Металлург – оттың қасында жүріп, темірмен тілдесетін нағыз еңбек адамы. Бұл мамандықтың иелері күн сайын ыстық пештің жанында, балқыған металдың арасында жұмыс істейді.
Отпен алысып, темірмен тілдескен
4,751
оқылды

Олардың еңбегі – көрінбейтін, бірақ әрбір зауыттың, әрбір құрылыс пен өндірістің негізі. Жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде металлургтер күні атап өтіледі. Премьер-Министр Олжас Бектенов кәсіби мерекеге орай тау-кен металлургия саласының еңбеккерлеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті. Сондай-ақ металлургия саласын дамыту Үкіметтің басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Біз өмірінің 40 жылын Балқаш мыс қорыту зауытына арнаған, ардагер мыс балқытушы, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Мақат Арзымбетовпен сұхбаттастық. 

– Металлург болу бала арманыңыз ба? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз? 

– Мен металлург боламын деп арман­дағаным жоқ. Біздің әулетіміздің ең үлкені, ағамыз Марат Арзымбетов Балқаш мыс зауытында балқытушы болып еңбек етіп жүрді. Сол кісінің жолын қуып, әскерден келгеннен кейін мен де металлург маман­дығын таңдадым. 

– Арзымбетовтер әулетін Балқаш халқы металлургтер династиясы деп атайды екен. Металл балқыту комбинатында неше ұрпақ жұмыс істейді? 

– Жалпы, бүгінде зауытта әулеттің төртінші ұрпағы еңбек етіп жүр. Ал Арзымбетовтер әулетіндегі металлург­тердің барлығының еңбек өтілін қосқанда 350 жылды құрайды. Қазір артымызда немере балам Асхат Сағымбаев зауыттың бөлімше басшысы, одан кейін Мадияр келе жатыр. Ол мыс балқыту цехында слесарь жөндеуші болып жұмыс істейді. Соңғы жылдары жүргізілген өндірісті жаңғырту, техно­логиялық үдерісті жетіл­діру жөніндегі жүйелі жұмыс, ұжымға жі­герлі жастардың келуі және интеллек­туалдық қуаттың өсуі балқаштық ме­тал­лургтердің болашаққа сеніммен қарауына негіз болды. Металлург – жай ғана жұмысшы емес. Ол – инженер, технолог, зерттеуші әрі физик. Оның шешімі бүкіл өндіріс процесінің сапасына әсер етеді. Құйылған болат сапасыз болса – ол болаттан жасалған құрылыс та, көлік те, құрал да ұзаққа бармайды. Демек, металлургтың жұмысы – ел экономика­сының бір тірегі. Өкінішке қарай, металлургтердің еңбегі көбіне көлеңкеде қалады. Біз күнделікті өмірде қолданатын техниканың, тұрмыстық заттардың ар жағында осы маман иелерінің маңдай тері, қажырлы еңбегі жатқанын ұмытып жатамыз. Бірақ металл балқыту – тек дене еңбегі  емес, ол – үлкен білім мен тә­жірибені қажет ететін сала. Ендеше маталлург болу қиын. Қазірдің өзінде әулетте ұрпақ сабақтастығын жалғас­тырғысы келетін балалар бар. Дегенмен тәжірибелі аға буын ретінде оларға «метал­лург болыңдар» деп қысым жасамаймын. Бірінші кезекте өз таңдаулары біледі. 

– Металлург болудың қиындығы қан­дай? Қазір мемлекет тарапынан метал­лургтерге қандай қолдау көрсетіліп жүр? 

