Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «AMANAT» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының төрағасы Темір Мұсаев қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды спортқа баулуға әрдайым ерекше мән беріп келеді. Міне, соның айқын дәлелі – бүгінгі іс-шара. Енді ата-анаға, жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарына зор сенім артылып отыр. Жас спортшыларымыз кәсіби жаттықтырушымен бірге биікті бағындырып, жарқын жеңістерге жететініне сеніміміз мол. Көк Туымызды көкке көтеретін нағыз саңлақтар осы мұз айдынынан шыға берсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа кешеннің құрылысы 2023 жылы басталып, 2024 жылы толық аяқталды. Жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асты.
Нысанның жалпы аумағы – 1 100 шаршы метр, оның ішінде мұз алаңы – 960 шаршы метр. Мұз айдыны бір мезетте 500 адамды қабылдай алады. Спорттық кешенде ұлдар мен қыздарға арналған жуыну, киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар мен медициналық қызметкерлерге арналған кабинет, сондай-ақ әкімшілік бөлмелер қарастырылған.
Кешеннің екінші қабатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған аманауи жаттығу залы орналасқан. Мұнда 10-18 жас аралығындағы алғашқы даярлық топтары мен жас спортшылар кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен жаттығады.
Алдағы уақытта нысанда хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және керлинг сынды олимпиадалық спорт түрлерінен тегін үйірмелер жұмысын бастайды.