Бейнебақылауға жәбірленуші Берденовтің әкімдік ғимаратынан қашан шыққаны, айыпталушы Жиембайдың оған оқты қалай атқаны және оны кім қалай ұстағаны жазылып қалған.
«Көлігінен 20 оқ табылды»: сотта Руслан Берденовке оқ атқан сәттің бейнежазбасы көрсетілді
1,391
оқылды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қалалық Тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай қалай оқ атқаны көрсетілді,  деп хабарлайды Aikyn.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Одан бөлек, тергеушілер оның автокөлігінен айғақ зат ретінде не тәркіледі? Айыпталушының автокөлігі қазір қайда тұр? Сотта осы және өзге де деректер айтылды.

Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қалалық Тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембайдың 5 рет оқ атқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бейнежазбаны кеше Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс құжаттарын зерделеу кезінде көрсетті. Бейнебақылауға жәбірленуші Берденовтің әкімдік ғимаратынан қашан шыққаны, айыпталушы Жиембайдың оған оқты қалай атқаны және оны кім қалай ұстағаны жазылып қалған. Бірақ бұл видеода жәбірленуші Берденовтің қандай күйде жатқаны көрінбейді. Тек оның айналасында бірнеше адамның жүрген сұлбасы байқалады.

Іс материалдарына тіркелген видеоларда оқиға сәтінен бөлек, оқиға орнында тәркіленген заттар дәлелдемелер көрсетіле бастады. Жәбірленуші тараптың хабарлауынша, Ернар Жиембайдың әкімдікке дейін жеткен көлігі айыппұл тұрағына емес, қалалық Полиция департаментінің автотұрағына қойылған. Сотта қарудың қобдишасы, жәбірленушінің ұялы телефоны сияқты заттар көрсетілді. Ұялы телефон сынып кеткенімен, оның қосулы тұрғанын көрген судья айыпталушыдан телефонды ашу кодын сұрады. Прокурорларға оны жазып алуды тапсырды.

«Келесі сот отырысына ала келіңіздер. Көрейік, ашайық ішін. Мүмкін іске қатысты дәлелдер табылып қалар», – деді судья Абинұр Қарабаев.

Бұл жолы сот отырысына куә ретінде жауап бергендердің барлығы дерлік қала әкімдігінің қызметкерлері болды. Олар оқиғаға қатысты Жиембаймен кездесіп, сөйлескен. Одан бөлек, оқиға күні Жиембайдың жанында болған адамдардан да жауап алынды. Олардың кейбірі денсаулығына байланысты сұрақтарға жауап беруге қиналды. Ал прокурор іске тіркелген құжаттарды оқығанда жәбірленушінің көлігінен не табылғанын айтып берді.

«Қарап тексеру барысында ескертулер түскен жоқ. Автокөлікті тексеру кезінде мына заттар тексеріліп алынды: қара түсті фуджима маркалы жадынама, 1 дана автокөліктің қашықтан басқару құралы, 1 дана қоңыр түсті арнайы зат салушы сөмке, 2 дана қорап, 20 дана патрон алынған», – деді прокурор.

Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты сот тергеуі ертең жалғасады.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Жәбірленуші денсаулығына байланысты әзірге сот тергеуіне қатыспады. Оның құқығын сотта заңды өкілі қорғап жүр.