрт банк атынан бірлескен мәлімдеме жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметі

2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы әлеуметтік осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Тергеу дерегінше, топ құрамында елдің әр өңірінен 25 адам болған, олардың арасында банк қызметкерлері де бар.

Банктердің жауабы

Банктер өздерінің бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің аталған іске қатысы бар екені туралы прокуратурадан ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді.

Мәлімдемеде былай делінген:

«Қазіргі уақытта банктер прокуратура органдарына ресми ақпарат беру туралы сұрау жолдауды жоспарлап отыр. Қазіргі сәтте банктерге бұл қылмыстық іске бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлердің қатысы бар екені жөнінде нақты деректер белгісіз. Ресми құжаттар алынғаннан кейін барлық банктер клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты кез келген тергеуге барынша қолдау көрсетуге дайын».

Репутация мәселесі

Сонымен қатар банктер өздерінің іскерлік беделін жоғары бағалайтынын және қызметін заңға толық сәйкес әрі ашық жүргізетінін атап өтті. Қаржы институттары прокуратура өкілдерін мұндай шетін тақырыптарда жария мәлімдеме жасауға абай болуға шақырды, себебі ол банктердің іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.