Алматы облысында жоғалған әскери тікұшақты іздеу жалғасуда

Тікұшақтың жоғалғанына 10 күннен астам уақыт өтті.

Алматы облысында жоғалған әскери тікұшаққа қатысты жаңа мәліметтерді Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, іздеу жұмыстары 25 шілдеден бері жүргізіліп келеді – сол күні Қорғаныс министрлігінен тікұшақтың Отырар ауданы маңында жоғалғаны туралы ақпарат түскен. 

«Біз тікұшақтармен берілген бағытты шолып шықтық, Сорбұлақ су қоймасын қарап зерттедік. “Қазкосмос” түсірген спутниктік суреттерде жанар-жағармай іздеріне ұқсас белгілер байқалды. Су қоймасына жақын маңнан тікұшаққа тиесілі бірнеше фрагмент табылды. Осыдан кейін арнайы штаб құрылып, белсенді іздеу жұмыстары басталды», – деді Кеген Тұрсынбаев. 

Вице-министрдің сөзінше, тікұшақ жоғалғанына 10 күннен астам уақыт өткен. Іздеу аймағының шамамен жартысы толық зерттелген.  Жұмыстар Қорғаныс министрлігінің басшылығымен жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі өз тарапынан құтқару күштері мен ресурстарын жұмылдырған. Іздеу таңнан кешке дейін жалғасуда. 

«Сорбұлақ су қоймасының тереңдігі 5-тен 25 метрге дейін жетеді. Түбі – батпақты, тіпті 1 метр тереңдікте де көрінбейді – бәрін лай басқан», – деп нақтылады вице-министр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.