Шілденің басында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мем­лекет басшысы тиімді көші-қон саясаты демографиялық бол­жамдарға сүйенуі және халықтың ішкі мобильділігінің шын­айы себептерін ескеруі қажет екенін атап өтті. Бұл тезис қазір Қа­зақстан бетпе-бет келіп отырған өзекті үрдістер мен сын-қа­тер­лермен тікелей байланысты.
Көші-қонның этникалық құрылымы өзгеруде
3,377
оқылды

Бүгінде көші-қонның не­гізгі бағыты – ел ішіндегі қон­ыс аудару. Соңғы жылдары Қа­зақстанда ішкі көші-қон белсенділігі тұрақты түрде өсіп, бірнеше маңызды мегатрендті қалыптастырып отыр. Бірін­ші­ден, урбанизация – ауыл халқы­ның жаппай ірі қалаларға қоныс аударуы. Екіншіден, мегаполистердің айналасын­дағы елді мекендердің өсуі, агломерациялық аймақтардың кеңеюі және субурбанизация үдерістерінің қарқын алуы. Үшіншіден, өңіраралық көші-қон ағындарының жандануына куә болып отырмыз. Бұған вах­талық әдіспен жұмыс істеу, сон­дай-ақ маятниктік көші-қон (күнделікті немесе апталық жұмыс сапарлары) мысал бола алады. Солтүстік және батыс өңірлерде Ресейге бағытталған вахталық еңбек миграциясы орын алуда. Төртіншіден, көші-қонның этникалық құ­ры­лы­мы өзгеруде. Бұрын мұн­дай үдерістерде негізінен қа­зақтар мен славян этностары басым болса, соңғы жылдары оған өзбектер, дүнгендер, тә­жік­тер және күрдтер белсенді араласа бастады. Бесіншіден, соңғы екі жылда Қазақстанға им­миграция көлемі артты. Бұл үрдіс, бір жағынан, ТМД ел­дері­нен, Қытайдан және Моң­ғолиядан этникалық қазақ­тардың оралуымен (ре­па­т­ри­ация), екінші жағынан, ең­бек мигранттары ағынымен байланысты. Иммигранттар үшін негізгі тартылыс орталық­тары – мегаполистер (Астана, Алматы, Шымкент) және Ал­маты мен Маңғыстау облыс­тары. Сонымен бірге, көршілес елдерден келген азаматтардың (өзбектер, тәжіктер және тағы басқалар) ағыны да өсіп отыр. Қазіргі жағдайда бұл үдеріс тұр­ақтылығын сақтап тұр, алай­да алдағы 2–3 жылда әлеуметтік шиеленістердің туындау қаупін де жоққа шығаруға болмайды.

Бұл үдерістер елдің демо­графиялық құрылымына, ин­фра­құрылымдық жоспар­лау­ға және өңірлік даму страте­гия­ларына айтарлықтай әсерін тигізеді. Соңғы 15 жылда (2009–2024 жж.) Қазақстанда ішкі көші-қонның тұрақты өсуі байқалады. 2009 жылы көші-қон айналымы (келгендер мен кеткендердің жалпы саны) ша­мамен 800 мың адамды құраса, 2015 жылдан бастап бұл көр­сеткіш тұрақты түрде 1 мил­лион­нан асып отыр. 2024 жылы ресми тіркелген қоныс аудару­лар саны 3 миллионға жетті. Тір­кеусіз орын алатын бейрес­ми көші-қонды ескерсек, шы­н­айы көрсеткіш жыл сайын 3,5–4 миллион адамға дейін жетуі мүмкін. Бұл – ел халқы­ның шамамен 17%-ы өз тұрғы­лықты жерін жыл сайын ауыс­тырады деген сөз.

Алайда бұл үдерістердің бақы­лаусыз әрі реттелмеген сипаты алаңдаушылық тудыра­ды. Мемлекет көші-қон сал­дар­ын жұмсартуға бағытталған шараларды қолға алғанымен, бұл бағытта ұзақмерзімді жүйе­лі басқару тетіктері әлі де жет­кіліксіз. Соның салдарынан, ірі қалаларда урбанистік жүк­теме артып, мегаполистерде тіркеуді қатаңдату немесе қон­ыс аударушыларды шектеу сияқты шараларды талқылау күшейе түсуде.

Бұрын сыртқы эмиграцияға көбірек бейім болған славян этностары соңғы жылдары ішкі көші-қон белсенділігінің артуын көрсетуде. Мәселен, 2009 жылы орыс этносының ішкі қоныс аударулары 80 мың адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 180 мыңға жеткен. Аталған үрдіс украиндар, бело­рустар және немістер арасында да байқалады. Жалпы алғанда, 2000–2024 жылдар аралығын­дағы ішкіреспубликалық көші-қон айналымында өңіраралық қоныс аударулардың үлесі ша­ма­мен 66%-ды, ал облыс ішіндегі қоныс аударулар 34%-ды құрады.

Сонымен қатар славян эт­нос­тары арасындағы сыртқы көші-қонның айтарлықтай көлемі (шамамен 1,6–1,8 мил­лион адам) экономикалық жағ­дайлар мен бұрынғы тұрғы­лықты жерлеріне қайта қоныс аударуға байланысты болды. Қазіргі кезеңде ішкі көші-қон­ның басты ынталандырушы фак­торлары – жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндіктері және өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтылыс. 

Әдетте, бұған дейін төмен мобильділік танытқан мен ерекшеленген азиялық этника­лық топтар (өзбектер, ұйғыр­лар, дүнгендер, тәжіктер және күрдтер) бүгінде айтарлықтай белсенділік танытып отыр. Олардың көші-қонының 54%-ы өңіраралық қоныс ауда­ру­ларға, ал 46%-ы облыс ішін­дегі қозғалыстарға тиесілі.

Қоныс аударудың негізгі себептері ретінде экономи­калық мүмкіндіктерді арттыру, тұрғылықты ареалды кеңейту, әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымға (медицина, білім беру, рухани сала) қол жеткізуді жақсарту, сондай-ақ бос ауыл шаруашылығы жер­лері мен дәстүрлі шаруашылық түрлерін игеру мүмкіндігі қа­рас­тырылады. Сонымен қатар қоныс аударушылардың жаңа еңбек салаларына – сауда, меди­цина, ақпараттық техно­ло­гиялар және өзге де сектор­ларға бейімделуі (игеруі) маң­ыз­ды фактор ретінде қа­рас­тырылады. Мысалы, төменде­гідей көші-қон түрлері байқа­ла­ды: Жамбыл облысынан дүнгендердің Алматы, Астана және Қарағанды облысына қоныс аударуы; Жетісай және Мақтаарал аудандарында тә­жіктердің қоныстану ареалы­ның кеңеюі; Жамбыл облыс­ындағы күрдтердің Алматы агломерациясы мен Солтүстік Қазақстан облысының ауыл­дарына көшуі. Сонымен қатар қазақтардың ішкі көші-қоны да белсенді түрде жалғасуда. Ішкі көші-қон нәтижесінде бірқатар өңірлердің этнодемо­графиялық бейнесі айтарлық­тай өзгеріп отыр. Айталық, соңғы жылдары Астанада қазақ халқының үлесі күрт өсіп, 1998 жылғы 40%-дан 2024 жылы шамамен 80%-ға жетті.

Бұл үдерістер этностық ерекшеліктерге сай мәдени инфрақұрылымы қалыптасқан ықшам этникалық аймақ­тардың пайда болуымен қатар жүруде. Мұндай «қауымдас­тық­тарда» мешіттер, дүкендер, демалыс орындары және қо­ғам­дық тамақтану нысандары сияқты мәдени ортаға бейім­делген қызмет түрлері дамып келеді.

Дегенмен ішкі көші-қонда да қауіптер жоқ емес. Атап айтсақ, оңтүстік өңірлерде халық­тың табиғи өсімі жоғары қарқынмен сақталып отыр, ал солтүстік пен шығыс аймақ­тарда халық санының азаюы және демографиялық құры­лым­ның қартаюы байқалуда.

Сондай-ақ негізгі көші-қон тобы болып саналатын жастар (20–39 жас) жиі тіркеудің жоқ­тығына байланысты білім, медицина және мемлекеттік қыз­меттерге қол жеткізуде қиын­дықтарға тап болады. Әлеу­меттік-мәдени айырма­шы­лықтар қоныс аударушы­лармен жергілікті тұрғындар арасындағы әлеуметтік қаш­ықтықтың артуына әкелуі мүм­кін. Алматы мен Астананың білім миграциясының негізгі орталықтарына айналуы атал­ған мегаполистердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жүйе­леріне айтарлықтай жүктеме түсіреді.

Миграциялық саясатты жет­ілдіруге бірнеше нұсқа ұсынамын. Көші-қон үдеріс­тер­ін жүйелі мониторингтеп, халықтың жас-этникалық құ­ры­­лымы мен білім деңгейін ескере отырып, көші-қон ағын­­дарын тұрақты бақылау механизмін енгізу. Сонымен қатар тұрақты социологиялық зерттеулер жүргізу. Ең мобильді топ болып саналатын жастарға басымдық бере отырып, көші-қонның себептері мен салдар­ын зерделеу. Бірыңғай ақ­параттық платформа құру. Бұл платформа ЖСН, Мемлекеттік тізілім, БЖЗҚ, білім беру және жұмыспен қамту жүйелері сияқты негізгі мемлекеттік ақ­парат­тық жүйелермен инте­грацияланып, көші-қон про­цестерін кешенді түрде ба­қы­лауға мүмкіндік береді.

Ішкі көші-қон – бұл тек демографиялық үдеріс қана емес. Ол өңірлік дамудың, әлеу­меттік тұрақтылықтың және инфрақұрылымдық жос­парлаудың маңызды факторы­на айналып отыр. Ішкі көші-қонның этникалық келбеті мен ерекшеліктерінің өзгеруін ескере отырып, бұл үдерісті өңір­лік даму стратегиялары және әлеуметтік-экономи­калық саясатпен тиімді үйлес­тіру аса маңызды. Сонымен қатар тек жүйелі және алдын ала ойластырылған көзқарас қана ішкі көші-қонды тұрақты қалыптастырудың басты рес­урсына айналдыра алады. 

Дінмұхаммед ӘЗІМБАЙҰЛЫ,

э.ғ.к., профессор, Қолданбалы этносаяси

зерттеулер институты