Соңғы жылдары инвестиция кәсіби қаржыгерлердің емес, қарапайым азаматтардың да күнделікті дағдысына айналды.
Есепке ерген ұтады
4,625
оқылды

Смартфон мен мобильді қосымша арқылы кез келген адам үшін қор нарығына жол ашық. Алайда осы қолжетімділіктің көлеңкесінде FOMO атты жаңа құбылыс бой көрсетіп келеді. Fear of Missing Out, яғни «мүмкіндікті өткізіп алу қорқынышы» дегенді білдіретін бұл термин – қазақша айтқанда, басқалар пайда тауып жатқанда өзің қалып қоямын ба деген уайым. Әлеуметтік желідегі «жылдам байығандардың» әңгімелері осы үрейді күшейтіп, көпшілікті есептен гөрі эмоцияға сүйеніп қадам жасауға итермелейді. Нәтижесінде, қып-қызыл пайдаға кенелем деп, керісінше, қып-қызыл шығынға ұшырауың бек мүмкін.

Қазақстандық жеке инвесторлар ара­сында BCC Invest пен «Робокэш.кз» жүр­гізген зерттеу бірқатар қызық дерек­тер­ді ашты. Сауалнамаға қатыс­қан­дар­дың 34,8%-ы өз стратегиясынан айны­май, эмоцияға ермейтінін айтқан. Ал 43,5%-ы кейде FOMO-ға тап бол­ға­ны­мен, сезімін бақылауда ұстайтынын жет­­­­кізді. Тағы 13%-ы бұрын табыстан қа­­лып қоямын деп қатты уайымдайтын, бір­­ақ уақыт өте келе салқынқанды болу­ды үйренген. Ал 8,7%-ы әлі де «пайдадан айырылып қалам ба» деген қорқы­ныш­пен активті көбіне ең қымбат кезінде са­тып алатынын мойындады. Бұл көр­сет­кіштер FOMO-ның қазақстандық ин­вестиция әлемінде сирек емес, ке­рісінше көптеген инвестордың қа­да­мы­на ықпал ететін маңызды психологиялық фак­тор екенін аңғартады.

FOMO – бұл адамды табыс әкелуі мүм­кін кез келген трендтен қалмауға итер­мелейтін иррационалды құбылыс. Әсіресе, әлеуметтік желілердің ықпалы­мен бүгінде FOMO алапат күшке ие болып кетті. Мәселен, біреу крипто­валю­тадан немесе қор нарығынан бірне­ше айда капиталын екі еселеп алғанын жа­рияласа, өзгелерде бірден: «Мен де үл­геріп қалсам ше? Қазір салмасам, ер­тең кеш болмай ма?» деген ой туады. Жап­пай инвестициялау осылайша жал­ған қауіпсіздік сезімін тудырады: «бар­лығы кіріп жатса, демек дұрыс» деген иллюзия пайда болады. Ал шын мәнінде, жоспарсыз әрекет еткендерді нарық аяй қоймайды.

«FOMO көбіне нақты стратегиясы жоқ, әлеуметтік желілерден тез дофамин алуға бейім адамдарды қыспаққа алады. Бұл – жай ғана сауатсыздық емес, ол цифр­лық үрейшілдік пен қаржылық дайын­дық жоқтығының қосындысы. Со­ның салдарынан адамдар тек ақша­сынан емес, өз мақсаты мен бақылауынан да айырылады. Оларда табыстан құр қа­лып қою үрейі шығынға ұшырау қор­қы­нышынан басым», – дейді Vitis ин­вестициялық қорының басқарушы ди­рек­торы Ольга Эм. Сарапшының пі­кірін­ше, мұндай мінез-құлық негізінде белгілі бір қаржылық нәтижеге емес, ста­тусқа ұмтылу ғана жатыр.

Ал бизнес-жаттықтырушы Ақжүніс Бра­силова FOMO-ны «эмоциялық ви­рус» деп атайды. Оның айтуынша, бұл құ­былыс адамдардың үнемі «ойынның ішін­де болу», осылайша жұрттан артта қал­мау қажеттілігін пайдаланады. «Бұ­рын қаржылық стратегия «барды сақтап қалу­ға» негізделетін. Ал қазір әлеуметтік же­лілер көп ақшаға, шексіз мүмкіндікке ұм­тылуды қалыптастырды. «Жұмыс істе­мей-ақ бәріне үлгеретін» табысты бей­нелер желіде өріп жүр. Біз онда жеңі­лісті емес, тек жеңісті көреміз. Сөйтіп адам­дар тәуекелді қауіп ретінде емес, мүм­кіндік ретінде қабылдай бастайды», – дейді ол.

Психолог Надия Бөкейханова бұл құ­бы­лысты адамның жүйке жүйесі тұр­ғысынан былайша түсіндіріп берді: «Бұ­рын қорқыныш, мысалы, үйден, жұ­мыстан, денсаулықтан айырылу деген нақ­ты бір нәрселермен байланысты бо­латын. Ал бүгінгі ең басты қорқыныш – мүмкіндікті өткізіп алу. Бұл – абстрактілі, бірақ әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды. Әлеуметтік желідегі тұрақты салыстыру адам­ның ішкі бағалау жүйесін әлсіретеді. Қазір ақшаның жоқтығы емес, «ешкім бол­май қалу» қорқыныштырақ. Көп адам: «Айналамдағылардың бәрі жетіс­тік­ке жетті, ал мен ше?..» деп қиналады. Бұл сәтте адамның денесі тура үрей бу­ған­дай әрекет етеді: бұлшық ет құ­ры­сады, тыныс алу жиілеп, назар ша­шы­рай­ды. Бұл – саналы таңдау емес, бұл – «топтан қалып қоймау» үшін болатын ішкі ар­палыс. Клиенттерімнен де осыны көре­мін: олар шынымен инвестиция жаса­ғысы келгендіктен емес, «қазір қимыл­дамасам, соңғы мүмкіндігімді жіберіп алам ба» деген қорқынышпен келеді. Бұл – күйзеліс жағдайында кортизолдың ық­палымен жұмыс істейтін жүйке жүйе­сінің реакциясы», – дейді маман.

Ендеше бұл қатерден қалай сақтан­бақ ләзім? Бизнес-тренер Ақжүніс Бра­си­лованың айтуынша, қаржылық «тренд» пен жай ғана қысқамерзімді «сән­нің» айырмасы бар: «Тренд – эко­номикадағы, технологиядағы немесе тұ­тынушы әдеттеріндегі терең өзгеріс­тер­ге сүйенеді. Оның тірегі берік, ұзақ­мерзімді факторлармен негізделеді. Ал «сән» найзағайдай жылдам пайда болып, қауе­сет пен дүрлігуге, әдемі уәделер мен жа­лынды сөздерге сүйенеді. Егер бір идея шектен тыс «әсем» көрініп, жұрт жап­пай соған ұмтылса – ол тренд емес, уа­қытша «сән». Шынайы тренд әлеу­мет­тік желілер үнсіз қалған күннің өзінде өмір сүре береді», – дейді ол.

Қорытындылай келгенде, инвес­тиция тек пайда табудың емес, ең әуелі жауапкершілік пен салқынқанды шешім қабылдаудың алаңы екенін ұмыт­пауы­мыз керек сияқты. Қаржы әлемінде ең үлкен күш – өз стратегияңа адал болу, эмо­цияны емес, есепті тыңдау. Тек сол кез­де ғана инвестиция қорқыныш емес, се­нім сыйлайды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