Осы заң аясында пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) басқарушы компаниялармен қатар басқару субъектісі ретінде танылып отыр.
15 қыркүйектен бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа талаптар күшіне енеді
1,182
оқылды

2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа заң күшіне енеді. Заң тұрғын үйді басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруды көздейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Парламент осы жылдың маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдаған еді. Соған байланысты «AMANAT» партиясының қалалық филиалында пәтер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің кооперативі қызметіне енетін жаңа өзгерістер мен жұмыс істеу тетіктері түсіндірілді.

Осы заң аясында пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) басқарушы компаниялармен қатар басқару субъектісі ретінде танылып отыр. Дегенмен ПИК коммерциялық емес ұйым мәртебесінде қала береді. Олар тек пәтер және тұрғын емес үй-жайлар иелеріне кондоминиум объектілерін басқару қызметтерін көрсету үшін құрылады.

Басқарудың екі негізгі формасы қалады

Жаңа заң бойынша басқарудың тек екі формасы қалады:

  1. Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ)

  2. Тікелей бірлескен басқару (ТББ)

Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп жатыр. Мәселен, «AMANAT» партиясының қалалық филиалында тұрғындар мен ПИК өкілдеріне заңдағы өзгерістер мен басқару тетіктері жөнінде арнайы кездесулер өткізіліп, ақпарат берілуде.

«Тұрғындар аманаты» жобасы

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, заңдағы өзгерістер «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында жан-жақты түсіндіріліп келеді.

«Біз тұрғындардың сұрағын тыңдап, көкейкесті мәселелерді шешуге күш саламыз. Жобаға заң жобасын әзірлеген депутаттар мен сала мамандары да қатысып жатыр. Өңірлерде заң жобасын талқылап, енді меншік мүлік иелері, белсенді тұрғындарға түсіндірме жұмысы жүргізіледі», – дейді М. Болысбек.

Жоба биылғы ақпанда партияның Астана қалалық филиалының бастамасымен басталған. Оның аясында ПИК және меншік иелері өкілдеріне арналған оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастырылды.

Заң түсіндіру үшін Telegram арнасы ашылды

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасын түсіндіру мақсатында «Біздің қала» атты арнайы Telegram арнасы іске қосылған. Депутат тұрғын үйді басқарудың негізгі мақсаты – бос тұрған үйлердің алдын алу екенін атап өтті. Себебі, қараусыз қалған үйлер жылдам тозады.

«Әрбір басқару нысанының өз орны, өз сегменті бар. Бізде көпқабатты үйлер саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан барлық басқару формасына сұраныс жеткілікті», – деді депутат.

Басқарушы компаниялар – кәсіби ұйым болуы тиіс

Смышляева тұрғын үй қорын тиімді басқару үшін кәсіби нарықты дамыту қажеттігін ерекше атап өтті:

«Басқарушы компаниялар – бұл сыпырғыш пен шелек ұстаған мекеме емес. Олар білікті кадрлармен, арнайы құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін кәсіби ұйымға айналуы керек», – деді ол.

Ескі үйлерде, әсіресе 1960 жылдардағы хрущевкаларда, жағдай қиын. Бюджет шектеулі, тұрғындардың төлем қабілеті төмен, қарыз көп. Мұндай үйлерге сыртқы басқарушы компания немесе төмен тарифпен жұмыс істейтін ПИК тиімді.

Ал ірі көпқабатты жаңа үйлерде тұрғындар МИБ құрып, кәсіби басқарушы директор жалдай алады. Мың пәтерлі үйде сантехник, электрик, аула тазалаушысы болғаны тиімді әрі ыңғайлы.

Тарифтер – АЕК негізінде есептеледі

Жаңа жүйеде тарифтер айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланған. Бұл – тек есептеу тәсілінің өзгерісі, тарифтердің міндетті түрде өсетінін білдірмейді.

«Тарифтер АЕК-ке байланысты есептеледі, бірақ бұл олардың өсуін білдірмейді. Жүйелеу және процесті реттеу үшін енгізілген», – деді Смышляева.

Өзгерістер аймақтық деңгейде жүзеге асады

Тұрғын үйді басқаруға қатысты жаңа ережелер Қазақстан бойынша бірыңғай болғанымен, олардың іске асырылуы әр өңірдің ерекшелігіне байланысты жүргізіледі. Бұл ретте мәслихаттар маңызды рөл атқарады.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, 15 қыркүйектен бастап елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа ереже күшіне енеді. Негізгі мақсат – басқару мен есеп жүйесін ашық ету, бос үйлердің алдын алу және тұрғындарға ыңғайлы жүйе қалыптастыру. Жаңа талаптар тұрғындар мен басқарушы ұйымдарға нақты бағыт-бағдар береді және бұл саланы кәсіби деңгейге көтеруге жол ашады.