Отбасы – ұлттық рухтың ошағы, тәрбиенің негізі, болашақтың іргетасы. Осындай құндылықтарды арқау еткен алғашқы отбасылық этно-марафон Қостанайда өтті.
Ұлттық құндылықтар дәріптелген күн
3,395
оқылды

Шараны «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты «Балаңа уақыт арна» және «Бақытты отбасы» жобалары аясында ұйымдастырды. Жобаның жетекшісі – Қостанай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл, партия жанындағы сарапшы Несібелі Басенова. 

Шараның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді сақтау мен отбасы құнды­лықтарын насихаттау.

«Золотой фазан» демалыс кешенінде өткен марафонға облыстың барлық өңірлерінен 16 отбасы қатысты. Қатысушылар ұлттық нақыштағы киім киіп, ата-баба мұрасын дәріптеуге ерекше көңіл бөлді.

Марафонның ашылуында «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов пен Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова құттықтау сөз сөйледі.

«Ұлттық стильдегі отбасылық мара­фон – маңызды бастама. Бұл арқылы біз ұрпаққа отбасы құндылығын насихаттап, дәстүрімізді жаңғыртамыз», – деді Алмат Досмұхамедов.

Шара барысында қатысушы отбасылар өз тарихымен таныстырып, ата дәстүрге адалдық, үлкенге құрмет пен бала тәр­бие­сіндегі жауапкершілік туралы ой бөлісті. Сонымен қатар спикерлер мазмұнды баян­дамалар жасады. Облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл, жоба жетекшісі Несібелі Бәсенова отбасылық құндылықтың мемлекет тұрақтылығындағы маңызын атап өтті.

Марафон аясында:

● Отбасылық таныстырулар – 3 минутта шаңырақ шежіресін баяндау

● Ұлттық ойындар – тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тарту

● Шығармашылық байқаулар – Dombra Battle, «Өнерлі отбасы», музыкалық номерлер өткізілді.

Шараның әр сәті естелікке тұрарлық болды: күй төгіліп, балалардың күлкісі мен домбыраның үні бір-бірімен жарасып, нағыз отбасылық мерекенің шырайын келтірді.

Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен номинация иегерлері анықталды:

● Бас жүлде (1 орын) – Алпыс отбасы, Алтынсарин ауданы («Жеке Дара») – 

100 000 теңге;

● 2 орын – Амир­газиндер отбасы, Аман­гелді ауданы («Бірлік») – 50 000 теңге;

● 3 орын – Валихановтар отбасы, Денисов ауданы («Алаш») және Берікқара отбасы, Лисаков қаласы («Мерейлі отба­сы») – әрқайсысына 30 000 теңгеден;

● Көрермен көзайымы жүлдесі – Си­ня­шовтар отбасы – 20 000 теңге және «Садақ ату» номинациясы;

● «Тоғызқұмалақ» үздігі – Алпыс отбасы, Алтынсарин ауданы;

● «Өнерлі отбасы» – Илимжановтар отбасы, Денисов ауданы;

● Dombra Battle және «Ең талантты от­ба­сы» – Сагитовтер отбасы, Б.Майлин ауда­ны.

Жас отбасылар ұлттық ойындар арқылы ғана емес, өзара тәжірибе алмасу мен ұрпаққа үлгі боларлық өнегені де паш етті. Мысалы, Жангелдин тумасы, бүгінде Алтынсарин ауданында тұратын Әбдрахман Алпыс жұбайы Әйгеріммен жеті бала тәрбиелеп отыр.

«Ұрпақ тәрбиелеу – елмен бірге ат­қарылатын іс. Отбасы – үлкен дүние. Барша ұйымдастырушыларға алғыс айта­мыз», – деді ол.

Этно-марафонға қатысқан өзге отбасылар да ерекше сипатқа ие. Мысалы, Әулиекөлден келген Есмағамбетовтер – ұлттық тәрбие мен қоғамдық белсенділікті ұштастырып жүрген өнегелі шаңырақ. Федоров ауданынан келген Айтбаевтар – ұлттық спортты дәріптеп жүрген әулет. Рудный қаласының Есқабыловтар отбасы – отансүйгіштік пен еңбекқорлықты ұрпағына аманат етіп жүрген отбасы.

«Бүгінгі іс-шара – отбасы ішіндегі байланыстарды нығайтуға арналған ерекше саяхат. Қатысушылар дәстүр арқылы бір-бірін жаңаша тани түседі», – дейді жоба жетекшісі Несібелі Бәсенова.

Этно-стильдегі марафон – мерекелік көңіл күймен қатар, терең тәрбиелік мағынасы бар тағылымды бастама болды.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да отбасы құндылығын насихаттайтын осындай игі жобаларды жалғастыра бермек.

«Ұлттың тамыры – отбасында. Отбасы мықты болса, қоғам да берік болады», – дейді ұйымдастырушылар.