Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тонна­дан астам қоқыс шыға­ры­ла­ды. Алайда оның небәрі 25 пайызы ғана сұрыпталып, қайта өң­деуге жіберіледі. Сарап­шылар 2050 жылға қа­рай дүниежүзіндегі қо­қыс көлемі 3,4 мил­лиард тоннаға дейін артуы мүмкін екенін айтады.
Шаһардағы экологиялық бетбұрыс
4,951
оқылды

Бүгінде қоқыс мәселесі екі мил­лионнан аса тұрғыны бар мегаполис – Алматыда да өзекті. Жыл сайын мыңдаған тонна қал­дық шығаратын өндіріс орында­ры мен кәсіпорын көптеп орна­ласқан шаһарда қоқыс мәселесі күн тәртібінде тұр. Десек те, қа­лада түйткілді шешуге бағытталған бірқатар экологиялық жоба жү­зеге асып келеді. Соның бірі FABRIQA деп аталады. Осындай бастамалардың арқасында таяуда шаһар тұрғындары 108 тонна киімді қайта өңдеуге тапсырған. 

Қазір экологиялық жоба ав­торы Денис Лекомцев тоқыма қалдықтарды өңдеп, тұрмыстық кәдеге жаратумен айналысады. Қайта өңделген киімнен үй мен кеңсеге арналған сәндік жас­тық­тар, автосервис пен өндіріс орын­дарына арналған шүберектер және тағы басқа бұйымдар жа­салады.  Одан бөлек, жоба авторы алғашқы сұрыптаудан кейін кей­бір киімдер қайырымдылық қорларына табысталатынын атап өтті. 

– Қазақстан бойынша жыл сайын шамамен 200 000 тонна тоқыма қалдықтары пайда бо­лады. Бұл 720 000 тонна CO₂-экв., яғни 2 млн литр бензин жанған­дағы шығарындылармен тең. FABRIQA осы қалдықтарды по­ли­гонға түспей, пайдалы айна­лымға бағыттап, шығарынды­лар­ды азайтып, бастапқы ре­­сурс­тар­ды үнемдейді. Біздің жобамыз тоқыма қалдықтарын жою үшін ғана емес, оларды сұранысқа ие өнімге айналдыру мақсатында іске қосылды. Бұл идея тоқыма қалдығын пайдаға жарату, ресурс­ты үнемдеу әрі адамдарға жаңа өнім ұсыну ние­тінен туды, – деді Д.Лекомцев. 

Жоба өз жұмысын 2025 жыл­дың ақпан айынан бастаса, сол уақыттан бері 108 тонна тоқыма қалдығы жиналған. Қазір қала бойынша 23 киім қабылдайтын жәшік орнатылған. Олар қала орталығында тұрғындар тығыз шо­ғырланған Бостандық және Әуезов ауданында орналасқан. Денис Лекомцев қоқыс мәсе­лесі­не келгенде қоғамдық пікір­дің өз­ге­ріп келе жатқанын ай­тады. Себебі жәшіктер бірер са­­ғаттың ішінде толып қалатын көрінеді. 

– Енді ескі киімді қайта өң­деуге тапсыру – қайырымдылық емес, қарапайым қалалық қызмет. Екі айдың ішінде әлеуметтік же­лілерде 1 миллионнан астам қа­ралым мен 22 мың жазылушы жи­налды. Бұл қоғамда экология­лық жауапкершіліктің артқанын көрсетеді, – деді ол.

Қала тұрғыны Назым Сапар биыл көктем айларынан бері ескі киімдерін қайта өңдеуге өткізуді әдетке айналдырған. Ол жаңадан киім сатып алар алдында баға­сынан гөрі сапаға мән беретінін, себебі киімнің ұзаққа дейін киілуі маңызды екенін айтады. 

– Мен үшін ескірген киімнің қайта өңдеуден өтіп, адамдардың қажетіне жарағаны маңыздырақ. Киімді өртеп ауаны ластағаннан гөрі, оған «екінші өмір» сыйлаған әлдеқайда тиімді шешім деп ойлаймын. Қайта өңдеуден өткен өнімдердің арасынан сапасы сақ­талған  киімдерді балалар үйіне жіберетінін білемін.

Бұрын әдемі киімдерді көр­сем, барлығын сатып алғым келіп тұратын. Ал қазір тек базалық киім­дерді аламын. Мен үшін киім­нің сапалы әрі денеге ыңғай­лы болуы маңызды. Бағасы қым­бат болса да, киімнің сапасы ұзақ мерзімге дейін шыдай алатындай болуға тиіс. Шыны керек, өзім киімдерді жиі жаңартып, қайта-қайта ауыстыра бергенді ұнат­паймын, – деді Н.Сапар.

Экологиялық жоба механи­ка­лық қайта өңдеуді қолданады. Автордың сөзінше, процесс ба­рысында химиялық еріткіштер, су немесе басқа да реагенттер пай­даланылмайды. Мұндай тәсіл зиянды шығарындылар мен ағын­ды судың пайда болуын алдын алады. Бұл экология үшін ең қа­уіп­сіз әдіс саналады. Жоба автор­лары келешекте жоба ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.

– Қазір осындай экологиялық бастамаларды Астана мен Шым­кент қаласында іске қосу туралы келіссөздер жүріліп жатыр. Одан өзге өңірлерде қайта өңдеу қуатын құру мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, халықты тоқыма қалдықтарын сұрыптауға кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Тұрақты шешімдерге сұраныс артып келе жатқанын көріп отыр­мыз, сондықтан біздің міндеті­міз – қайта өңдеуді еліміздің барлық ірі қалаларында қолже­тім­ді ету, – деді бастама авторы.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы