2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 86 мыңнан астам адамды тартқан 36 қаржы пирамидасына тосқауыл қойылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратумен айналысқан 7 мыңнан астам интернет-сайт бұғатталған. Бұл көрсеткіш қаржы нарығында әлі күнге дейін түйіні тарқамаған мәселенің көптігін, оңай олжаны көздеген алаяқтар айласын емін-еркін іске асырып жүргенін көрсетеді.
Қайырымдылықтың атын жамылған
Жылдам табыстың арбауына түскен қараша халық Алматыда да аз емес. Мәселен, шаһарда жыл басынан бері қаржы пирамидаларынан 1 мыңнан астам адам зардап шеккен. Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиұлының сөзінше, осыған дейін қаржы пирамидасын ұйымдастырған 10 алаяқтық жоба қызметі тоқтатылған. Олардың арасында өзін қайырымдылықпен айналысатын тұрғын үй бағдарламасы ретінде таныстырған «Үйлі болайық» атты жалған әлеуметтік жоба да бар. Қайырымдылықтың атын жамылған топ 515 салымшыдан 50 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған. Қазір қаржылық пирамидамен айналысқан 6 қылмыстық іс сотқа жолданыпты. Сабырғали Балғалиұлы мұндай алаяқтық жүйеге адам өз еркімен және заң аясынан тыс кіретінін, сондықтан салған ақшаны қайтаруға ешкім кепілдік бермейтінін ескертті.
Макроталдаушы, MBA Аягөз Ханет кейінгі жылдары қаржы пирамидалары бүкіл әлемде қарқынды дамып кеткенін, бұған бірден-бір әсер етуші фактор – сандық платформалар мен онлайн төлем жүйелерінің кеңінен қолданылуы екенін айтады. Оның дерегінше, «Қаржы тұтынушыларын қорғау: сандық дәуірдегі саясат әдістері» атты зерттеуде сандық дәуірде адамдардың мүмкіндіктері артты, алайда оған қоса жаңа сын-қатер де әкелді: алаяқтық, деректерді ұрлау, жеке деректердің құпиялығының бұзылуы және сандық алаяқтықтың жаңа формалары шықты деп атап көрсетіледі. Бұл құбылыс пирамидаларды анықтауды және тоқтатуды қиындатады, өйткені олар көбіне бақылау аймағынан тыс онлайн платформалар арқылы жұмыс істейді.
– Пирамидалар көлеңкелі экономикадағы ақша айналымын арттырады. Нәтижесінде, ақша айналымы бақылаудан тыс қалып, бұл жағдай қаржы жүйесінің тұрақтылығына және макроэкономикалық саясаттың тиімділігіне қауіп төндіреді. Қаржы нарығында қысқамерзімді дағдарыстар тудырады. Олар инвестициялық ағындарды бұзып, бағалы қағаздар мен депозиттік жүйелердің тұрақтылығын төмендетеді. Нәтижесінде, нарықтағы құбылмалылық артып, экономикалық шешім қабылдауды қиындатады. Халықтың заңды қаржылық институттарға деген сенімін азайтады. Зерттеулер көрсеткендей, дамушы елдерде қаржы пирамидалары көбейген сайын халықтың банкке сенімі азайып, депозиттер баяу өседі немесе төмендейді екен, – деді макроталдаушы.
Пирамиданы ұйымдастыратын кімдер?
Елімізде жиі кездесетін алаяқтық схемаларға көбіне күмәнді инвестициялық жобалар, жасырын пирамидалар, «серіктестік бағдарламалар» мен жоғары кірісті уәде ететін онлайн-платформалар кіреді. Аягөз Ханеттің айтуынша, елімізде қаржы пирамидаларына ақша құйғандардың басым бөлігі – орта жас шамасындағы азаматтар. Себебі олардың қалтада қаражаты бар болғанымен, инвестициялық тәжірибесі шектеулі. Сондай-ақ егде жастағы адамдар да алаяқтардың арбауына жиі түсіп жатады. Өйткені олар әлі ғаламтордағы түрлі схеманы түсіне бермейді, адамдарға сенгіш болып келеді.
– Халықаралық зерттеулер мен Қазақстандағы практикалық жағдайға сүйеніп айтар болсақ, қазіргі заманғы пирамидалар әдетте жаңа мүшелердің қаражаты есебінен кіріс табу принципімен жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар негізінен кәсіби IT-мамандар, психологтер және сөзге шешен адамдар болады. Олар пирамидаларды насихаттау үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді, сондай-ақ белгілі адамдардың беделін пайдаланады. Пирамиданың құрбандары көбіне қаржы сауаты төмен, инвестициялық тәуекелдерді дұрыс бағалай алмайтын адамдар. Олар тез пайда табуды көздейді, қысқамерзімді кіріс көзін іздейді және таныстардан, блогерлерден немесе интернеттегі жарнамадан алынған ақпаратқа сенуге бейім болып келеді. Гендерлік факторға келсек, алаяқтарға әйелдер де, еркектер де бірдей алданады. Криптовалютаға және онлайн инвестициялық жобалар арқылы ұйымдастырылған схемаларға көбіне жастар қызығушылық танытады, – деді ол.
«Сенім желісі» әсер етеді
Елде пирамидалардың кең таралуына бірнеше әлеуметтік-экономикалық фактор әсер етеді. Макроталдаушы соның ішінде қазір белең алып отырған, көптің қалтасынан қағылуына жиі себеп болған негізгі төрт факторды атап көрсетті.
– Ең алдымен, мен «сенім желісі» факторын атар едім. Қаржы пирамидалары, ең алдымен, таныс-тамыр арқылы таралады. Оған қоса, кейінгі жылдары әлеуметтік желі мен танымал блогерлердің қатысуымен де кең таралып отыр. Адамдар көбіне өз достары мен туыстары арқылы ұсынылған инвестициялық схемаларға сенеді. Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Талердің «шектеулі рационалдық» тұжырымы бойынша адамдар шешім қабылдауда барлық ақпаратты өңдей алмайды, тек қолжетімді немесе көзге көрінетін бөлігін ғана ескереді екен. Демек, Қазақстанда адамдар пирамидалардың уәде еткен жоғары кірісіне қызығып, толық тексерусіз сенеді. Олар схеманың нақты қаупі мен ықтимал шығындарын ескермей, тек таныстарынан немесе танымал блогерлерден алған ақпаратқа сүйенеді. Алайда бұл когнитивтік қате (herd behavior). Мұндай механизм пирамидалардың заңсыз екенін түсінген адамдардың өздері ескерту жасап үлгермей тұрып, жаңа қатысушыларды тартуға мүмкіндік береді, – деді маман.
Present bias феномені
Мамандар жиі ескертіп дабыл қағатын екінші фактор – қаржылық сауаттың төмендігі. Бұл – қарапайым азаматтардың басты әлсіз тұсы. Олар инвестиция мен жинақ ұғымдарының айырмашылығын жете түсінбегендіктен, жоғары табысқа уәде беретін күмәнді ұйымдарға сенім білдіреді. Одан өзге әлеуметтік ортаның ықпалы да бұл құбылысты күшейте түспек.
– Адамдардың пирамидаларға қызығуының тағы бір себебі – present bias, яғни кешігетін сыйақыға төзбеушілік феномені. Бұл – үшінші фактор. Аталған тұжырым адам шешім қабылдауда жақын болашақтағы пайданы алыс болашақтағы табысқа қарағанда жоғары бағалайтынын көрсетеді. Пирамидалар қысқамерзімді кіріс уәде етеді: бірнеше апта немесе ай ішінде салымшыларға пайда береді. Ал ұзақциклді инвестициялар тек бірнеше жылда табыс әкеледі. Сол себептен present bias әсерінен адамдар пирамидалардың қауіпті екенін біле тұра, жылдам пайдаға қызығады. Бұл феномен экономикалық контекстпен де үйлеседі. Инфляцияның жоғары деңгейі, жұмыссыздық, табыс айырмашылықтары сияқты факторлар адамдарды «қазір тез ақша тапсам, бүгінгі қажеттілігімді жабамын» деген ойға итермелейді, – деді А.Ханет.

коллаж: Елдар ҚАБА
Макроталдаушы төртінші фактор ретінде алаяқтықты алдын алу бойынша инфрақұрылым мен құқықтық жүйенің әлсіздігін алға тартты. Қазақстанда қаржы пирамидаларын тоқтатудағы негізгі қиындықтардың бірі – сот жүйесінің ұзаққа созылуы, тергеу процестерінің бюрократиялық кедергілер негізінде баяулауы, сондай-ақ жауапкершіліктің болмауы. Аягөз ханым бұл факторлар билік органдарына шара қолдануға мүмкіндік бермей, керісінше, схемалардың ұзақ уақыт жұмыс істеуіне жағдай жасайтынын атап өтті.
Кедейліктен жылдам табысқа құмартады
Ал экономист Әйгерім Рысбаеваның сөзінше, пирамидалардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне елдегі кедейлік пен әлеуметтік теңсіздіктің өсуі де айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл азаматтардың материалдық жағдайын тезірек жақсарту үшін тәуекелді схемаларға, «оңай әрі жылдам табыс» табуға итермелейді.
– Халықтың 40%-дан астамы айлықтан айлыққа күн көреді. Соның салдарынан көптеген отбасы қаржы тапшылығын сезінеді. 2024 жылы интернет-алаяқтықтың 22,9 мыңнан астам фактісі тіркеліпті. Бұл бірнеше жыл бұрынғыдан бірнеше есе көп. Онлайн-жарнама, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер мыңдаған адамды жылдам тартуға мүмкіндік беріп отыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 42 пирамида жойылып, азаматтарға келтірілген шығын 20 млрд теңгеден асты. Иә, қомақты қаражат. Бұл мәселенің ауқымдылығын көрсетеді. Бұдан бөлек, қаржы пирамидаларының кең таралуы елдің беделіне нұқсан келтіріп, шетелдік инвестициялар үшін тартымдылығын төмендетеді, – деді сарапшы.
Кейінгі жылдары қаржы пирамидаларының көбеюі азаматтардың жеке қаражатына ғана емес, жалпы экономикалық тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп отыр. Мұндай алаяқтық схемалар қоғамда сенім дағдарысын қалыптастырып, қаржы институттарының иммиджіне нұқсан келтіреді. Сарапшылардың айтуынша, бұл құбылыс жеке шығындармен шектелмей, ұлттық қаржы жүйесіне деген қоғамдық сенімді әлсіретуі ықтимал.
– Азаматтар пирамидалардан зардап шеккен соң, олар бүкіл қаржы жүйесіне күдікпен қарай бастайды. Олар үшін банктің депозиттері, инвестициялық қорлар немесе сақтандыру компаниялары да «қауіпті» болып көрінуі мүмкін. Бұл халықтың жинақ ақшасын қолма-қол ұстап, ресми қаржы арналарын айналып өтуге әкеліп соғады, – деді Ә.Рысбаева.
Сөз соңында экономист алаяқтықтан қорғау үшін қаржылық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдарын тізіп өтті.
– Біріншіден, құқықтық жауапкершілікті күшейту, яғни ұйымдастырушыларға қатаң жаза қолдану, интернет арқылы жасалған қылмыстарды жедел анықтайтын арнайы бөлімшелер құру қажет. Екіншіден, қаржылық қадағалауды арттыру. Бұл дегеніміз, халықтан қаражат тартатын барлық ұйымды лицензиялау, олардың қызметін қатаң бақылау. Үшіншіден, қаржылық сауаттылықты көтеру. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және тренингтер арқылы халыққа қарапайым тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, алаяқтық түрлерін, пирамида белгілерін анықтайтын шағын бейнероликтерді көбірек көрсету. Төртіншіден, ынтымақтастықты кеңейту. Банктер, интернет-платформалар, телеком-операторлар және халықаралық ұйымдармен бірлесе әрекет ету, – деді экономист Ә.Рысбаева.
Дегенмен мемлекет тарапынан заңнамалық бақылау мен алдын алу шаралары күшейтілгенімен, жеке адамның жауапкершілігі артпайынша, мәселе түбегелі шешімін таппайды.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы