Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруды жеңілдетуге, басқарушы субъектілердің жұмысының ашықтығын арттыруға және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған.
Жаңа түзетулер – уақыт талабы
5,301
оқылды

Қараған­ды қаласына арнайы сапармен келген Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева «AMANAT» партиясының ғимаратына жиналған жұртшылыққа бұл занның  Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, азаматтардың нақты сұранысын ескергенін айтып өтті. 

– Арнайы осы заң туралы халықты таныстыру үшін алғашқы сапарымызды Қарағанды қала­сы­нан бастадық. Негізі, заңның екі негізгі міндеті бар. Біріншісі – көп­қабатты үйдің тұрғындарына өз үйін қалай басқару керектігін таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету, екіншісі – пәтер иелері коопе­ративтерінің  құқықтық режимін реттеу. 2023 жылы бұл институт сақталатын болып шешіліп қой­ған, алайда оның құқықтық мәр­тебесі әлі де айқындалмаған еді. Іс жүзінде бұл – бұрынғы қателік­терді түзету және тұрғын үй қорын басқарудың қазіргі тәжірибесіне рет­теуші базаны сәйкестендіру, – деді Екатерина Смышляева. 

Оның айтуынша, біріншіден, тұрғын үй инспекциясы секілді әкімшілік ресурстар адамдарды өз үйінің шаруашылығын басқаруға қатысуға немесе қандай да бір бас­қару формасын тіркеуге мәж­бүрлей алмайды. Адамдарды бел­сенді болуға күшпен итермелеу дұ­рыс емес. Бұл мақсатта онсыз да шектеулі мемлекеттік қыз­мет­керлер ресурсын босқа жұмсаудың қажеті жоқ.

– Екіншіден, біз, көпқабатты үй тұрғындары, меншігіміз бол­ға­нын қалаймыз, бірақ оны басқа­руға қатысқымыз келмейді. Бұл тұрмыстық нигилизмнің түрлі се­бебі бар. Кей жағдайда тұрғын үй қорын қандай күйде және қан­дай тәртіппен басқаруға алға­ны­мыз да әсер етеді. Кейде көп жыл бойы бір үйде бірнеше басқару тү­рінің болуы мен кейбір басшы­лардың теріс әрекеттері тұрғын­дардың белсенділігін төмендетіп тастаған болып шығады.

Сондай-ақ субъективті себеп­тер де бар – басқару ісіне қатысуға ниеттің болмауы, бәрі өздігінен шешіледі деген үміт, уақыттың, басқару дағдыларының жоқтығы. Тұрғындардың өз үйін басқару ісіне қатысу ниетін қалыптастыру үшін біз, заң шығарушылар мен реттеушілер, оны жеңіл, ерікті әрі түсінікті етуіміз керек. Осы мақ­сатта заңда цифрлық шешімдерді енгізу шаралары қолға алынып, ше­шім қабылдау рәсімдері қайта қа­ралды, бюрократиялық тетіктер жеңілдетілді. Ендігі жерде барлық басқарушы субъекті тұрғындарға электрондық дауыс беруге мүм­кін­дік жасап, үйді цифрлық жүйе­лер арқылы басқаруды қолжетім­ді ету­ге міндетті болады, – деді депутат. 

Сонымен қатар жиында «Қа­зақстанның тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығын дамыту және жаңғырту орталығы» бас­қарма төрағасының кеңесшісі Марғұлан Әбдікәрімов болса: 

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты тұрақты дамыту, энергетикалық және коммунал­дық секторларды жаңғырту мақ­сатында Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлерді (КПТҮ) бас­қа­рудың жаңа тетігі қабылданып, енгізілді. Көппәтерлі үйлердегі бас­қару субъектілері маңызды функцияны атқарады, осылайша бұл – КТЖ мүлкінің меншік иелері алдындағы жауапкершілікті арттыру қажеттілігі. Бүгінде Қа­зақстан Республикасының заң­намасымен кондоминиум объек­тілерін басқарудың басқарушы компания және пәтер иелерінің кооперативі (және тұрғын емес үй-жайлар) деген субъектілері анық­талды. Екі нысан да қолда­ныс­тағы және тең құқықты тетік­тер, олар тұрғындарға үйдің нақты жағдайларына, оны ұстау бо­йын­ша қаржылық мүмкіндіктерге және тұрғындардың объектілерді басқару кезінде тартылған ұйым­дардың техникалық пайдалану қағидаларын және қаржылық тәртіпті сақтауына бағытталған іс-шараларға қатысуға дайын­дығына байланысты басқарудың неғұрлым қолайлы моделін таң­дауға мүмкіндік береді, – деп түсіндіріп өтті.

Сапар барысында  спикерлер заңнамаға енгізілген жаңа түзету­лер уақыт талабы екенін айта келе пәтер иелері кооперативі бас­шы­ларының сұрақтарына жауап берді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы