Чемпиондар жастарға қимыл-қозғалыс техникасын көрсетіп қана қоймай, кәсіби спорттағы тәртіп пен еңбекқорлықтың рөлін түсіндірді.
«Чемпиондық рух»: Кәсіби спортшылар мен жастар бір алаңда жаттықты
Фото: АМАНАТ
672
оқылды

Қонаев қаласында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты «Чемпиондық рух» жобасы аясында ашық спорттық жаттығу өткізді. Іс-шараға 150-ге жуық жас азамат пен Олимпиада және әлем чемпиондары қатысты.

Б.Соқпақбаев атындағы Орталық саябақта өткен жаттығуға Олимпиада жүлдегері Демеу Жадыраев, бокстан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері, биатлон, садақ ату, джиу-джитсу, байдарка мен каноэ сынды спорт түрлерінің чемпиондары келіп, жастардың жігерін жаныды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар қауымының спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

«Бүгін ашық жаттығу барысында 1 сағат бойы негізгі дайындық жаттығуларын жасап, тәжірибе алмастық. Қатысушылар арасында кәсіби спортшылар да, алғаш рет мұндай іс-шараға келгендер де болды. Осындай жобалар жастарды спортқа баулып қана қоймай, жат әдеттен аулақ болуға үндейді. Бұл бастаманы жүзеге асыруға «AMANAT» партиясы көп қолдау көрсетті. Кейінгі жылдары партия облыста ондаған спорт нысанын ашып, жастарға арналған жобаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Осындай жүйелі жұмыстар арқылы өңірімізде жаңа чемпиондар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін», – деді Демеу Жадыраев.

Жоба аясында қатысушылар чемпиондармен иық тірестіріп, түрлі дене шынықтыру жаттығуларын орындады. Әр қимылдың дұрыс жасалуына жіті назар аударылып, қатысушыларға әртүрлі кеңес берілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.