Адам болмысының өзегі – еркіндік. Адамның еркіндігі мен бостандығы белгілі бір заңдылықтарға тәуелді міндеттерден құралады. Яғни, қоғамда абсолютті еркіндік деген ұғым жоқ. Әр адамның еркіндігі екінші адамның еркіндігі басталатын жерде шектеледі.
Азаттықтың асқақ айбыны
3,920
оқылды

Жалпы, әлемдік философияда еркін­дік туралы бір-біріне қайшы көзқарастар қалыптасқан. Мәселен, ғалым, филосо­фия ғылымдарының докторы академик Досмұхамбет Кішібеков «Еркіндік – жан қасиеті болғандықтан, адамның тұлғала­нуына керек бірден-бір шарт және өлшем» десе, француз философы Дени Дидро «Еркіндік жансыз дүниеге де тән. Әлемде қозғалмайтын зат жоқ. Бәрі қозғалыста, егер кейбір қозғалмайтын зат болса, оны ұстап тұрған кедергінің бар болғаны. Егер сол қозғалмай тұрған заттың кедергісін алып тастаса, ол қозғалысқа түседі. Олай болса, сол қозғалыстың өзі де еркіндік дейді. Демек, адам баласының өмір сүру еркіндігі жан қалауы, қозғалысқа ұмтыл­уы. Оны түрлі кедергімен тоқтату мүмкін емес. Алайда франко-швейцар философы Жан-Жак Руссо «Адам еркіндігінің та­рихта дамуы, табиғи еркіндіктен бастала­ды, бұл жерде тек қана өз жеке басының күшіне байланысты. Келесі сатысы аза­мат­тық еркіндік, бұл келісімшартқа сәй­кес бір адамның өз бостандықтарының бір бөлігінен бас тартуы, себебі ол қоғам­ның басқа мүшелеріне қамқорлығын біл­діреді. Бұдан кейін моральдық еркіндік – еркіндік дамуындағы жоғарғы деңгейі. Осы деңгейде адам «өз-өзіне қожайын» бол­ып шығады, себебі ол «өз-өзіне жазып қойған заңдарды жетекшілікке алады» дейді. 

Демек, адамның ерік бостандығы, қалай десек те, белгілі бір заңдылықтарға тәуелді міндеттерден құралады және бел­гілі бір заңдылықтар негізінде шектеледі. Сол сияқты заң және тәртіп ұғымдары да адамның ерік бостандығына тікелей жау­ап­кершілік жүктейді және жауапкершілік басталған тұста адамның әрекет етуі бас­та­лады. Мұны айтып отырған себебіміз, адам өміріндегі заң мен тәртіп, заң мен адам, адам құқығы мен бостандығы деген ұғымдардың шегі мен шексіздігі қандай деген сұрақтан туындайды. Сондай-ақ адам баласының ерік бостандығына кез кел­ген мемлекеттің Конституциясы кепіл бола алады. Сол сияқты Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясында мемлекет­тің өлшеусіз байлығы халық екені тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Конституцияның 1-бабы 1-тармағын­да «Қазақстан Республикасы өзiн демо­кр­ат­иялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттiк мемлекет ретiнде орнықтыра­ды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бос­тандықтары» деп жазылған. Демек, еліміздің Ата Заңы «мемлекетіміздің өлшеусіз байлығы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенінің кепілі. Яғни, мемлекеттегі бар­лық атқарылған және атқарылуы тиіс мақсат-міндеттер адамның игілігіне, халықтың игілігіне арналған. 

Жоғарыда айтқанымыздай, адамның еркіндік бостандығы табиғи еркіндіктен басталып, азаматтық еркіндікке жалға­сады және моральдық еркіндік деңгейінде өмір сүреді. Сондықтан жер дүниені ме­кен еткен халықтардың, мемлекеттердің өзіндік өмір сүру заңдылығы бар, өз заңы бар. Ол – Конституция. Қазақ елінің Конституциясы – Ата Заңымыздың қа­был­дан­ғанына биыл 30 жыл болды. 1995 жылы бүкіл халықтың талғам-талқысы мен таразысынан өтіп, республикалық ре­ферендум негізінде қабылданған Ата Заңымыз мемлекетіміздің бүгінгі күнге дейінгі даму даңғылындағы барша жарқын істердің қайнар бастауына, темірқазығына айналды.

– Ата Заңымыздың тұтас тұғыры, не­гізгі ұстыны – қазақтың зайырлылық дүниетанымымен үндес. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың ұстанымы мен құқықтық мемлекеттің негізін қалаған қағидаттардың табиғи үйлесімі. Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінде дін, діл, және дүниенің аражігін ажырата отырып, адам құқықтары мен ар-ождан бостандығына құрмет көрсетуге ерекше мән берілген. Сол себепті де Қазақстан Конституциясы зайырлы мемлекет қағи­да­тын негізге ала отырып, әр азаматтың сенім еркіндігіне кепілдік береді. Бұл – еліміздің тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің берік тірегі, – дейді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конститу­ция­лық және азаматтық құқық кафедра­сының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов.

