«Жасыл ел»: табиғатты түлеткен еңбек

Астанада «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының ХXI еңбек маусымы салтанатты түрде жабылды.

Конституцияның 30 жылдығына орай, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткен жиынды Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүзеге асырлып келеді. Бағдарлама аясында еңбек маусымында жұмыс қарқынды бас­талып, өңір-өңірде мыңдаған жас қоршаған ортаны көгалдандыру, абаттандыру, тазарту жұмысына жұмылдырылады. Жоба шеңберінде еңбекке тартылған жастар тек ағаш егіп, көше сыпырып қана қоймай, табиғатты аялау мәдениетін үйренеді, эко­логиялық көзқарасы қалыптасады. Бұл бағытта елордалық штаб қала тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік маңызы бар жұмыс­тарды атқарып, жаз айларында 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды еңбекпен қам­тып отыр. Астана қаласы бойынша аталған бағдарламаға жыл сайын мыңдаған жас қатысады. Олар көгалдандыру, абаттан­дыру, саябақтар мен мектеп аумақтарын тазалау сияқты жұмысқа атсалысып, туған қаласының көркеюіне бір кісідей жұмылады.

Жыл өткен сайын «Еңбектің наны – тәтті, жалқаудың жаны – тәтті» екенін түсінген жастардың қатары артып келеді. Мәселен, жоба аясында 2022 жылы 1 200-ден астам жастар жұмыспен қамтылған болса, 2024 жылы жазғы маусымда 4 200-ден астам жас еңбекке жұмылған. Биыл 5 200-ден астам жасқа жұмыс берсе, олар­дың қатарында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, соны­мен қатар ата-анасының қамқорлы­ғын­сыз қалған балалар да бар. 

Жобаны іске асыруға 100-ден астам серіктес ұйым атсалысса, олардың қатар­ын­да Bazis Construction ЖШС құрылыс ком­паниясы, «Астана-Зеленстрой» АҚ, және­де бірқатар құрылыс нысандарымен қаламыз­дың барлық бақ және саябақтары, 100-ден астам білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғару оқу орындары еңбек нарығын қыздыра түскен.

– Мемлекет басшысы елімізде биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл – еңбекқор, мақсатшыл, талантты жастардың жаңа бел­естерге жетуіне жол ашар маңызды бастама. «Жасыл ел» – бұл жастардың қаламыздың көгалдандыру мен тазалығын сақтауға, жас ұрпақ бойына патриоттық және эколо­гиялық тәрбие беріп, елдегі жұмыссыздық көлемін азайтуға, еңбек етіп дамуына және көпшілікке өзінің еңбекқор­лығымен біліктілігін көрсетуге үлкен мүмкіндік беретін жоба. Жыл сайын осы бағдарламаны іске асыруға қала жастары мен студенттер, мектеп оқушылары бе­лсенді атсалысуда, – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ерлан Нұрланұлы. 

Жастар сарайында еңбек маусымының жабылу салтанатында жазғы жұмыстарға белсене қатысқан жастардың еңбегі бағаланып, «Үздік топ» аталымы бойынша үш мектеп, атап айтқанда, 56 мектеп-лицейі, 19 орта мектебі және 65 мектеп-гим­назиясы марапатталды. Ал «Үздік ком­ан­дир» және «Үздік жауынгер» аталымы бойынша 14 жасөспірімге алғысхат пен бағалы сыйлық табысталды. Сонымен қатар балаларды осы жұмыстарға жұмыл­дыру­ға қолұшын берген мектеп мұғалімдері де марапатқа ие болды.

Бұл жоба 21 жыл бойы қаншама жасты еңбекке баулып, уақыттың қадірін білуге үйретті, сонымен қатар олар­ға қоршаған ортаның тазалығы мен оны қорғаудың маңызын түсін­дірудегі үлесі зор. Жазғы демалыс мезгілі – жастар үшін тек тынығу уақыты ғана емес, соны­мен қатар ел игілігіне еңбек етіп, табиғатты қорғауға атсалысатын маусым ретінде қалыптасып келеді.

Тілек ҚАБЫЛ