Семинар барысында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы, жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды шешу жолдары талқыланды. «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының директоры Н.Мұқанов ауыл шаруашылығын озық дамытып отырған шетелдік тәжірибелерді айтып, үздік мысалдармен бөлісті. Кейін семинарға қатысушылар кооператив ашып, шаруа жүргізіп отырған жұмысшыларға барды.
Партияның «Ауыл аманаты» жобасы екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға қолдау болды. Осы жоба аясында тек БҚО өзінде 1 467 жұмыс орны ашылған. Жобаның мақсаты да сол – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, оларды кәсіпке баулу. Тек бұл жолы тұрғындар бірігіп, бірлесіп еңбек етуге үйренеді. Жоба аясында кооперативтер құрып, мемлекеттен несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар баршылық.
Солардың бірі – Алмаз Бекболсынов. Ол БҚО Тасқала ауданында асылтұқымды қой өсіріп отыр. Кооперативті үш жігіт бірігіп ашқан. Қазір ол жерде 25 шақты адам жұмыс істейді. Алмаз Бекболсынов жүнді, етті бағыттағы қой өсіріп отыр. Бүгін семинарға арнайы шақырылған.
– 2023 жылы несиеге еділбай тұқымындағы қой алдым. Қазір менде мың бас аналық бар, соның тұқымымен екі мыңға жуықтап қалды. Биыл техникаға деп 30 млн теңге несие алдым. Осы «Ауыл аманаты» жобасы аясында көп қолдау болып тұр. Ауыл адамдарын осы жұмысқа тартып отырмыз. Қойдың етін «Батыс – Нық» ет комбинатына тапсырамын. Ал қойдың жүнін алдағы уақытта өзіміз өңдесек пе дейміз. Сол үшін осы жоба аясында тағы несиеге қойдың жүнін өңдейтін аппараттар алғым келеді, – дейді семинарда сөз алған Алмаз Бекболсынов.
«AMANAT» партиясының БҚО филиалы жетекшісі Мұрат Мұқаев биыл аймаққа 5 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтты.
– Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында осыдан екі жыл бұрын партия бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге аса бастаған еді. Ол қазір кең қолдауға ие болып, мемлекеттік деңгейге көтеріліп қалды. Осы жоба аясында ауыл тұрғындары кооперативтер ашып, сол ауылдарда тұрақтанып қалып жатыр. Біз биыл да бұл жобаны жүзеге асырамыз. Біз тек кооператив ашуға көмек етпейміз. Кейін сол өнімді сатуды, өңдеуді ұйымдастыруға да атсалысып, жетекшілік етіп келеміз, – деді ол.
Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, жалпы 2023-2024 жылдары БҚО шаруалары осы жоба аясында 8,9 млрд теңге қаржы алған. БҚО – ауыл шаруашылығы дамуы жағынан алдыңғы қатарлы аймақ. Сондықтан да бұл жобаны жүзеге асыру батыстағы ағайын үшін аса қиынға соғып жатқан жоқ. Ал қонақтар өз сөздерінде құмды, шөлейтті Маңғыстау үшін мал өсірудің өзіндік қиындығы барын айтты.
– Біздің Маңғыстау облысында агрокешен әлсіздеу. Бір ғана мысал айтайын, аймақта 30 мыңдай ғана сиыр бар. Ал БҚО-да миллионнан асып кетеді екен. Бізде тек түйе көп, 102 мыңдай түйе бар, ал Батыста 3 мыңдай. Біздің артықшылығымыз – тек сол түйеміз. Сол түйеге субсидия алып отырмыз. Бізде егін шаруашылығы да өте төмен. Облыста тек 1 100 гектар жерде егініміз бар. Ал БҚО-да 1 100 гектар егін деген бір қожалықтың жерінің бір бөлігін ғана құрап тұр. Жалпы, Маңғыстау облысында тек 28 кооператив құрылып отыр. Енді осының санын көбейтейік, дамытайық деп БҚО-ның озық тәжірибесін көрейік деп келдік. Біздің облыстың да ерекшелігін ескеріп, ыңғайлы тетіктерді тауып, «Ауыл аманаты» жобасын дамытуды көздейміз, – дейді Маңғыстау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев.
Түстен кейін қонақтар «Ауыл аманаты» аясында жүзеге асып жатқан кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Алдымен қонақтар Бәйтерек ауданы Макаров ауылына келді. Бұл жерде 10 мың тауық өсіріп отырған кооператив бар. Осы тауық шаруашылығын жүзеге асыру үшін 22 млн теңге субсидия алған. Ол ақшаға Қытайдан арнайы құрылғы әкеліпті. Соның арқасында осынша көп құсты бағып-қағу оңайға түсіп отыр.
– Бәрі автоматты жүйеге қосылған. Адам еңбегі көп қажет етілмейді. Тауықтардың асты автоматты түрде тазаланады, жемі шашылып, суы жіберіледі. Кейін жұмыртқаны да бері шығарады. Қыздар тек жинап ала қояды. Бұлар жұмыртқаны қаладағы дүкендерге жеткізіп отыр. Бізге облыстағы ірі құс фабрикасы көмек қолын созып отыр. Олар арнайы мамандарын жіберіп отырады. Келіп қарап, кеңес беріп бізді бағыттап отыр, – дейді ауыл әкімі Еркін Әбілкакимов.
Құс шаруашылығымен айналысып отырған кооператив осы үлкен базаны өздері өз қаражатына салғанын айтады. Кейін техника үшін 26 млн теңге несие алыпты. Макаров – қалаға жақын ауылдардың бірі. Бұл ауылдың халқы негізінен бау-бақшамен айналысады. Картоп, сәбіз, орамжапырақ егетін қожалықтардың бәрі дерлік осы ауылдардың маңынан жер алып, шаруасын жүргізіп отыр. Қазір сол шаруалардың басын бір кооперативке біріктіруде.
Семинарға қатысушылар кейін «Жастық» кәсіпорына келді. Бұл жерде сүт өнімдері өңделеді. Шаруашылық иесі ауылдардан жинап алынған сүтті қалаға әкеліп өңдеп, кейін дайын өнімді дүкендерге жөнелтетінін айтады. Жалпы, бұл «Жастық» шаруашылығының өнімдері облыста сұранысқа ие. Олардың сүті, айраны, қаймағы, женті дүкенге түскен бойда халық талап алып кететінін көз көріп жүр.
Біркүндік семинар барысында шаруалар өз тәжірибелерін айтып, озық ойларын ортаға салды.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы