Тауға шығу – жастар үшін батылдық пен еркіндіктің, тыныш­тықтың белгісі іспеттес.
Ойсыз саяхат опық жегізер
4,613
оқылды

Әсіресе, экстримді жаны сүйетіндер үшін бұл – нағыз сынақ алаңы. Алайда бұл сынақ кейде сәтсіз жағдайларға әкеліп соғады. 

Жыл басынан бері 179 шақырту келіп түскен

Кейінгі уақытта саяхат­шы­лар арасында таулы аймақтарда адасу оқиғалары жиілеген. Бірі құтқарушылардың көмегімен аман табылып жатса, енді бі­рінің сапары қайғылы жағдай­мен аяқталған деректерді естіп те, көріп те жүрміз. Мамандар мұндай келеңсіз оқиғалар, әсі­ресе жастар арасында жиі кез­­де­сетінін және оған басты се­беп – дайындықсыз сапар мен қа­уіп­тің алдын алмау екенін айтады. 

Ресми статистикаға сүйен­сек, биыл жыл басынан бері Ал­маты қаласының құтқару қыз­метіне таулы аймақтан 179 шақыру келіп түскен. Іздеу-құт­қару операцияларының нәти­жесінде 272 туриске көмек көр­сетіліпті. Одан бөлек, осы жылы таулы аймақта 3 адам мерт бол­ған. Мамандардың сөзінше, құтқару көмегіне жүгінушілер арасында ең көп шақырту Үлкен Алматы шатқалы, Аюсай, Ассы үстірті, Кіші Алматы, Бутаков шатқалы және Сол жақ Талғар аумағынан келіп түседі. 

Адамдар бағытты алдын ала зерттей бермейді

Тау гиді, құтқарушы, альпи­нист Александр Голованов бір­шама жылдан бері альпинизм­мен айналысып келеді. Таудың қатаң заңын меңгеріп, шыңдар­ды бағындыруды мақсат тұтқан ол адасу фактілерінің көбеюін немқұрайдылық пен жеке бас­тың қауіпсіздігіне деген жа­уап­кершілікпен байланыс­тырады.

– Қазір туристердің тауда адасуы – жиі болатын жағдай­лар­­дың бірі. Оған басты себеп – адамдар бағытты алдын ала зерт­темейді, соқпақ жолдың қай­да екенін білмейді. Қазір РОСО немесе құтқару қызме­ті­нің әлеуметтік желідегі па­рақ­шасын ашып қараңызызшы. Сіз олардың қашан да әлдекімді іздеумен болатынын байқайсыз. Тағы бір маңызды дүние, адам­дар жақындарына қайда бара жатқанын алдын ала ескертіп кетпейді. Ол да жоғалған адамды іздеу уақытын айтарлықтай ұзар­тады. Сондықтан үнемі ай­татыным, әркез таңдаған бағы­тыңызды зерттеңіз, бағдарды біліңіз. Офлайн-картаңыз бол­сын және қайда бара жатқа­ны­ңызды жақындарыңызға айты­ңыз, – деді ол.

Құрал-сайманың түгел болсын

Тауға шыққан туристер на­зардан тыс қалдыратын тағы бір маңызды мәселе – қажетті ке­рек-жарақ пен киім-кешектің болмауы. Кейбірі дорбасынан жолда қажет болып қалар деген азын-аулақ затына ғана орын берсе, бірі құбылмалы темпера­тураны ескермей, өзімен бірге қосымша киім алып шықпайды. Ауа райы кенеттен «қаһарын көрсеткен» жағдайда бұл адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.

– Адамдар тауға барарда құд­ды Панфилов бойымен се­руенге шыққандай киініп алады. Өзімен бірге аяқкиім, таяқша, ауа райы өзгерген уақытта кие­тін қосымша киім алып шық­пай­ды. Ең бастысы, артық зат алмау және қажет заттарды ұмыт­пау. Жолда қиындық туғы­затын тағы бір өзекті мәселе – ауа райына мән бермеу. Көбіне адамдар ауа райы болжамын қала ішінде болған уақытта қарайды да: «Бұлтты болса не болыпты, Алматыда күн ашық қой» деп ойлайды. Бірақ Көк Жайлауға барғанда нөсер жа­уынға тап болады. Ал олар жай ғана футболкамен шыққан. Еш­қандай қорғаныс жоқ, телефоны да су және күші де сарқылған. Онымен қоса, кеды киіп шыға­тындары да бар. Бірақ кедымен таудан түсу денедегі жарақатқа әкелуі мүмкін. Тағы бір еске­ретін қауіп – жорыққа жалғыз шығу. Кей жағдайда тауда жал­ғыз жүрген адамның тірі қалу ықтималдылығы төмен бола­ды, – деді құтқарушы.

392 адам құтқарылған

2020 жылдан 2025 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта Алматы мен Алматы облы­сын­да 438 оқиға тіркелді. Құтқару­шылар тауда қауіп-қатермен бетпе-бет келген 619 адамға қол ұшын созған. Ал 2023 жылдан 2025 жылдың 15 сәуіріне дейінгі кезеңде 392 адам құтқарылса, олардың арасында 100-ге жуық бала болған. 

– Шын мәнінде, сапардағы қауіп – кімнің жолы болаты­нына қарай. Не сен тәжірибе жи­найсың, не құтқару статис­тикасының тізіміне енесің. Ма­ңыздысы, оқиғадан сабақ алып, қорытынды жасай білу. Өкі­нішке қарай, статистикаға назар аударсақ, қайғылы оқиғалар азаяр емес. Ең көп таралған қателіктердің бірі – бағытты алдын ала зерттемеу. Тауға шы­ғуды жаңадан бастап келе жат­қандарға айтарым, оқыңыздар және оқыңыздар! Өзіңіз біл­мейтін ақпаратты сұраудан қорықпаңыздар. Міндетті түрде баратын жеріңіз туралы алдын ала ақпарат жинаңыздар. Сон­дай-ақ «мен бәрін біле­мін» деп ой­лауға бол­­май­ды. Ең қауіпті адамдар – «бәрін білеміз» деп ойлайтындар. Тауға шығуды жеңіл нәр­седен бас­таңыз. Тә­­жірибесі мол дос­тар табыңыз. Ба­­­ғыт­­­ты талқылайтын чаттарға, арнайы топтарға қо­сылыңыз, – деді тау гиді, альпи­нист А.Голованов.

Басты ереже – уақытында артқа шегіну

Бүгінде тауға шығуға құл­шы­ныс танытушылардың ар­туы­на әлеуметтік медианың ық­палы зор. Алайда байқағаны­мыздай, желіде көздің жауын алар тау көрінісі бейнеленген қызықты контенттер кеңінен таралғанымен, дәл қауіпсіздік мәселесіне келгенде ақпараттық насихат тасада қалады. Осы ретте «Шымбұлақ» тау-курор­тының өкілдері жолға үнемі су, тамақ, дәрі-дәрмек қобдишасы, жылы киім мен шам алып шы­ғуға, қайда бара жатқанын және қашан қайтатынын жақын­да­рына ескертуге, ең бастысы, жағ­дай нашарласа, уақытты соз­бай, бірден үйге қайтуға ке­ңес береді. 

– Тау – тек сұлулық пен ты­ныштық қана емес, нағыз жа­уапкершілік екенін ұғынуымыз тиіс. Тіпті, бір күндік жорықтың өзі үлкен дайындықты қажет етеді. Тауға шығуды жаңадан бастағандар ең жеңілінен, яғни соқпақтары бар және радиалды бағыттардан (бару-келу) баста­ған жөн. Біз ұсынатын ең тиімді нұсқалар: Бутаков сарқырамасы, Қимасар шатқалындағы әткен­шекке баратын бағыт. Тауда ауа райы тез құбылады. Егер қалада күн +25° шуақты болса, 2000 метр биікікте +10° және нөсер жаңбыр болуы әбден мүмкін. Әрқашан таудағы ауа райын ­ба­қылап отыру маңызды. Осы­ған қатысты ең сенімді ресурс­тар – RP5, Windy, Snow-Forecast. Ең басты ереже, өкінгенше, уақытында артқа шегінген дұ­рыс. Жаңбыр жауды ма, жолда шаршадыңыз ба, тізеңіз ауырды ма немесе өзіңізді ыңғайсыз сезіндіңіз бе? Бірден артқа қайтыңыз. Түйсік ешқашан алдамайды, егер ішіңізден бір дауыс кері қайтуға белгі берсе, демек сапарды тоқтатқан абзал, – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының баспасөз қызметі.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы