Елімізде мал шаруашылығын өркендету, оның ішінде мал басын асылдандыру ісі ерекше маңыз­ға ие. Бұл бірінші кезекте түлік тұқымының сапасын жақсартуға және өнімін арттыруға бағытталған біртұтас жүйе саналады.
Сапа мен сұрып
6,387
оқылды

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында да ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, әсіресе агроөнеркәсіп кешенін жетілдіруге басымдық жоғары. Соған орай саланы ілгерілетуге, шаруа­ларды қолдауға мемлекет тарапынан бөлінетін қар­жы көлемі қомақты. Дегенмен бұл бағытта әлі де болса күнгейімізден көлеңкелі тұсымыздың басым болып тұрғаны байқалады. Жасыратыны жоқ, саланы өркендетуде атқаруға тиіс шаруа қыруар. 

Бұл ретте Сыр салысымен аты шыққан Қызылорда облысында асылдандыру бағытында атқарылған жұмыс ауқымды. Өңірде ет және сүт бағытында өсіріліп жатқан түліктер тұқымы аз емес. Алайда асылтұқымды мал өсіріп отырған шаруаларды толғандырған мәселе әлі де шаш-етектен. 

Алдымен Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ұсынған мәліметтерге көз жүгіртіп көрейік. Басқарманың мәлімдеуінше, өңірде мал шаруашылығы бағытында атқарылған жұмыстың ауқымы кең.  Соның ішінде, мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемінде өсім қалыптасқанын алға тартады.  

«Жалпы, облыс бойынша 2025 жылдың 1 тамызына 425,4 мың бас МІҚ, 830,3 мың бас қой мен ешкі, 270,7 мың бас жылқы, 66 мың бас түйе және 126,8 мың бас құс тіркелген. Мал басы былтыр сәйкес кезеңмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 0,5, жыл­қы – 9,7, түйе – 1,2, құс – 1,2 пайызға артып, қой мен ешкі – 93,5 па­йызды құрады. Сол сияқты 2025 жылдың 1 қаң­тарында асылтұқымды ірі қараның саны 17,2 мың басқа жеткізілсе, асыл­тұқымды қой 234,9 мың басқа артып,  асылтұқымды жылқы 3,3, асыл тұқымды түйе 0,4 мың басты құрады. Не­гізінен, өңірде мал тұқымын асылдан­дыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Оның ішінде, сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамытуда ілгерілеушілік бар», – дейді бұл жайында басқарманың мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Абдирасулов. 

Бөлім басшысының айтуынша, сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамытуда  2010 жылдан бастап облысқа қарасты Қазалы ауданындағы  «Рза» АҚ-ның үлесі зор. Бүгінде аталмыш шаруашылықта 660 басқа арналған, қуаты тәулігіне 30 тоннаны құрайтын сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Сонымен қатар Жалағаш ауданында «Бағдаулет-57» ФҚ-ға Чехия Республикасынан 96 бас асылтұқымды сүт бағытындағы МІҚ сатып алыныпты. Қазір мұнда қуаты жылына 1000 тоннаны құрайтын тауарлы-сүт фермасын құру жұмысы қолға алынған.

Бұдан өзге, Солтүстік Қазақстан об­лысының тәжірибесі негізінде өңірде сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамыту мақсатында Қызылорда қаласында «Кызылорда НК Құрылыс» ЖШС-ның бастамасын ерекше атап өтуге тұрарлық екенін жеткізді. Бұл серіктестікте  800 басқа арналған жылдық қуаты 6 мың тоннаны құрайтын тауарлы-сүт фермасын құру көзделіп отыр. Бүгінде келешек жобасы жеңілдетілген несиемен қаржыландырылып,  800 бас асылтұқымды голштин сиырын сатып алу үшін келісімшарт жасалған екен. 

Ендігі кезекте мал шаруа­шылы­ғымен айналысатын шаруалардың уәжіне құлақ түрсек, төрт түлікті түлету бағытында кесе-көлденең кездесетін қиындық аз емес кө­рінеді.  

Жекелей айтып кетсек, әсіресе түлік төресі түйені түлетіп отырған Арал,  Қазалы ауданының шаруаларын жемшөп мәселесі тығырыққа тіреп тұрғаны байқалады. Ал облыстың оңтүстік аудандарындағы кейбір шаруа қожалығында ветеринар тапшы. Жалпы, мал шаруа­шылығы саласында мамандар қат деген пікірде. 

Сонымен қатар елімізде малдың жүні мен терісін игеру саласы кенжелеп тұр. Бұл тұрғыда Сыр өңіріндегі ахуал да малшы қауымын алаңдатады.

Негізінен дерекке сәйкес, Сыр өңірінде ет бағытындағы ірі қылшықты жүнді және Қаракөл қойының тұқымы аудандастырылған. Осы орайда ірі қылшықты жүннің бағасы сапасына қарай әр алуан болып келеді екен. Нақты айт­қанда, ірі қылшықты жүн ұзынды­ғына, қалыңдығына, бұйралығына, майысқақтығына, қаттылығына, табиғи жылтырлығы мен тазалығына қарай бағаланады.  

Осы орайда басқарманың мәлі­метіне сүйенсек, 2023 жылдың өзін­де облыста 731,1 тонна жүн және 199,2 мың дана тері өндіріліпті. Оның ішінде, терінің 68,6 мың дана­сы ірі, 130,6 мың данасы майда болып саналған. Бұл ретте мамандар тарапынан өндірістегі жүннің ірі қылшықты болуы бәсекелестік ортадағы сұранысты қанағаттандырмай тұрғанын алға тартады. Ең қиыны, облыс бойынша мал шаруашылығы шикізаттарын, яғни тері мен жүн өңдейтін кәсіпорынның болмауы қиындық туғызып тұрғанын мамандар да, малшы қауымы да қынжылыспен жеткізді. Соның салдарынан, өндірілген жүн мен тері жарамсыз күйде қалып тұрғанын жоққа шығармайды. Бұл мәселе, әсіресе сырбойылық асылтұқымды қой өсіретін шаруа қожалықтарының шымбайына батып тұр. 

Қалай дегенде де,  өңірде асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуда  қиындық аз емес.  Жылдар бойы қордаланған мәселелер шешімін күтіп тұр. Осы орайда шаруалар салаға мемлекет тарапынан қолдау аясын кеңейтіп, «Асылтұқымды мал шаруашылығы туралы» заңдағы кейбір кемшілікті ретке келтірсе деген пікірін жеткізіп отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы