Санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Бұл шақта ағарту саласының мамандары алдағы жоспар мен мақсат-міндеттерді айқындайтыны белгілі.
Ұстаз – бала жанының бағбаны
5,895
оқылды

Биыл Жамбыл облысында тамыз кеңесі «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» ұранымен бастау алып, кең көлемде аталып өтті.

Атап айтсақ, ауқымды шараға Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, Оқу-ағарту бірінші вице-ми­нистрі Майра Мелдебекова, құқық қор­ғау органдарының және басқарма бас­шы­лары, Тараз қаласы мен аудан әкім­дерінің орынбасарлары, ЖОО ректор­лары, арда­гер ұстаздар, ҮЕҰ өкілдері мен ата-аналар қауымы қатысты.

«Баласағұн» мәдениет үйінде өткен конференцияның алдында мектепке дей­інгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Жиында алғаш болып  Оқу-ағарту бірінші вице-мин­истрі Майра Мелдебекова құттықтау сөз сөй­леп, мем­ле­кет тарапынан ұстаздарға көрсетіліп жат­қан қолдауларға тоқталды. Сондай-ақ жаңа оқу жылының басты бағыттарын түсіндірді.  Ал облыс әкімі Ербол Қара­шөкеев ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздардың алатын орны ерек екенін баса айтты. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттың жаңа болмысы білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жо­ғары, ең бастысы – адал азаматтар ар­қы­лы қалып­тасады» деген болатын. Бү­гін­гі білім сала­сының алдында – осын­дай жан-жақ­ты, ұлттық және адам­заттық құндылық­тарды бойына сіңірген тұлғаны тәрбиелеу мін­деті тұр. Ол үшін ұстаздар тек пән үйретуші  емес, адамгер­шіліктің шамшырағы, ру­хани кемелдік­тің темірқазығы болуы тиіс. Тәуелсіз елі­міздің ертеңі мектеп қабыр­ғасында қалыптасады. Сондықтан әр бала – ұлт­тың үміті, әр ұстаз – сол үміттің бағ­ба­ны, – деді аймақ басшысы.

Жалпы, биыл өңірдің білім саласын дамытуға 344,3 млрд теңге бөлінген. Қазір 26 білім беру нысанының құрылы­сы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 білім ұясына жапсарлас соғылған ғимарат пайдалануға беріледі. Ал 2026 жылы тағы 11 нысан оқушыларға есігін айқара ашпақ. 

Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданының Қара­кемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық, сондай-ақ Тараз қаласында 600 балаға шақталған жаңа мектеп пай­да­лануға берілмек. Бұдан бөлек, Прези­дент тапсырмасына сәйкес 10 мектеп қайта жаңғыртылуда.  Жаратылыстану, робото­тех­ника және STEM пәндерінің кабинет­терін, еңбек шеберханаларын, мектеп жиһаздары мен қауіпсіздік құ­рал­дарын, сондай-ақ мектеп асханалары мен кітап­ханаларын жабдықтауға 1,7 млрд теңге қаралған. 

Өңір басшысы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұлт болашағының ал­ғашқы іргетасы қаланатынын атап өтіп, балабақшаларда балалардың қауіп­сіздігі қырағы қадағалауда болуы керегін ескетті. 

– Қазір цифрландыру мен жасанды интеллект – экономиканы да, қоғамды да дамытудағы негізгі факторлардың бірі. Біздің міндетіміз – жаңа буынды  білімді ғана емес, креативті, заманауи цифрлық технологияларды еркін мең­гер­ген тұлға ретінде тәрбиелеу. Ол үшін білім беру жүйе­сінің цифрлық трансфор­мациясын жеделдету аса маңызды. Әуелі облыстағы барлық мемлекеттік мектепті жоғары жыл­дамдықты интернетпен қам­тамасыз ету қажет. Әсіресе, шалғай­да­ғы ауылдық елді мекендердегі мектеп­терге айрықша назар аударған жөн, – деді Ербол Қарашөкеев.

