Jennifer Lopez концерті кезінде елордада жол қозғалысы шектеледі

«Астана Арена» стадионы маңындағы «Алау» мұзсарайы мен «Сарыарқа» велотрегі жағынан автокөлік қозғалысы уақытша тоқтайды.

1 тамыз күні елордадағы «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі америкалық әнші Jennifer Lopez өзінің «Up All Night» атты әлемдік туры аясында өнер көрсетеді, - деп хабарлайды  Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Ауқымды концерттің өтуіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қонақтардың ыңғайлы келіп-кетуі мен қозғалысын ұйымдастыру мақсатында «Астана Арена» стадионы маңындағы «Алау» мұзсарайы мен «Сарыарқа» велотрегі жағынан автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Көлікті келесі орындарға қоюға болады: «Алау» мұзсарайы, «Барыс Арена» мұзайдыны, «Сарыарқа» велотрегі, Ботаникалық бақ (Бұқар жырау және Орынбор көшелері жағынан), Керей мен Жәнібек хандар көшесі және басқа да тұрақ орындары.

Jennifer Lopez концертіне келушілердің ыңғайлығы үшін қала бойынша бес орыннан «Астана Арена» стадионына және кері бағытта қатынайтын арнайы шаттл-автобустар қатынайды:
Астаналық цирк тұрағы;
«Әзірет Сұлтан» мешітінің тұрағы;
«QAZAQSTAN» спорт кешенінің тұрағы;
Тұран даңғылы жағынан Орталық саябақтың тұрағы;
«Бас мешіт» тұрағы.

Шаттл-бастар концерт басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін екі бағытта қатынайды. Кептелістер мен тұрақ мәселесіне тап болмас үшін фестиваль көрермендері қоғамдық көлікпен қатынағаны жөн.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.