«Заң және тәртіп» нарративі аясында Қаржылық мониторинг агенттігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Ішкі істер министрлігімен және «AMANAT» партиясымен бірлесіп, зейнеткерлерге арналған «Қаржылық алаяқтықтан қалай сақтануға болады?» атты семинар өткізді.
Қаржылық сауатқа арналған семинар
6,967
оқылды

Іс-шараға мыңнан астам адам қатысты. Кеңінен ақпараттандыру мақсатында се­минар YouTube платформасында тікелей эфирде көрсетілді.

Алаяқтардан қорғану мен қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Өзіңізді қар­жылық алаяқтықтан қалай қорғауға бо­лады?» тақырыбында семинар өтті. Се­минарға жастар мен зейнеткерлер қатыс­ты. Семинарда белгілі болғандай, еліміз­де­гі қылмыстардың 4/1 бөлігін интернет алаяқ­тық құрап отыр.

ІІМ Киберқылмыстарға қарсы іс-қи­мыл департаменті басшысының орын­ба­сары Бейбіт Біржановтың айтуынша, бұл көрсеткіш ұрлық санынан да асып кеткен екен. 

«Біздің департамент былтыр қарашадан бастап жұмыс істей бастады. Жарты жылда Қа­зақстаннан тыс 67 млн-ға жуық қоңырау бұғатталды. Бұл – күніне әр азаматқа түсе­тін бір қоңыраудың жолы кесілді деген сөз. Осын­дай қоңырау шалуға арналған 76 құ­рылғы ел аумағынан тәркіленді. 88 мың тіркелмеген телефон нөмірі анықталды», – деді Біржанов.   

Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жоба­сы­ның сарапшысы Дулат Мыңбаев жоба аясында қандай кейстер шешілгенін атап өтті.

«Қарызсыз қоғам» жобасы – еліміздегі көп азаматқа нақты көмек беріп жатқан бастама. Жоба аясында қиын жағдайға тап болған тұрғындар қолдау тауып, қаржылық сауат­тылықтарын арттыруға мүмкіндік ал­ды. Бүгінгі тақырып – қаржылық алаяқ­тық. Азаматтарымыз тек қаржы пирами­да­лары немесе интернет алаяқтардың ғана емес, кейде өз таныстарының да арбауына түсіп қалып жатады. Мысалы, кей жағ­дай­лар­да жақын туыстары немесе достары олар­дың атына бірнеше несие рәсімдеп, кейін ол қарызды төлемей кетіп қалады. Ал несие әлгі адамның мойнында қалады», – дейді сарапшы.

Сарапшы мұндай схеманың салдары қандай ауыр болатынын көрсету үшін нақты адамдардың тағдырын мысал еткен. Мәселен, жалғызбасты дәрігер танысына несие алып беремін деп тығырыққа тірел­ген.

«Бұл адам кәсіп ашамын деген таны­сы­на сеніп, өз атына 13 миллион теңге не­сие рәсімдеген. Айлық табысы небәрі 350 мың теңге болғанымен, несие жүк­темесі 500 мың теңгеге жеткен. Танысы ақ­шаны алған соң ізім-ғайым жоғалған. Кейін білсе, ол алаяқтық фактісі бойынша сот­талған адам екен. Бірақ бұған қара­мас­тан, несие дәрігердің мойнында қалды. Жо­ба аясында біздің заңгерлеріміз оған кө­мек көрсетіп, несие төлейтін кестесі жа­лақысына сай құрылды. Қаржылық сауат­тылық курсынан өтіп, қазір несиені уа­қы­тылы өтеп отыр», – дейді Дулат Мың­баев.

Осыған ұқсас тағы бір оқиға Қызылорда қа­ласында болған екен.

«2018 жылы сәбиінің емі үшін несие рә­сімдеген азаматшаның өкінішке қарай сә­биі шетінеп кеткен. Тұрақты табысы бол­мағандықтан, қарызын жаба алмай қал­ған. Астана қаласына келіп, әртүрлі жұ­мыс істеп жүргенде «Қарызсыз қоғам» жо­басы туралы естіп, «AMANAT»  пар­тия­сына өтініш білдірген. Біздің мамандар оның несие тарихын қалпына келтіріп, банк­роттық рәсімін реттеп, барлық қары­зын заңды түрде жапты», – дейді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қар­жылық сауаттылықты арттыратын са­бақтар онлайн және офлайн форматта өте­ді. Қазір  барлық азамат сайт арқылы қа­зақ және орыс тілдеріндегі сабақтарға қатыса алады.

Жоба аясында оқушылардан бастап зей­неткерлерге дейін қаржы басқару негіз­дерімен танысып, қарыздан құтылу жол­дарын меңгере алады. Мыңбаев атағандай, 2025 жылдан бастап бұл жоба несиесін 90 күннен аса өтей алмай жүрген азаматтарға бағытталған.

«Біз мұндай азаматтарға заңгерлік кеңес беріп, қиындықтан шығудың тиімді жолдарын ұсынамыз», – деді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасы Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігінің, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен об­лыс әкімдіктерінің, сондай-ақ Қазақ­стан­ның 12 коммерциялық банкінің қол­дауымен жүзеге асып келеді.

Жобаның сарапшысы Жұлдыз Ас­қарова­ның айтуынша, осы уақытқа дейін қиын жағдайға тап болған азаматтардың мәселесі оңынан шешіліп келеді.

«Үш жыл ішінде 845 мың азамат «Қарыз­сыз қоғам» жобасы аясында қар­жы­лық сауаттылық курстарынан өтті. Ал 2025 жылдың басты ерекшелігі – мерзімі 90 күннен асқан қарызы бар азаматтарға басымдық беру», – деді ол.

ҚМА департамент басшысының орын­басары Андрей Давыдов еліміздегі қаржы пирамидаларының құрығына қалай түсіп қалмау керегін түсіндірді.

«Елімізде 2021 жылдан бастап 100 қар­жы пирамидасы таратылды, олардан 86 мың салымшы зардап шеккен. Олар 37 млрд теңге залал келтірген. Қаржы пира­ми­даларын құрғаны үшін 226 адам сот­талды. Егер сіздерге қарыз беремін, ақ­шаңды өсіріп беремін деген ұсыныстар түс­се, оны мұқият қарап, құзырлы орган­дарға жауап хабар беру керек. Қаржы пи­ра­мидаларына кірген адамдардың тек бастапқылары  табыс табады. Қалғандары опық жеп, ақшасынан айырылады. Бұл схемаларды әр азаматтың білгені абзал. Же­лілік маркетинг пен қаржы пирами­даларын ажыратып алу керек. Маркетингте сіз сапалы тауар аласыз, ал қаржы пира­мидалары ақша салып, артыңыздан ақша салатын адам тартуды сұрайды», – деді Давыдов.

Айта кетейік, қаржы сарапшылары се­минарға жиналған 500-ге жуық адамды же­ке қабылдап, кеңес берді.

Елнар ЕЛТАЙ