Алматы облысында биылғы тамыз айы өзгеше рухани сер­пін­мен аяқталуда. Себебі дәл осы жылы Қазақстан Рес­­пуб­­ли­касының Конститу­циясына 30 жыл толып отыр. Үш онжылдықта елдің даму жолындағы бас­ты бағдаршам болған Ата Заң мерей­то­йын аймақ тұр­ғын­да­ры ерекше ықы­лас­пен атап өтуде.
Заң үстемдік құрған өңір
4,073
оқылды

Облыстың әр өңірінде мере­келік шаралар толассыз өтіп жатыр. Қонаев қаласында заң саласының майталмандары мен қоғам белсенділері жиналып, Конституцияның ел дамуына қос­қан үлесін талқылады. Жиын барысында «Ата Заң – ел еркін­ді­гінің кепілі» деген ортақ ой ай­тылып, тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктері дәл осы құ­қықтық негіздің арқасында мүм­кін болғаны атап өтілді. Ал об­лыстық кітапханаларда ашылған көрмелерден еліміздің құқықтық тарихын айқындайтын сирек құжаттар мен фотосуреттерді көруге болады. Мерекелік күнде тек ресми жиындар ғана емес, халықтық қуаныш та орын алды. Ауыл-аймақтарда спорттық жа­рыстар ұйымдастырылып, мәде­ниет үйлерінде ұлттық бірлікті дәріптейтін концерттер өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар ха­лықтың өмір сапасын жақсар­туға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасы мәлімдеді. Жоспарға сәйкес, өңір­де 17 жаңа нысан ашылады. Оның ішінде 11 заманауи мектеп, медициналық пункт, мәдениет үйі, халыққа қызмет көрсету ор­талығы, екі өндірістік кәсіпорын және электр желілерін жаңғырту жобасы бар.

Жалпы сыйымдылығы 300-ден 600 орынға дейінгі мектеп­тердің іске қосылуы өңірдегі оқу­шы орын­дарының тапшылы­ғын ай­тарлықтай азайтады. Ал ауылдық елді мекенде салынған медици­налық пункт тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті қолжетімді етеді. Жаңа мәдениет үйі халықтың шығармашылық бастамалары мен қоғамдық өмі­ріне серпін бермек. Сонымен қа­тар автокомпоненттер шыға­ратын өндірістік кешен мен ло­гистикалық қойманың ашылуы жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.

«Конституция – тұрақтылық пен дамудың негізгі тірегі. Бұл мерейтойды біз тек мерекелік іс-шаралармен ғана емес, нақты іс­термен қарсы алып отырмыз. Жа­ңа мектептер, медициналық және мәдени нысандардың ашы­луы – өңірдің болашағына қо­сыл­ған зор үлес», – деп атап өтті Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы.

Мерейтой аясында инфрақұ­рылымдық жобалардан бөлек, өңірде түрлі дөңгелек үстелдер, көрмелер, патриоттық акциялар, экологиялық сенбіліктер және жастардың әлеуметтік желілердегі челлендждері ұйымдастырылуда. Әсіресе, ағартушылық, мәдени және экологиялық бастамаларға, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Конституцияның 30 жылды­ғына орай қолға алынған бұл ша­ралар – елдің негізгі заңын құр­меттеу мен қастерлеудің айқын белгісі ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономи­калық дамуына қосылған ма­ңызды қадам.

Қонаевтағы қуаныш

Жақында Конституциясының 30 жылдығына орай Қонаев қа­ласында жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара барысында көпбалалы отбасыларға, ата-анасынан айы­рылған балаларға және әлеуметтік жағынан осал топ өкілдеріне ар­налған 42 пәтер тапсырылды. Пәтер кілттерін қала әкімі Асхат Бердіханов табыс етті.

«Алдағы жылдары Қонаевта жалпы аумағы 161 мың шаршы метрді құрайтын 72 тұрғын үй бой көтермек. Құрылыс қарқынының жоғары болуының арқасында тұрғын үй кезегі жылдам жылжуда. Облыс орталығы мәртебесін ал­ғаннан бері 193 отбасы баспаналы болды, оның ішінде тек биыл – 108», – деді шаһар басшысы.

Әкімнің мәлімдеуінше, «Қар­лығаш» шағынауданында көпба­лалы отбасыларға, жетім бала­ларға және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға 18 үй берілсе, тағы 24 пәтер кезекте­гілерге үлестірілді. Осылайша, тек Конституция күні 42 отбасы қо­ныстойын тойлады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 200-ден аса­ды деп күтілуде.

Жаңа пәтер иелерінің ара­сын­да екі мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған қала тұрғыны Динара Таурбаева да бар. 

«Қуанышымызда шек жоқ. Еліміз берік болып, Конститу­циямыз бірлік пен үміттің ныша­ны бола берсін», – деп өз риза­шы­лығын білдірді Динара Таурбаева.

Айта кетейік, жаңа үйлер ке­йіннен сатып алу құқығымен бе­ріледі. Алғашқы жарнаны төле­геннен кейін тұрғындар жыл­жы­майтын мүлікті өз атына рәсім­дей алады. Бүгінде Қонаевта 3,8 мың­нан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Пәтер алуға өтініш беру үшін «Отбасы банкінің» филиалына жүгіну қажет.

Ата заң – азаматтың тірегі

Алматы облысы Діни бірлес­тіктер көшбасшылары клубының мүшелері Қазақстан Респуб­ли­касы Конституциясының 30 жыл­дығына орай Бутаков шатқалына арнайы серуен ұйымдастырды. Шараға ислам, католиктік және елуіншілер конфессияларының өкілдері қатысып, мемлекетіміз­дің ең басты құндылықтарының бірі – бейбітшілік пен конфес­сияаралық келісімді дәріптеді. Табиғат аясында ашық пікір ал­масу, достық әңгімелер өрбіді. Қа­тысушылар мерекелік дас­тар­хан басында бірліктің, өзара құрметтің, ортақ құндылықтардың маңызын тағы да айшықтады.

Бұл басқосу діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты ны­ғайтып қана қоймай, қоғам­дағы рухани келісім мен бірліктің Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Конституция күні – баршамызды ортақ мақсатқа, ел игілігі үшін жұмылуға шақыратын ерекше мереке.

Ұлттық заң академиясының академигі, профессор Ермек Бө­рібаевтың айтуынша, қазір бар­лық өңірде Конституциямыздың 30 жылдығы аясында конферен­циялар мен дөңгелек үстелдер, іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ата Заң  –  барлығымыздың тірегіміз. Адамдардың құқтары мен бос­тандықтарын белгілейтін ма­ңызды заң. Қазақстан егемендігін алғалы Конституциямыз екі рет қабылданды. 1993 жылы қабыл­данған заңды «өтпелі Конститу­ция» деп айтамыз. Ал 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың биыл 30 жылдығын атап өтудеміз. Биыл бірнеше мерейтой тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Халқы Ассам­блеясы да 30 жылдығын атап өтті. Келесі жылы егемендік алғанымызға 35 жыл болады екен. Ал Қазақ КСР заманынан есеп­тесек, қазіргі қолданыстағы заңы­мыз – бесінші Конституция. Қа­зақстанның әр азаматының, әр ұйымның басты заңы – Конс­титуция. Бұл деклоративті құжат болмауы керек. Ата заң азамат­тарды қорғайтын нақты заң болып қалуы қажет. 

«1993 жылғы Конституцияда мемлекетіміздің басқару жүйесі парламенттік болып көрсетілді. Жоғары кеңесте бұл заңға қол қойылып, қабылданды. Кейін на­рықтық экономикаға көшкеннен кейін 1995 жылы Жоғары Кеңес тарап кетті. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен жаңа Конс­титуция дайындалды. Осы уа­қыт­қа дейін Ата Заңымызға 6 рет өз­геріс еніп, 1 150-ге жуық толық­тыру жасалды. Соңғы өзгеріс 2022 жылдың қаңтар айынан кейін жасалды. «Президенттік басқару, бірақ мықты парламентпен» деген қағида сақталды. Ең маңызды өзгеріс – Конституциялық Сот­тың қайта жандануы болды. Бұ­рын Конституциялық кеңес бол­ды, бірақ ол жерге ешкім жүгіне ал­майтын. 2022 жылдан бері Конс­­титуциялық сотқа мыңнан астам адам өз өтініштерін түсіруде. Бұл – болашақта демократиялық, құ­қықтық мемлекет болу жолын­дағы ірі бастама»,  – деп атап өтті Ер­мек Бөрібаев. 

Конституция – құр қағаз емес, ол – халықтың тағдырын то­ғыстырған рухани келісім. Алматы облысында өтіп жатқан іс-ша­ра­лардың барлығы осыны айшықтап тұр. Өйткені Ата Заңның ең басты миссиясы – елдің татулығы мен азаматтың еркіндігін қорғау. Биылғы 30 жылдық мерейтой Алматы облысы жұртшылығы үшін тарихқа тағзым ғана емес, болашаққа деген үлкен сенімнің де мерекесі болып отыр.

К.ЕСІМ