Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы.
Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну ұлтымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналуы қажет –  Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда
508
оқылды

«Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда «Қазақстанның ең қымбат қазынасы  Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғанын еске салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордағы сілтеме жасап. 

Президенттің айтуынша, бұл – әрдайым мүлтіксіз орындалуға тиіс қағида. Осыған орай, нақты реформа жасалды. 

Еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін аса маңызды институт  Конституциялық сот құрылды. Енді азаматтар қандай да бір заң өз құқығы мен бостандығына нұқсан келтіреді деп санаса, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Екі жарым жыл ішінде бұл органның қарауына 11 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл халықтың жаңадан енгізілген конституциялық бақылау институтына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Конституцияға қайшы көптеген норма құқықтық жүйеден алынды. Бұдан былай Конституциялық соттың шешімі мен құқықтық ұстанымы әділдік рухына сай келетін жаңа заңнамалық қолданыстың негізіне айналды,  деді Мемлекет басшысы.

Президент Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті енгізу нәтижесінде азаматтардың мемлекетпен жария-құқықтық қатынастарын реттеу тәсілдері түбегейлі жаңарғанын алға тартты. Кодекстегі жаңа новеллалар арқылы соттардың тек мемлекет мүддесін қорғауға бағдарланған әдепкі ұстанымы жақсы жағына өзгерді. Сот үкімінде субъективтілік азайып, анағұрлым әділетті шешімдер шығарыла бастады.

 Қазіргі статистика азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға қарсы істерде 60 пайызға дейін жеңіске жететінін көрсетіп отыр. Жүргізілген реформалар сот жүйесіне сенімді айтарлықтай арттырды. Судьяларды іріктеу және тағайындау үдерісін әділ әрі ашық етіп, олардың тәуелсіздігін күшейтті. Сот әкімшілігі жетілдіріліп, сот ісін жүргізуді цифрландыру басталды. Бұрын азаматтар іске қатысты шағымдану мүмкіндігі жоқтығына жиі арызданатын. Сондықтан кассациялық соттарды құру және биылғы 1 шілдеден бастап «жаппай» кассация қағидатын енгізу Қазақстанның сот жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Конституциялық реформа нәтижесінде прокуратура органдарының қадағалаушылық құзыреті күшейтілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Еліміздің барлық аймағында өкілдіктері ашылды. Енді Уәкілдің тәуелсіздігі мен иммунитетіне Ата заң кепілдік береді. Бұдан бөлек, Омбудсмен Бас прокурор сияқты Конституциялық сотқа жүгіну құқығына ие болды,  деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы. Бұл – өркениетті және озық қоғамның басты өлшемі. Қоғамымызда заң мен тәртіп сақталмаса, ешқандай жетістік пен ілгерілеу болмайды, бұл – анық нәрсе.

Заңды сыйлайтын ел қашанда берекелі болады. Сондықтан мен әр сөзімде заң мен тәртіптің маңызын ерекше атап өтіп жүрмін. Басқаша айтқанда, бұл  бізге дәстүрлі болмысымызды өзгерту қажет деген сөз. Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну ұлтымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналуы қажет. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі қазіргі таңда аса өзекті. Сондықтан заңды қасақана бұзатын азаматтарға, қоғамдық тәртіпке және тұрақтылыққа кері әсер ететін әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға беріледі,  деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие жұмысын күшейту қажет.

 Балаларға заңдарды қарапайым тілмен түсіндірген абзал. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Жастардың құқықтық санасына отбасындағы тәрбие де зор ықпал етеді. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Ата-ана, мектеп және мемлекет күш жұмылдырып, бала тәрбиесіне баса мән бергені жөн. Сонда ғана заңға бағынатын, өзінің де, өзгенің де құқығына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз. Заң мен тәртіп  Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты,  деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси тұрақсыздық белең алып, технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан кезеңде заңнаманы ұдайы жаңғыртудың маңызы зор екенін айтты. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект мемлекет пен қоғамды өркендетудің мүлдем жаңа ұғымдары мен тәсілдерінің пайда болуына ықпал етті.

 Көптеген елде адамның рөлі мен орны, жалпы оның постгуманистік әлемде тіршілік етуі жөнінде қоғамдық және парламенттік пікірталастар қызу жүріп жатыр. Биотехнологияның жедел дамуы да біраз сұрақ туындатады. Оның салдары күрделі құқықтық коллизияға және қалыптасқан этикалық нормалардың ескіруіне әкеліп соғуда. Заң шығарушылар халықаралық құқық жүйесін қайта құру арқылы өз елінің егемендігін сақтау міндетімен бетпе-бет келеді. Сондықтан конституционализм ешқашан бір орында тұрмайды. Ол заң шығару үдерісімен тығыз байланысты. Алайда оған мүлдем жаңа технологиялық, экономикалық және геосаяси жағдайлар әсер етеді. Бұл мәселені Қазақстанның кәсіби заңгерлер қауымдастығы жан-жақты зерттеп, ұдайы назарда ұстауға тиіс деп санаймын,  деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, Ұлт заңы – Конституциямыздың жасампаздық күші зор. Өйткені Ата заңның әр бабында барша азаматтарымызға ортақ құндылықтар мен біртұтас халқымыздың мақсат-мүддесі бар.

 Конституциялық, саяси, экономикалық реформалардың, халқымыздың орасан зор күш-қуаты мен әлеуетінің, сондай-ақ білім, ғылым және мәдениет саласына салынған ауқымды инвестициялардың арқасында елімізде шын мәнінде жақсы өзгерістер жасалып жатыр. Жақсыны жақсы деп айту керек. Бұл  әділеттілік көрінісі. Оқушыларымыз бен студенттеріміз беделді халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүр. Спортшыларымыз әлемдік сайыстарда жеңімпаз болып, еліміздің мерейін асыруда. Алдына нақты мақсат қойған азаматтарымыздың бәрі білім, ғылым, өнер, бизнес және басқа да көптеген салада табысқа жетуде,  деді ол.

Президент атап өткендей, Қазақстан халықаралық қауымдастыққа ашық мемлекет, бізде интернет  еркіндігі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

 Елімізде бірде-бір желінің негізгі арнасы жабылған жоқ, барлық азаматтарға әлемдік жаңалықтардың көздеріне жол ашық. Біздің азаматтарымыз шетелге еркін барып тұрады. Ал жастарымыз өздері таңдаған университеттерде білім алуда, оларға ешқандай тосқауыл, кедергі жоқ. Осындай мемлекеттік саясат өз жалғасын табады. Көптеген елдің жастары бізді болашағы жарқын мемлекет ретінде таниды, Қазақстанға келгісі келеді, келіп те жатыр. Еліміздің мақсаты – айқын, келешегі – зор. Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел игілігіне қолданатын озық мемлекет боламыз деп белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз,  деді Президент.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.