Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, өңірлік Әйелдер қанаты комиссиясының төрағасы Наргиза Керімбаева және комиссия мүшелері қатысты. Өз кезегінде, Мұрат Жолдыхожаев балаларға қамқорлық жасау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
«Әр балақай – еліміздің ертеңі. Сондықтан олардың жаңа оқу жылына дайындықпен баруына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Бұл акция – әлеуметтік қолдау көрсетумен қатар, балалардың бойына сенім ұялатуға, білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған игі бастама. Біз осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың алдағы өмір жолына демеу болып, олардың жарқын болашағына үлес қосамыз», – деді ол.
Бұл ретте, Әйелдер қанаты комиссиясының төрағасы Наргиза Керімбаева алдағы уақытта да бұл игі іс жалғасын таба беретінін жеткізді.
«Балаға жасалған қамқорлық – адамгершіліктің айнасы. Біз бүгін бүлдіршіндерге мектепке қажет құрал-жабдық қана емес, ең алдымен, мейірім сыйлап отырмыз», – деді ол.
Акция барысында бүлдіршіндер ойын-сауық орталығына тегін кіріп, анимациялық фильмдер тамашалады. Сондай-ақ балаларға тәтті тағамдар ұсынылды.
Елнар ЕЛТАЙ