Бала алғаш рет «мама» деп тілі шығып, өз ойын білдіре бастаған сәт – ата-ана үшін ең үлкен қуаныш.
Әлия Сманқызы, логопед-дефектолог: Қарым-қатынас жоқ жерде сөйлеу қалыптаспайды
4,947
оқылды

Бұл – баланың алғашқы тұлғалық қадамы ғана емес, ата-ана мен бала арасындағы шынайы байланыстың бастамасы. Алайда бүгінде көптеген ата-ана бұл сәтті ұзақ күтуге мәжбүр. Себебі соңғы жылдары балалардың сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуі жиілеп барады. Осы мәселеге тереңірек үңілу үшін логопед-дефектолог, балалармен 15 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Әлия Сманқызымен сұхбаттасқан едік.

– Қазір балалардың тілі кеш шығуы жиі байқалады. Бұл құ­былыстың себептері қандай?

– Иә, бұл қазіргі заманның өзекті мәселесіне айналды. Бұрын бала тілі шықпай жатса, ата-ана­лар оны көп жағдайда «уақыт өте өзі сөйлеп кетеді» деп қабыл­дайтын. Бірақ бүгінде біз тілдің кешігуі баланың толыққанды дамуына елеулі кедергі келтіретін күрделі құбылыс екенін түсінуіміз керек. Оның бірнеше себебі бар.

Ең әуелі ананың жүктілік кезіндегі денсаулығына мән беру қажет. Егер ана жүктілік кезінде күйзеліс, депрессия, инфекциялық ауру мен ауырса, бұл баланың жүйке жүйесінің дамуында із қалдыруы мүмкін. Баланың сөйлеу қабілеті тек тілді үйрену емес, бұл – күрделі нейропсихологиялық үдеріс. Ал бұл үдеріс туабітті жүйке жүйесіне байланысты. Сонымен қатар сәбидің алғашқы айларынан бастап онымен тікелей сөйлесу, көзбе-көз қарым-қатынас жасау, эмоциялық байланыс орнату тіл дамуына негіз болады. Ал бұл байланыс болмаса, сөйлеудің де іркілуі әбден мүмкін.

– Балалардың гаджетке тәуел­ділігі тіл дамуына қалай әсер етеді?

– Өкінішке қарай, қазіргі за­манауи өмір салты баланың табиғи дамуын жасанды факторлармен шектеп отыр. Әсіресе, гаджеттер осы проблеманың басында тұр. Көптеген ата-ана баланы тыныш ұстау үшін планшет не телефонды қолына ұстата салады. Бала ойнап отырғандай көрінгенімен, шын мәнінде ол біржақты, пассивті қабылдау режимінде отырады. Ол естиді, көреді, бірақ жауап қай­тармайды. Қарым-қатынас жоқ жерде сөйлеу де қалыптаспайды.

Бала алғашында анасының көзіне қарап, эмоцияны түсініп, дауыс интонациясын, мимиканы бақылау арқылы сөйлеуді үйре­неді. Ал мультфильмде бұл бай­ланыс жоқ. Тірі адамның үніне, бет-әлпетіне қарап үйрену – сөйлеудің табиғи жолы. Сондық­тан балаға мультфильм көргізер алдында, ең алдымен, онымен сөйлесуді, бірге ойнауды, ән айту мен ертегі тыңдатуды әдетке ай­налдырған дұрыс.

Бала сөйлеуді ойын арқылы, дыбыстарды қайталау арқылы мең­гереді. Тіпті, қарапайым «мы­сық не дейді?» деген сұрақтың өзіне бала жауап беруге тырысып, дыбыс шығаруға машықтанады. Ал гаджеттер мұндай өзара әрекет ұсынбайды.

Баланың сөйлеуі тек бір тілде қалыптасуы керек

– Қазақ тіліндегі «қ», «қ», «ң» секілді дыбыстарды айту балаларға неге қиын?

– Дыбыстардың дұрыс айтыл­мауы тілдің моторикасымен байланысты. Мысалы, «р» дыбысы тілдің ұшының дірілдеуі арқылы жасалады, ал бұл үшін балада жет­кілікті артикуляциялық қабілет болуға тиіс. Бұлшық ет әлсіздігі, моториканың жетілмей қалуы, тіпті сору мен шайнау әрекетінің аздығы да осындай кемшілікке себеп болады.

Қазақ тілі – артикуляциялық жағынан күрделі тілдердің бірі. Әсіресе, көмей, тіл арты дыбыс­тарын айту үшін баланың тілі жақсы дамуы керек. Ал қазіргі балалар ұзақ уақыт ботқа, езілген тағаммен тамақтанады. Бұл – тіл мен жақтың моторикасының баяу дамуына әкеледі.

Сонымен қатар қазір көп отбасында екі немесе үш тіл қатар қолданылып жатады. Бұл жағдай баланың миында тілдік кодтардың араласуына, дыбыстарды шатастыруына себеп болады. Мұндай жағдайда біз ата-аналарға баланың сөйлеуі бір тілде толық қалыптасқанша, тек сол тілде сөйлеуге кеңес береміз.

– Ата-аналар баласының тілі кеш шыққанын жиі мойындағысы келмейді. Ондайда логопед қандай қадам жасайды?

– Иә, мұндай жағдай тә­жірибемде жиі кездеседі. Кейбір ата-аналар өз баласын өзгемен салыстырып, «қазір сөйле­месе, ертең сөйлейді» деген оймен уақыт жоғалтып алады. Бірақ сөйлеудің ке­шігуі уақыт өте өздігінен шешіле беретін мәселе емес. Бұл – уақытты қажет ететін, жүйелі жұмысты талап ететін үдеріс.

Біз мұндай ата-аналармен алдымен сенім орнатуға тырыса­мыз. Баланы бейнежазба арқылы бақылап, сөйлеу әрекетін көрсе­теміз. Қай жерде қиындық барын нақтылап, түсіндіреміз. Кейде проблема тілде емес, эмоциялық байланыста немесе отбасындағы атмосферада жасырынып жатады. Сондықтан логопед баламен ғана емес, бүкіл отбасымен жұмыс істейді.

Қарым-қатынас – баланың қоғамға ену жолы

– Сіз қандай тәсілдер арқылы баланың сөйлеуін дамытасыз?

– Біз сөйлеуді дамыту үшін кешенді әдіс қолданамыз. Мыса­лы, бала дыбысты ажырата алуын, сөздерді түсінуін, берілген нұс­қауды орындауын, осының бәрін тексереміз. Кейбір балалар сөйле­мейді, бірақ бәрін түсінеді. Ондай­да біз алдымен тілдік емес комму­никацияны ым, қимыл, көзқарас арқылы байланыс орнатамыз. Сосын барып дыбыстық белсен­ділікті біртіндеп дамытамыз. Кейде балаға қарапайым ауызша нұсқау жеткіліксіз болады, онда визуалды тіректерді (сурет, белгі) қосамыз. Бастысы – баланың психологиялық кедергісін жеңу.

– Кейбір балаларда сөйлеу бар, бірақ олар айналасымен байланыс орнатуға қиналады. Бұл нені біл­діреді?

– Бұл – өте маңызды әрі жиі кездесетін жағдай. Бала сөздерді айта алады, бірақ оларды жағдайға байланысты қолданып, айна­ласымен диалог құруға бейім емес. Бұл жағдайда біз тек тілдің даму деңгейін емес, ба­ла­ның сенсорлық қабылдауын, эмоциялық байланыс орнату қабілетін, әлеуметтік дағдыларын тексереміз. Мұндай балаларда көбіне сенсорлық ақпаратты өңдеу қабілеті бұзылған болады. Яғни, олар дыбысты естиді, бірақ оны ажырату, мәнін түсіну, соған сәйкес әрекет ету қиынға соғады. Бұл сөйлеу мен түсініктің арасындағы байланыстың үзілуі. Мұндайда реабилитолог баламен арнайы ойын, тактильді және визуалды жаттығулар жасап, оның миына келіп жатқан ақпа­ратты дұрыс қабылдауды және қайта өңдеуді үйретеді. Біздің мақсат – тек сөз үйрету емес, бала­ның байланыс орнату қабілетін қалыптастыру. Себебі сөйлеу – қарым-қатынас құралы, ал қарым-қатынас – баланың қоғамға ену жолы.

– Тәжірибеңізде есте қалған ерекше оқиға болды ма?

– Иә, мамандық жолымда жүріп жүрекке қатты әсер еткен, ұмытылмас сәт көп. Солардың бірі церебралды сал ауруымен ауыратын 5-6 жастағы бала туралы. Ол бізге алғаш келгенде тек дыбыс шы­ғарып қана отыратын. 30 күн бойы ол бірде-бір сөз айт­пады. Ал бір күні кенеттен орнынан тұрып, «мама» деп айтып, анасына қарады. Ана­сының көзінен қуаныштың жасы парлап кетті. Ол сәттегі қуаныш пен тебіреністі сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бала кейін: «Менің аяғым жерге тиді» деп анық сөй­леді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әсет ҚАЛИ