Еліміздің негізгі Заңына өзгерістер енгізу туралы мәселені неге Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпыхалықтық референдумға шығаруға шешім қабылдады?
Негізі, қазақстандықтардың өмірі 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға дейін және одан кейін болып екіге бөлінді. Бұрынғы билік моделі өз мүмкіндігін толықтай тауысып болғаны анық байқалды, енді реформалар жасалуы сөзсіз еді. Сондықтан Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауқымды конституциялық реформаны ұсынды.
Реформаның басты идеясы – бүкіл билік Мемлекет басшысының қолында шоғырланған «суперпрезиденттік» республикадан бас тартып, орнына күшті әрі тәуелсіз Парламенті бар, үкіметі халыққа есеп беретін теңгерімді президенттік республикаға көшу.
Конституция – қатып қалған құжат емес. Оның күші мәтінге емес, оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне байланысты. Дамыған демократиялық елдерде де ол уақыт қысымы мен қоғамның сұранысы жағдайында өзгереді. Егер конституциялық реформалар тарихына көз жүгіртсек, елімізде республикалық референдум арқылы Конституция тек бір рет – 1995 жылы қабылданғанын көреміз. Осыдан кейін Конституцияға бес рет түзетулер енгізілді – 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары. Бұл өзгерістер азаматтардың тікелей қатысуына және қоғамдық пікірге сүйенбей, Парламент арқылы қабылданды. Бұл іс жүзінде бір тұлғаның бақылаусыз супербилігіне алып келді.
2022 жылы біз Конституцияны жетілдірудің саналы қажеттілігін бірлесе түсінудің алдында тұрдық. Бұл маңызды, себебі Мемлекеттің негізгі Заңына енгізілген түзетулер тек ауқымдылығымен ғана емес, сондай-ақ мазмұнының тереңдігімен де ерекшеленді. Ондай мазмұнсыз Мемлекет басшысы жариялаған Жаңа Қазақстанды құру үшін толыққанды заңнамалық база жасау мүмкін емес еді.
Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар іргелі сипатқа ие болды. Бұл реформалар қоғамның саяси жүйені демократияландыруға бағытталған ұзақ жылдар бойғы сұранысынан туындап, азаматтарға мемлекеттік шешімдерге ықпал етуге және қазіргі заманғы Қазақстанды құруға тікелей қатысуға мүмкіндік беруді көздеді. Осы тұста, «2022 жылы енгізілген конституциялық түзетулердің қайсысы қоғам өміріне тікелей әсер етті?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Ең алдымен, түзетулер елдегі биліктің ұйымдастырылуы мен өкілеттіктердің қайта бөліну мәселелеріне қатысты жүзеге асырылды. Ал Конституция талаптарын жүзеге асыру үшін бүгін қандай заңнамалық бағыттарды қабылдау қажет дегенге тоқталар болсақ, менің пікірімше, біріншіден, 6-бапқа енгізілген түзету маңызды қадам, бірақ онда белгілі бір толық түсіндірілмеген тұстар бар. Егер болашақта мемлекеттің жер қыртысы мен табиғи ресурстарды халық атынан қалай басқаратыны туралы арнайы конституциялық заң әзірленбесе, бұл норма көркем, бірақ декларативті әрі мазмұнсыз сөз болып қалуы мүмкін.
Мұндай заң мына мәселелерді нақты реттеуі керек: табиғи ресурстардан түсетін табыстар қалай қалыптасатыны, олар қалай бөлінетіні, қоғамның бақылау механизмдері қалай жұмыс істейтіні туралы нақты шешімдер керек. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілер тек мемлекетке ғана емес, халыққа да қызмет етуге тиіс. «Халыққа қызмет ету» принципі Конституцияға енгізілген, алайда заңдарда ол жоқ. Мемлекеттік қызметшілер көбінесе қоғамнан гөрі жүйеге жұмыс істейді. Осыған байланысты «Қазақстан халқының қызметі туралы» жеке заң қабылдау қажет деп есептеймін, ол мемлекеттік аппараттың жұмыс принциптерін қайта құрып, міндетті түрде ашық есептілік, кері байланыс және жауапкершілік механизмдерін енгізуге тиіс.
Осы заң жобасында «құлақ асатын мемлекет» ұғымын нақты анықтау қажет, өйткені ол заңмен реттелмеген. Статистикаға сәйкес, 2024 жылы e-Otinish арқылы 4,5 миллион өтініш тіркелді, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарға түскен сұраулардың үлесі тек 6% болды. Осылайша, халық әділеттілікті әлі де орталық деңгейден іздеп отыр, өңірлік деңгейде емес. Сонымен бірге «тыңдау» деңгейі жоғары болғанымен, халықтың сұрауларына берілген жауаптардың тиімділігі қанағаттанарлықсыз, бұл қайталанған өтініштердің көбеюіне әкеледі. Көп жағдайда нақты шешімдер орнына жауаптар формалды түрде жазылып шығады. Үшіншіден, Қазақстан Республикасының дамуындағы негізгі қағидалардың бірі ретінде көрсетілген 1-баптың 2-тармағына назар аудару қажет деп есептеймін, онда «...бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму...» туралы айтылған. Өмір көрсеткендей, бұл қағида толық орындалмайды, ал оның толық игілігін негізінен олигополистер мен өте бай адамдар пайдаланатынын Президент атап айтып берді. Бірақ мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Мысалы, World Inequality Database деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ең бай 1% халық елдің барлық қаржылық активтерінің 55%-ына иелік етеді, оның ішінде банк депозиттері, жылжымайтын мүлік, бизнес активтері және шетелдік инвестициялар бар. Сол уақытта елдегі орташа халықтың 50%-ы елдің мүлкін тек шамамен 5%-ына ғана иелік етеді. Бұл қолданыстағы заңдардың негізінен жоғарыда аталған бір пайыздық топтың баюына жағдай жасап, соларға бағытталғанын көрсетеді. Яғни, Конституцияның негізгі қағидалары бұзылып отыр деген сөз.
Айта кету керек, ЖІӨ өсімі халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейінің өсуін нақты көрсетпейді. Мысалы, үкіметтің деректері бойынша 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ЖІӨ-сі 6,2%-ға өсті. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Қазақстан посткеңестік кеңістікте жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша көшбасшы болып табылады (14,77 мың АҚШ доллары). Бұл көрсеткіш Ресейдің (14,26 мың АҚШ доллары) және Қытайдың (13,69 мың АҚШ доллары) көрсеткіштерінен де жоғары! Алайда халықаралық өмір сүру сапасы рейтингінде Қазақстан 2024 жылдың қорытындысы бойынша 88 елдің ішінде 77-орында тұр.
Егер 2029 жылға дейін минималды жалақы индексациясыз 85 мың теңге болып қалатын болса, онда ол ЖІӨ-нің жоғарыда аталған көрсеткіштерімен айқын сәйкес келмейді. Осы жағдайдың себебі неде деген заңды сұрақ туындайды. Менің ойымша, бұл барлық үкіметтердің Конституцияда белгіленген негізгі қағидаларды жеткілікті деңгейде сақтамауымен байланысты. Орын алған жағдайды түзету үшін үкіметке қабылданған барлық әлеуметтік-экономикалық бағыттағы заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың өңірлік деңгейде қабылдаған шешімдерін негізгі Заңға сәйкестігі тұрғысынан қайта қарап, өзектендіру қажет.
Конституцияның кейбір баптарына қатысты қарама-қайшы түсініктер мен жүзеге аспаған нормалар да бар, оларды мамандардың зерттеуі қажет. Бұл біздің Конституциямыздың әлеуеті әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Сондықтан заң ғылымы үшін, әсіресе негізгі Заңның басты қағидаларын толығырақ әрі тереңірек ашу мақсатында, нормативтік актілер жүйесін жетілдіру бойынша кеңауқымды жұмыс бар. Сонда ғана заң алдындағы барлық адамның теңдігі туралы норма не үшін жазылған деген сұрақтар туындамайды. Бұл – негізгі қағида, яғни кез келген нормативтік-құқықтық акт құқықтық қатынастар субъектілері үшін ұқсас жағдайларда болжамды, ұқсас және түсінікті салдарларды қамтуы тиіс, ал егер айырмашылықтар немесе ерекшеліктер болса, олар ақылға қонымды сипатта болуы керек.
2022 жылы өткізілген республикалық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер – бұл тек сыртқы өзгерістер емес, саяси жүйенің нақты қайта құрылуы және түбегейлі өзгеріс нүктесі. Көп жылдан бері алғаш рет азаматтарға еліміздің Конституцияның қандай болу керектігін тікелей шешу мүмкіндігі берілді. Мен бұл қадам халықтан шыққан биліктің шынайы Қазақстанды құруға жасаған маңызды қадам деп санаймын. Бүгінде Конституция нормалары декларация болып қалмай, шын мәнінде халықтың өмірін өзгертуі – бәрімізге және өзімізге байланысты.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының Парламенті
Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі