Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында ұйымдастырылған ілкімді іс-шара барысында балаларға оқу құралдары мен кеңсе заттары салынған 100 рюкзак табысталды.
Мұндағы мақсат – отбасыларға нақты қолдау көрсетіп, балаларға шынайы шаттық сыйлау. Оған «AMANAT» партиясы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқынгүл Алдамбергенова, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, партия фракциясының мүшесі Гүлжан Бекенова, акция демеушісі, кәсіпкер Ернар Биіков және оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқынгүл Алдамбергенова аталған акцияның маңызына тоқталып, қатысушылар мен демеушілерге айрықша алғыс білдірді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – әр балаға қоғам тарапынан қолдау көрсетіп, олардың ертеңгі күнге сеніммен қадам басуына жағдай жасау. Табыс етілген сөмкелер – жай ғана оқу құралдары емес, бұл – шынайы қамқорлықтың, ыстық ықыластың және өскелең ұрпақтың баянды болашағына деген сенімнің белгісі. Осындай игі іс-шаралар балалардың жаңа оқу жылын қуанышпен бастап, білімге деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал ата-аналар қауымы болса, қоғам тарапынан қолдау бар екенін сезінеді», – деді Жарқынгүл Алдамбергенова.
Іс-шара барысында мерекелік концерт ұйымдастырылып, белгілі әнші Алма Аманжолова әннен шашу шашты.
Елнар ЕЛТАЙ