Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғыны Нұрболат Бисембаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен 6 млн 250 мың теңге несие рәсімдеп, шағын цех ашқан. Бүгінде мұнда үш адам тұрақты жұмыс істейді.
«Бағдарламаның арқасында арманымдағы кәсібімді бастадым. Үй жиһазына сұраныс жоғары. Ауданнан бөлек, Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ақтөбе облысынан да тапсырыстар түсіп жатыр. Алдағы уақытта цех көлемін кеңейтіп, жаңа құрал-жабдық алып, жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап отырмын», – деді кәсіпкер.
Цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Қытай зауыттарынан әкелінген ағашты аралау машинасы мен ағаш жиектерін жапсарлау аппараты жұмыс істейді. Кәсіпкер қосымша ою-өрнек салатын құрылғы сатып алуды да көздеп отыр. Бұл жоба ауыл тұрғындарына тұрақты табыс тауып, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. «Ауыл аманаты» аясында ашылған әрбір жаңа кәсіп өңір экономикасының дамуына үлес қосуда.
Елнар ЕЛТАЙ