2025 жылы жаппай оқыту қорынан көпбалалы және аз қамтылған отбасы­лар­дан шыққан балаларды ыстық тамақ­пен қамтамасыз етуге, киім сатып алуға және жазғы сауықтыруға 6,4 млрд теңге бөлініп отыр. Бүгінде жаңа оқу жылына дайын­дауға арналған қаражат ата-аналардың жеке банк шоттарына тікелей аударылған. 

Ербол Қарашөкеев жиында жамбыл­дық ұстаздар мен оқушылардың жарқын жетістіктерін жоғары бағалады. Өз сөз­ін­де педагогтердің қоғамдағы мәртебесін де назардан тыс қалдырмады.

Биыл облыс оқушылары республика­лық олимпиада қорытындысы бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда» атанса, республикалық ғылыми жобалар жары­сында 16-шы жыл қатарынан «Ең үздік команда» мәртебесін иеленді. 2024 жылы 360 шебер-педагог «Ы. Алтын­сарин» медалімен, 12 зерттеуші-педагог «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапат­талды. Сондай-ақ 3 педагог «Қазақстан­ның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.

– «Баланың күлкісі – ең қымбат қазына, ал оның қауіпсіздігі – мемлекет пен қоғамның қасиетті парызы», – деп ел Президенті атап өткендей, өскелең ұрпақ­тың амандығы мен тыныштығы – барша­мыздың ортақ әрі маңызды мін­детіміз. Бүгінде мектеп – тек білім мен тәрбие беретін орын ғана емес, сонымен қа­тар әрбір оқушы өзін қауіпсіз әрі жайлы сезі­нетін, алаңсыз білім алатын орта болуы тиіс, – деген аймақ басшысы білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына 1 қыркүйекке дейін толық интеграциялауды тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі ерекше қа­жеттіліктері бар балаларды қоғамға бейім­деу, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мек­теп дирек­торларының көшбасшылық әлеуетін арттыру, Жұмысшы маман­дық­тар жылы аясында өңірде жүзеге асы­рылып жатқан инвестициялық жоба­лар­ға қажетті кадр­ларды даярлау бағытында кешенді шара­лар қабылдауды жүктеді. 

– Бүгінгі басқосу – жай ғана дәстүрлі жиын емес, бұл – ұлт болашағына ортақ жауапкершілікті бірге арқалап, үлкен мұрат жолында ой тоғыстыратын тағыл­ымды кеңес. Сіздердің еңбектеріңіз ер­тең ел игілігіне айналады. Сондықтан әр са­бақ, әр сөз, әр іс  тәрбиелік мәнге, адам­гер­шілік мазмұнға толы болуы тиіс, – деп сөзін қорытындылаған Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылының ұстаз­дар мен оқушы­лар үшін табысты болуы­на тілектестік білдірді.

Жиын барысында білім саласының өзекті мәселелеріне қатысты баяндама­лар тыңдалды. Атап айтқанда, Ы.Алтын­сарин Ұлттық білім академиясының вице-пре­зиденті Анар Тәңірбергенова, Назарбаев университетінің Инженерлік және цифр­л­ық ғылымдар мектебінің оқы­тушысы Азамат Ешмұхамбетов, білім саласы бойынша сарапшы Руслан Қаратабанов, «Бетқайнар» колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.

Кеңесте білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқы­ту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар сала қызметкері Оқу-ағарту министрінің, облыс әкімінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен алғыс­хаттарымен марапатталды.

Ал Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алып, 68 млн теңге­лік сертификатқа ие болды. Соны­мен қа­тар «Ең үздік мектеп-лицей», «Ең үздік ин­­но­вациялық мектеп», «Ең үздік қала мек­­тебі», «Ең үздік ауыл мектебі», «Ең үздік ша­ғын жинақталған мектеп», «Жұмысшы мамандығын даярлайтын үздік колледж», «Үз­дік ауылдық мектепке дейінгі ұйым», «Үз­дік қалалық мектепке дейінгі ұйым» және «Үздік шығарма­шы­лық зертхана» но­ми­­нациялары бойынша да үздіктер анық­талып, қаржылай қолдау көрсетілді.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы