Ақбөкеннің төрт аяғын түгелдей бүтін алса, 30 000 теңгеге шығады. Ал келісін 1 800 теңгеден сатылып жатыр.
«Денсаулыққа пайдалы»: Ақтөбеде киік еті 1 800 теңгеден сатылып жатыр
Фото: inbusiness.kz
888
оқылды

Ақтөбеде киік етін сатып алушылар көбейген. Құны арзан болған соң, қызылсыраған тұрғындардың қызығушылығы жоғары. Келісі 1 800 теңге тұрады. Жаз басында түз жануарын аулауға Экология министрлігі рұқсат берген. Екі жыл бұрын киікті аулап алып, кейін еті жарамай далада қалғаны бізге үлкен сабақ болды дейді шенеуніктер, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Ақтөбедегі базарда айналдырған екі күн ішінде киік етінің төрт тоннасы өтіп кетіпті. Сұрап келушілер жетерлік. Көбісі бағасына қызығады. Сиыр мен жылқы етінен екі есе арзан. Ақбөкеннің төрт аяғын түгелдей бүтін алса, 30 000 теңгеге шығады. Ал келесін 1800 теңгеден сатып тұр. 

– Қалтаны көтеретін, күнделікті қуырмашқа, қуырдақ қуыруға пайдалы. Сол үшін келіп тұрмын, – дейді Шәрбат Сәрсенбаева.

Бұрын-соңды киік еті Ақтөбе бұлай ашық сатылмаған. Тек 80-жылдардың соңында ғана дүкенге шығарылған. Сондықтан бағасына жұрт қызыққанымен, оны кәдеге жарату жағын көбісі біле бермейді. Сорпаға татымайды.

– Кеңес Одағы кезінде алдық. Ол кезде келісі бір сом тұратын. Қазір де сиыр етінен арзан сатылып жатыр. Шебер әйел болса, киік етінен қуырдақтан бастап, сорпаның түр-түрін, басқа мал етімен араластырып турап, котлет, тағы басқа тағам әзірлеуге болады. Бұрын қиналған кезде алдық қой, –  деді Светлана Иванова.

Мамандар киік еті денсаулыққа пайдалы деп отыр. Диета ұстап, өзін баптап қалған адамдар алса болады деп кеңес береді. Себебі, еті майлы емес, құнары жоғары. Ал кәуапқа жарай бермейді. Осыдан екі жыл бұрын Оралдан ауланған ақбөкен етін Ақтөбеге әкелгенде тұрғындар қызыққан. Бірақ құжаты болмай, соңы шуға айналып еті кәдеге жарамай қалып еді. Биыл ет өткізу жағын жолға қойыпты.

– Бүкіл құжаты Оралдан тексеріліп бізге келеді. Бізге келгеннен кейін, Ақтөбе мамандары қайтадан тексереді. Сол рұқсат қағазымен базарға, бізге, саудаға кіреді. Халық жақсы алып жатыр, ұнатып жатыр. Үш күннен бері сұранысы жақсы, – дейді базар әкімшісі Гүлнар Тілеу.

Ақтөбеге көршілес Батыс Қазақстан мен Қостанай облысында ақбөкен аулауға рұқсат берілген. Етін арнайы цехтарға өткізіп, сол арқылы ғана сатылымға шығады.