– Мен жұмысқа 1978 жылы алғаш келген кезде қазіргідей сұйық отындағы «Ванюков пештері» емес, басқа тәсіл қолданылатын. Жұмыс өте қиын болды. Шаң-тозаң, улы газ көп болатын. Бір күн жұмыс істегеннен кейін «жұмыстан шығамын» дедім. Бірақ ағам алып қалды. Алты күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз. 1985 жылы алғашқы «Ванюков пештерін» қосты. Содан бері жұмыс жеңілдеді. Қазір жастар еңбек етіп жатыр. Оларға үйреттік. Сол 1985 жылғы пештің қосылғаны ерекше есімде қалды. Ал бүгінде ком­бинатта шаң да, улы газ да жоқ. Пештің барлығы жаң технологияға негізделіп жасалған. Бұрын пеш отынмен жанса, қазіргілері оттегі балонымен жұмыс істейді. Қазіргі заманғы Ванюков пештері жылу энергиясын тиімді пайдаланатын жабық жүйе ретінде жасалған. Жылу шығыны азайған­дықтан, өндіріс шығыны да төмендейді. Бұл – отын мен электр энергиясына кететін шығынды азайтады. Жаңа үлгідегі пештерде газ тазалау жүйелері жетілдірілген. Шаң-тозаң мен зиянды газдардың атмосфераға та­ралуы айтарлықтай азайды. Бұл – эко­логиялық нормаларға сәйкестікті қамтамасыз етіп, өндіріс орнына теріс қоғамдық реак­циялардың алдын алады. Жаңа технология бойынша жасалған пештердің қаптамасы мен футеровкасы (ішкі қабырғалары) жоғары сапалы, ыстыққа төзімді материалдардан жасалады. Бұл – пештің жұмыс істеу мерзімін ұзартады, жөндеу жұмыстарының жиілігін азайтады. Модернизацияланған пештер металлур­гиялық процестерді жеделдетіп, шикізатты балқыту уақытын қысқартады. Со­ның арқасында өнім көлемі артады, өндіріс қуаты еселенеді. 

Мемлекет тарапынан металлургия саласына қолдау бар, әсіресе өндірісті дамыту мен инвестиция тарту жағынан. Бірақ жұмысшылардың нақты тұрмыстық жағдайы, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қамтамасыз етілуі секілді мәселелер толық шешілген жоқ. Бұл бағытта нақты еңбек адамын қорғауға бағытталған саясат күшейе түссе, саладағы мамандардың жағдайы да жақсарар еді. Мен 7 жылдан бері зейнет демалысындамын. Кор­порация қызметкерлерге шипажайға жолдама, сыйақы беріп жатқанын естіп жүрміз. 

– Өндірісте қауіпсіздік техникасын сақтау қаншалықты маңызды? 

– Біз жұмыс істеген кезде қауіпсіздік сақтау үшін тек газтұмылдырық тағатынбыз. Кейінгі кездері әрбір жұмысшы каска, арнайы киім, көзілдірік, қолғап, құлаққап сияқты жеке қорғаныш құралдарын міндетті түрде киіп жүр. Қауіпсіздік техникасынан әр қызметкер жыл сайын емтихан тапсырады. Цехтарда «қауіпті аймақ», «отқа қауіпті», «электр тогы бар» деген сияқты ескерту белгілеріне назар аудару – қауіптің алдын алуға көмектеседі. Машиналар мен пештерді тексермей қосу – апатқа әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан техникалық тексеріс – күнделікті тәртіпке айналуы қажет. Себебі балқыған металдың температурасы 1 500°C-қа дейін жетеді. Бірсәттік абайсыздық күйікке немесе өлімге апаруы мүмкін.

– Әріптестеріңізге мерекелік құттықтау айтсаңыз. 

– Металлургтердің қажырлы еңбегі, ыстық пен оттың арасындағы табанды­лығы – еліміздің өндірісін алға сүйреп келе жатқан алтын арқау. Қиындығы мен жауапкершілігі мол бұл мамандықты абыроймен атқарып жүрген әр қызмет­керге мың алғыс! Еңбек­теріңіздің жемісін көріңіздер! Қызметтеріңіз өсе берсін! Ең бастысы, денсаулықтарыңыз мықты болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН