Сенаторлар аймақ ахуалымен танысты

Сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмаларын халыққа түсіндіруге орай республика аймақтарында сапарда жүр. Олар жергілікті басшылармен, мәслихат депутаттары­мен, мамандармен және тұрғындармен кездесуде. Облыстарда әлеуметтік-экономикалық даму, кәсіпкерлікті дамыту, ана мен баланы қорғау, «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық шарасының жүзеге асуы, шекара әскерінің даярлығы мәселелері талқыланды.

Сенат депутаты Айгүл Қап­барова Шымкент Кәсіпкерлер пала­тасының басшылығымен, қалалық мәслихат депутаттарымен, салалық басқармалардың өкіл­дерімен және білім беру саласын­дағы кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Жекеменшік мектептерде жан басына шаққанда уақтылы қаржы бөлмеу, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды қолдау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, білім беруге тең қолжетімділікті қам­тамасыз ету аясында тегін оқулық, ыстық тамақ және жекеменшік мектепте оқу ақысын төлеуге суб­сидия беру тақырыптары көтерілді. Сенат депутаты Андрей Лукин Астанадағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларды уақытша қорғау және оларға психологиялық көмек көрсететін «Үміт» дағдарыс орталығында болды. Кездесуге қатысушылар зардап шеккендерді қорғаудың заңнамалық және институционалдық тетіктерін жетілдіру, салалық мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейту, сондай-ақ қайталанған зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алуда тиімділікті арттыру мәселе­лерін талқылады. Депутат былтыр әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны қатаңдату, алдын алу шараларын кеңейту, сондай-ақ азаматтардың осал санаттарын құқықтық қорғауды күшейту туралы маңызды заң қабылданғанын айтты. Сенатордың айтуынша, осы саладағы заңнаманы дамыту, оның ішінде жергілікті жерлерде көмек көрсететін мекемелермен байланыс арқылы жетілдіре түсу жалғасын табуда.  

Сенат депутаты Андрей Лукин биыл қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­лерінің VIII Съезіне дайындық аясында елордада салынып жатқан жаңа ғибадатхана кешені құры­лысы­ның барысымен танысты. Онда мемлекеттік органдар, діни қызметкерлер мен мердігер ұйым­дардың өкілдерімен жұмыс бабын­дағы кеңес өтті.

Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қызылорда облысында «Таза Қа­зақ­стан» жалпыұлттық экологиялық шарасын жүзеге асыру барысымен танысты. Сенаторлар Қызылорда әкімі Нұржан Ахатовпен бірге бірқатар қалалық нысанды, оның ішінде Президент саябағын, «Қорқыт Ата» аллеясын және Мем­лекеттік рәміздер алаңын аралады. Бұл нысандардың аумағы Мемлекет басшысының жайлы қала ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсыр­масы аясында абаттандырылған болатын. Сенаторлар Президенттің бастамасы бойынша жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы бүгінде жалпыұлттық сипатқа ие болғанын атап өтті. Ол маңызды тәрбиелік мәні зор әрі қоғамды ынтымаққа ұйыстыратын қадам болып отыр. Сондай-ақ се­наторлар Қызылордадағы аграрлық секторға орта буын мамандар даяр­лайтын агротехникалық колледжде болды. Мұнда жыл сайын 140-тан астам түлек сұранысқа ие маман­дыққа ие болады және ауылдық өңірлерді білікті кадрлармен қам­тамасыз етеді. Депутаттар колледжді техникалық жарақтандыру, оқу процесін цифрландыру және педа­гог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелеріне назар аударды. Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ака­демиясында болды. Онда үміткер­лерді іріктеу рәсімдерімен, қызметкерлерді даярлау мен қайта даярлау жөніндегі білім беру бағдарламасымен, тәрбие жұмысы және академияның материалдық-техникалық базасымен танысты. Кездесу барысында заманауи білім беру технологиясын енгізуге, курсанттардың талдау тұрғысында ойлау қабілетін дамытуға, ақпарат қауіпсіздігі және гибрид қатерлерге қарсы іс-қимыл саласында маман даярлауға ерекше назар аударылды. Академия басшылығымен және оқытушыларымен кездесу бары­сында кадр даярлау ісін жетілдіру, ғылыми құрамды күшейту және келешекте қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту туралы сөз болды.

Сенат депутаты Ернұр Әйткенов «Келешек мектеп» жобасы аясында салынып жатқан жалпы білім беретін мектептің алғашқы құры­лысы­мен танысты. Ол Павлодар қаласындағы қарқынды дамып келе жатқан «Достық» шағынауданында салынуда. Жоба білім сапасы мен оқу барысына қойылатын жаңа талапқа сәйкес келетін заманауи, қауіпсіз және қолжетімді білім ұясын жасауға бағытталған. Бүгінде жұмыстың 80%-ға жуығы аяқталды. Мектепті  жаңа оқу жылының басталуына орай пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ғимаратта заманауи оқу кабинеттері, зертхана мен шеберхана, акт және спорт залдары, абаттандырылған аула қарастырылған. Сондай-ақ білікті педагогикалық құрам жасақталып, оқу сыныптары жасалады. Сенатор Мемлекет басшысының «Келешек мектеп» жобасын іске асыру жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау мақсатында Парламенттің назарында болатынын атап өтті.

Сенат депутаты Ольга Булав­кина Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында өткен Дала күніне арналған шараға қатысты. Шара аясында элиталық тұқымдар, келешегі бар сұрыптар мен будан­дар­дың, сондай-ақ заманауи агротехнологияны қолдана отырып өсірілген жеміс-жидек дақылдары өнімдерінің көрмесі ұйымдас­тырылды. Аграрлық ғылымды дамыту, инновациялық шешімдерді енгізу, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ғылыми жетістік­терге қол жеткізуін кеңейтудің өзекті тақырыптарына, сондай-ақ аграрлық секторды мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды. 

Мейір ЖАСЫН