Елімізде экстрасенстердің, көріпкелдердің, астрологтардың, нумерологтардың және осы бейіндегі басқа да мамандардың көрсететін қызметтерінің көрінетін ақшалай көлемі күрт өскен.
Қалта қаққан қара бизнес
4,976
оқылды

2024 жылы сиқыршылар мен көріпкелдер мемлекетке жалпы сомасы 2,9 млрд теңгенің қызмет көрсетуі туралы есеп берді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 75 есе көп. Бұл – соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

BNS есептерінде мұндай мамандардың қызметтері екі түрге бөлінеді: экстрасенс­тердің қызметі және астрологтардың, рух­аният­шылардың, көріпкелдердің қызмет­тері. Біздің елде дәл екінші санатта көрсет­іл­ген қызметтер көлемінің айтарлықтай өсуі бай­қалады. Олардың үлесіне жалпы көлемнің 92,3 пайызы немесе 2,7 млрд теңге тиесілі. 

Әрине, көрсеткіштер осынау көлеңкелі қызмет нарығының нақты бейнесін көрсет­пейді. Олар «сиқырлы бизнесін» заңды түр­де жүргізгісі келетіндер мен есеп берген­дер­дің қаржылық ағынын ғана көрсетеді. Қа­зақ­станда емшілердің, сиқыршылардың, көріп­келдердің қызметі реттелмегеніне және лицен­зияланбағанына қарамастан, олар заңды түрде жұмыс істеп, салық төлей алады. 

Көріпкелге кім көп барады?

Әлеуметтанушы Төлеу Темірланның айту­ынша, халықтың неліктен көріпкел­дерге баратынын бірнеше себеппен түсін­діруге болады.

– Бүгінгі қарбалас өмірде белгісіздік пен тұрақсыздық – адамдарды көріпкел­дерге жүгінуге итермелейтін негізгі себеп­тердің бірі. Бүгінгінің экономикалық дағ­дарыс, әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық сияқты түйткілдері халықты балама жол іздеуге мәжбүрлеп отыр. Кейбір адамдар үшін көріпкел эмоциялық қолдау мен үміт беретін тұлға сияқты болып көрінеді. Тіпті, мұндай қызмет психологиялық терапияның орнын басып, мәселенің оңай шешілу жол­ын ұсынады. Сонымен қатар білім деңгейі, әсіресе сыни ойлау қабілеті үлкен рөл ой­най­ды. Бірақ, жеке менің ойымша, кеңестік дәуірде діни институттар шектелгенде, адамдар рухани қажеттіліктерін бейресми институттар – балгерлер, көріпкелдер арқылы қанағаттандырғандықтан кең тараған деп ойлаймын, – дейді әлеуметтанушы.

Ал психология ғылымдарының док­торы Балабек Сақтағановтың сөзінше, адам қиындыққа тап болғанда жеңіл жолды іздеуі – жиі кездесетін құбылыс.

– Адам өмірінде ауыр дертке шалдық­қанда немесе тығырыққа тірелген сәтте пси­хикасы өзгереді. Әсіресе, «осы аурудан айықпасам ше, өліп қалсам ше?» деген үрей адамды ойланбай әрекет етуге итермелейді. Мұндай сәтте рационалды ойлау әлсірейді де, мистикалық дүниелерге сенім артады. Сол себептен көпшілік көріпкел мен бал­герге барып, одан үміт күтеді.

Бұған қоса, қоғамда «Қазақстандағы меди­цина дамымаған, ал шетелдікі әлде­қай­да мықты» деген стереотип бар. Бұл да сенімсіздікті күшейтеді. Ал дәрігерге бар­ған кезде анализ тапсыру, нәтижесін күту, диагноз қою, дәрі жаздыру сияқты бірнеше кезеңнен өту керек. Мұның бәрі уақыт ала­ды, науқастың шыдамын сарқып, жүйкесін қажытады. Ал көріпкелге бару әлдеқайда жеңіл. Кірдің, сұрақ қойдың, бірден жауап алдың. Бұл адамдарға уақытша болса да тыныштық сыйлағандай әсер қалдырады. Психологияда мұны «когнитивті дис­сонанс» деп түсіндіреміз. Яғни, адам өз ішкі қорқынышы мен белгісіздік сезімін басу үшін сырттан «жылдам жауап» іздейді. Бірақ бұл – қауіпті құбылыс. Себебі көріп­кел­дерге тым жиі жүгінген адам ақырында олардың сөзіне тәуелді болып қалады. Бұл – эмоциялық тәуелділік. Мұндай жағ­дайда адам өзінше ойлап, нақты әрі дұрыс шешім қабылдауда әлсіздік танытады, – дейді психолог.

Сиқырлы қызметтің бағасы «сойқан»

Қазақстандағы «сиқырлы қызметтің» бағасы әртүрлі. Бұл саладағы құн көбіне қызмет көрсетушінің өзіне, яғни оның аты шық­қан беделі мен жеке брендіне тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, кімнің жарнамасы мықты, соның бағасы қымбат. 

Бірінші санатқа агрегаторлық портал­дарда, электрондық анықтамалықтарда және әлеуметтік желілерде өз қызметін ұсын­атындар кіреді. Мұнда емшілердің, көріп­келдердің, таро картасын ашушы­лар­дың, нумерологтардың жарнамалары сам­сап тұр. Көбіне мұндай хабарландыруларда қызмет көрсетушінің аты-жөні де көрсетіл­мейді. Тіпті, пікірлер, қызметтің нақты си­пат­тамасы немесе кәсіби тәжірибесі ту­ра­лы дерек те жоқ. Барлығы қысқа жарнама мәтіні мен байланыс нөмірімен шектеледі.

Астана қаласының тұрғыны Аяжан Дәу­ітова соңғы кездері осындай кофехана­лар­дың көбейіп кеткені жайлы пікір біл­дірді.

– Соңғы кезде елордада «карма кофе­ха­налардың» көбейгені қатты байқалады. Әлеуметтік желіден құрбыларымызбен бір­ін көріп, қызығып барып көрдік. Баға­лары әртүрлі екен: мәселен, бір мәселені шешкіңіз келсе – 5 мың теңге, екі мәселе  10 мың теңге болып кете береді. Ол жерде ал­дағы 6 айға жоспарыңызды тыңғылықты айтып береді екен. Алғашында жай естіп жүрдім, бірақ кейін өзім де қызығып, алты айға болашағымды болжаттым. Рәсімнің тәртібі қарапайым: түрік кофесін ішесіз, ке­сені төңкеріп қоясыз, сосын кезекке тұр­ып, болжам аласыз. Ол жердегі бал ашатын қыз славян ұлтының өкілі болды. Келуші­лер­дің қатары өте көп. Өз кезегімді алу үшін екі сағаттай күттім. Маған алты айға жоспар құрып берді. Бірақ бір ескерткендері – осы уақыт ішінде басқа тәуіпке бармауым керек екен, – дейді Аяжан Дәуітова.

Екінші санаттағыларға аты танымал, жеке уеб-сайттары бар көріпкелдер мен сиқыршылар жатады. Олардың арасында түр­лі телебағдарламаға қатысып, халыққа танылғандары да бар. Мұндай мамандарға сұраныс жоғары болғандықтан, қызмет құны да бірнеше есе қымбат.

Мәселен, зиянды жоюға арналған сиқырлы рәсімнің бағасы 30 мың теңгеден басталады. Бұл – тек ең қарапайым нұсқа. Ал күрделі мәселелер әлдеқайда қымбатқа түс­еді: нашақорлықтан арылту – 250 мың тең­ге, отбасынан кеткен жұбайды қайтару – 500 мың теңге. Көріпкелдер тек жеке өмірге  емес, бизнеске де көмек көрсетеді. Бір жыл­­ға бизнесті жолға қою шамамен 400 мың теңге тұрады. Ал мүлік сату кезінде си­­қырлы көмек көрсету құны келісімшарт сомасының 10 пайызын құрайды.

Бұл сегменттегі ең қымбат қызмет – дес­труктивті, яғни «қара сиқыр» рәсімдері. Мұндай әрекеттердің бағасы 1 миллион тең­геден басталып, одан әрі өсе береді. 

Көріпкелдер мен балгерлердің сөзіне сеніп, олардың қызметіне жүгіну уақытша тыныштық сыйлағанымен, түбінде нақты шешім бермейді. Әсіресе, бағасы шарықтап тұрған мұндай қызметтер қарапайым жұрт­тың қалтасын қағып, алдап-арбауға әкелуі мүмкін. Сондықтан да қоғамға сапалы біл­ім, қолжетімді медицина және кәсіби пси­хологиялық көмек ауадай қажет. Шынайы өмірлік мәселелерді шешудің жолы – ғы­лым мен білімде, ал «сиқырлы» жолдың түбі үмітсіздікке соқтырады.

Әсет ҚАЛИ