Абай болып сыр шерткен әнші

2025 жыл қазақтың бас ақыны атанған, ұлы тұлға, хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толған мерейлі жыл болды.

Осыған орай елімізде жыл басынан бері Абай тойы аясында сан түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі де бірегейі болған Абай атындағы театр сахнасында әуелеген Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шахимардан Әбіловтің ақын мерейтойына арналған «Ой толғау. Хакім Абай» монооперасының шырқалуы болды.

Абай. Бұл есім-сой жүрегі қазақ үшін соққан, елім деп жырлаған рухы биік қазақ баласына лайық. Жыры бір дәуірдің, бір ұлттың ғана мүддесін  жырламаған, қазақ руханиятының темірқазығына айналған ар мен адалдықты дос еткен, ғылым мен білімді биік тұтқан ақынның жолы. Абайдың жолы. Қазақтың жолы болды, бола да бермек. Абай дана, Абай дара. Көңіл құсын құйқылжытқан  «Ой толғау. Хакім Абай» монооперасы ұлы ақынның туғанына 180 жыл толуына орай, Абай даласын әуелетіп шырқалды. Ол кеш Абай әлеміне саяхат, Абай жанына ұмсыну, оның поэзиясының биік шыңын табуға арналды.  Шахимардан Әбілов қазақ ән өнеріндегі опера әншілерінің ішіндегі тарланы. Оның репертуарында арынды ариялар, иірімі терең романстар мен қазақстандық және шетелдік композиторлардың 300-ден астам туындындысы бар. Оның даусы Лондонда, Италияда,Түркия, Финляндияда, Польша, Швеция мен Португалияда, Германия, Жапония  секілді алып елдердің сахнасында әуелеген. Оның жүрегі Абай деп соғып, бар ғұмырын Абай шығармашылығын насихаттауға арнаған әнші.

Моноопера үш бөлімнен тұрды.  Сахнада Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қарашада өмір тұр», «Қор болды жаным», «Сегіз аяқ» «Ата-анаға көз қуаныш, Бойы бұлғаң», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы, «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» әндері орындалып, ақын шығармашылығынан 80 монолог оқылды.  Әншінің әндерін сүйемелдеп, фортепиано партиясын орындаған халықаралық байқаулардың лауреаты  Өтетілеу Әлияр. Ақын шығармаларын бойына сіңірген, жүрегінен өткізген әнші сахнада Абай болып тебіренді, Абай болып мұң шекті, Абай болып көрерменімен қауышты. 

«Бұл моноопера – ұзақ жылдық ізденістен туды.  Мен Абайдың әндерін және Абай сөздеріне жазылған композиторлардың романстарын жіті зерттеп жүрген адаммын. Абайдың барлық әндерін жүлгесімен, тақырыптық мазмұнымен орындасаңыз, ұлы поэма шығады. Абайдың әр сөзі «сөйлейді». Әндері де шер көңілден бүлкілдеп шыққан романстар тізбегі. Бәрін жинақтасаңыз, Адам, Табиғат, Жаратушы ұғымдарының бүтіндігі шығады. Өзі де «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» демей ме?! Махаббат пен ғадауат майданының түп қайнарын Абай романстары арқылы жете түсінуге болады. Ол үшін зерделі сана керек. Әлемдік классикалық өнерде «Италия ән мектебі», «Орыс ән мектебі» деген секілді қалыптасқан тіркес бар. Мен қай жерге барсам да алдымен қазақ әндерін орындаймын. Біздің халық әндері, халық композиторларының, Біржан, Ақан, Естайдың әндері әлемнің қай елдерінің де әндерінен артық болмаса, кем емес. Абайдың романстары кез келген еуропалық мәнерден бөлек. Шетелдерге гастрольдік сапармен шыққанда Абайдың жауһарларын, Естайдың «Қорланын», тағы басқа бірегей туындыларды шырқаймын. Бәрі таңырқасып, әннің авторын сұрап, нотасын берші, біз де орындайық деп өтініш жасап жатады. Қазақ әнінің кең диапазонына таңдайларын қағып, біздегі далалық сарынға бастарын иеді. Мен қай елге барсам да репертуарыма міндетті түрде Абайдың және өзге қазақ әндерін көптеп кіргіземін. Әлемді қазақ әуезді әндерімен таныса екен деймін. «Ой толғауға» дейін талай рет Абай әндерімен әлемді араладым. Абай әндері менің қанатым секілді. Шет жұрт мені таныса, конкурстарына бағалаушы етіп тағайындап, арнайы концерттеріне шақырса, студенттеріне лекция-концерт өткізуге ұсыныс жасап жатса, соның бәрінде Абайдың үлесі бар. Моноопера – жүрегімнен ұзақ жыл сүзгіден өтіп, ішкі әлемімде талай рет  қайнаған хакімге тағзымның сұрыпталған формасы», –  дейді әншінің өзі. 

Бұл кеш Абай әлеміне сапар шегу, ақын шығармашылығын терең түйсіну мен ақынмен сырласу кеші болды. Қазақ даласы Абай деп ән салып тұрған кезде Шахимардан Әбілов есімі де мәңгілік болмақ. 

Айгерім ҚИЫҚБАЙ, жазушы, аудармашы

Семей қаласы