Қарағанды облысы Балқаш қаласында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты қалалық полиция бөлімімен бірлесіп «Есірткіге жол жоқ!» акциясын ұйымдастырды.
Есірткіге жол жоқ акциясы
4,604
оқылды

Іс-шараның басты мақсаты – нашақорлық мәселесіне қоғам назарын аудару, жастардың бойында есірткіге қарсы төзімділік қасиетін қалыптас­тыру және салауатты өмір салтын нығайту.

Акция барысында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, тұрғындарға ақпараттық материалдар таратылды. Бұл ретте оқушылар мен студенттерге ерекше назар аударыл­ғанын айта кеткен жөн. Себебі олар  қауіп-қатерге бейім ең осал топ саналады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметін­ше, 2025 жылы алғашқы бес айда Қа­зақстанда 1 400-ден астам есірткі қылмысы анықталып, 4 тоннадан астам тыйым салынған заттар тәркіленді. Сарапшылардың пікірінше, шамамен 17 мың адам нар­кологияда есепте тұр. Алайда есірткі тұ­тынушылардың нақты саны одан да жоға­ры. Ұйымдастыру­шылардың айтуынша, нашақорлық – барлық отбасының алдын­да тұрған нағыз қасірет.

«Бүгінде нашақорлық тұтас ұрпақ үшін нағыз сынақ болып отыр. Оның алдын алу – тек полиция қызметкерлерінің немесе дәрігерлердің ғана міндеті емес. Бұл – баршамызға ортақ парыз. Егер ата-аналар, мұғалімдер, белсенділер және мемлекет бірлесіп әрекет ететін болса, жастар жат әдетке тәуелділіктен сақтана алады. Біздің міндетіміз – жастарға балама жол ұсыну: спорт, білім, шығармашылық», – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты Балқаш қалалық филиалының төрағасы Әбен Әлібек.

Елнар ЕЛТАЙ