Өрт сөндірушілермен бірлесе жұмыс істеген тәртіп сақшылары арнайы техника баспалдағы арқылы отбасын қауіпсіз жерге шығарып, көшеде медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті.
Полицейлер өртеніп жатқан пәтерден анасы мен үш баласын аман алып шықты
Фото: polisia.kz
666
оқылды

Алматы облысы Өтеген батыр ауылында полицейлер өртенген үйден анасы мен үш баласын аман алып шықты, - деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

13 тамыз күні полицияға Өтеген батыр ауылындағы көппәтерлі үйде өрт шыққаны жөнінде дабылды хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде полиция бөлімінің бастығы Б.Даркенбаев және полиция қызметкерлері Ж.Саудақас пен А.Аметов келіп жетті.

Үйге кірген тәртіп сақшылары бөлмелерді қою түтін басып кеткенін анықтады. Сол сәтте олар үш кішкентай баласы бар әйелді байқап, олардың өміріне төнген қауіптің аса жоғары екенін түсінді. Бір сәт те кідірместен, полиция қызметкерлері көмекке ұмтылды.

— Мұндай жағдайда ең бастысы – жедел әрі үйлесімді әрекет ету. Себебі есеп секундтармен жүреді, - деді  Б.Даркенбаев.

Өрт сөндірушілермен бірлесе жұмыс істеген тәртіп сақшылары арнайы техника баспалдағы арқылы отбасын қауіпсіз жерге шығарып, көшеде медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті. Үйді қосымша тексеру кезінде полицейлер газ баллонын тауып, оны жарылыс пен ауыр зардаптардың алдын алу үшін дереу қауіпсіз жерге шығарды.

— Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Біз әрқашан, тіпті өз өмірімізге қауіп төнсе де, көмек көрсетуге дайынбыз, - деп атап өтті құтқаруға қатысқан полицейлер.

Осылайша, полиция қызметкерлері жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында әйел мен оның үш баласының өмірін аман қалды.