Конституциямыз жылдар бедерінде, уақыт тезінде  тәуелсіздігіміз бен тұтасты­ғымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулық­тың берік тұтқасы болды. Сондай-ақ Кон­с­титуциямыздың адам құқы мен бос­тандығын сақтаудағы рөлі «Адам және адамзат» деген ІІ бөлімінде бекітілген барлық заң негізінде егжей-тегжейлі қа­растырылған десек, қателеспейміз. Он­да­ғы заңдар адамдардың күнделікті өмірінде қолданысқа ие. Атап айтсақ, осы бөлімнің 12-бабының 2-тармағында «Адам құқық­тары мен бостандықтары әркiмге тумысы­н­ан жазылған, олар абсолюттi деп таныла­ды, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актi­лер­дiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп заңның адам мүд­десі үшін қызмет ететіні айшықталған. Мұндағы адам құқы мен бостандығын сақ­таудағы маңыздылығы  жеке басқа қол сұқпаушылық принципі тұрғысынан нақ­ты мазмұнға ие деуге болады. Яғни, Ата Заңымызда айшықталған адам құқықтары мен бостандықтары – жеке тұлғаның әлем қауымдастығы мойындап, халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген, әлеумет­тік және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, ешкім шек қоймайтын немесе тый­ым сала алмайтын құқықтары мен бостандықтары принципіне сүйенеді. Бұл өз кезегінде Конституциямыздағы «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп жаз­ылған қағидамен үндесе отырып,  қо­ғамда әділдік пен сенімділік орнатуға негіз болады. 

Қазақстан Конституция қағидаларына сай демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет саналады. Со­ған сәйкес, құқықтық мемлекетте адам құ­қықтары мен бостандықтары сақтала отырып, ешкімнің заңнан жоғары тұруы­на жол берілмейді. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, лауазымына немесе байлығы­на қарамастан, ол заң алдында тең. Бұл – қоғамда әділ шешімдер қабылдануының, азаматтардың құқықтарының қорғалуы­ның басты шарты. Егер біреу заңды бұзса, ол жауапкершілікке тартылуы керек. Заң үстемдігі тек мемлекеттік органдардың жұ­мысына байланысты емес. Бұл – әрбір азаматтың заңға деген құрметінен, оған бағынуынан басталады. Қоғам мүшелері заңды біліп, оны күнделікті өмірінде ұс­тан­ғанда ғана құқықтық тәртіп орнығады. Бұл – әділетті, парасатты және дамушы қоғамның көрсеткіші саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Заң және тәртіп» страте­гия­лық бағдарын ұсына отырып, қоғамда заң үстемдігінің орнауы әділетті Қазақстан құру­дың негізі екенін айтты. Бұл орайда мемлекеттік заңдылықты сақтайтын және қорғайтын, қоғамға мемлекеттік баян­дау­ды насихаттайтын конституциялық орган ретінде прокуратураға белсенді рөл бері­леді.

– Шынында да, «Заң және тәртіп» тұ-жы­рым­дамасы әділ Қазақстанның идео­ло­гиялық тұғырнамасы. Бұл біздің Конс­титуциямыздың мәнін көрсетеді, онда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары ең жоғары құндылық ретінде танылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық – жақсылық пен әділет­ті­лік өнері» деген сөздің терең мағынасын атап өтіп, «Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет» деп атап көрсетеді. Менің ойымша, бұл идео­логия қоғамдық мұраттардың, әсіресе мә­дени-адамгершілік, моральдық-этика­лық, отбасылық-тұрмыстық, рухани-діни және, әрине еңбек ету, денсаулықты сақ­тау, білім алу құқығы сияқты конститу­циялық кепілдіктердің мызғымастығын сақтауды көздейді. Материалдық игілік­тер­ді, меншікті қорғауды, кәсіпкерлік қызмет бостандығын да жоққа шығаруға болмайды, – дейді Бас прокурор Берік Асылов. 

Яғни, Конституцияның адам құқы мен бостандығын сақтаудағы рөлі Мем­лекет басшысының «Заң және тәртіп» стратегиялық бағдары негізінде беки отыр­­ып, қоғамның игілігіне қызмет ету мүмкіндігін кеңейте түседі. Ал қоғамда заң қорқыныш немесе тыйым салу, шек­теу, жазалау механизмі емес, адам құқық­тар мен бостандықтарының кепілі, әділ­еттілік, теңдік, жасампаздық құралы деген түсінік қалыптастыру мақсаты да Пре­зи­денттің «Заң мен Тәртіп» бағдары­ның нег­ізгі ұстыны саналады. Сондықтан құ­қық­тық сана мен құқықтық мәден­иеттің жоғары деңгейі бар азаматтық қоғамды қалыптастыру процесі жүйелі шаралар мен идеологиялық жұмыстар негізінде қалыптасып, қоғам игілігін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ адам еркіндігінің даму­ындағы жоғарғы деңгей – моральдық еркіндік деңгейінде (Ж.Руссо) адам құ­қық­тары мен бостандықтарының сақ­талуына кепілдік бермек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