Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Абай облысында жүйелі жалғасуда. Атап айтсақ, «AMANAT» партиясы мен Абай облысы Полиция департаменті «Таза Қазақстан» рес­публикалық акциясы аясында бірлесіп, өңірдегі экология­лық мәселелерді шешуді қолға алды.
Экологиялық акция – ел назарында
4,805
оқылды

Экологиялық мәдениетті арттыру және санитарлық нор­маларды бұзудың алдын алу мақсатында полиция қызмет­керлері мен «AMANAT» партия­сының өкілдері бірікті. Акция шеңберінде мәслихат депу­тат­тарының, полицияның қоғамдық көмекшілері мен партия белсен­ділерінің қатысуымен рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүр­гізілді. Іс-шара барысында қа­тысушылар тұрмыстық қалдық­тарды рұқсатсыз төгуге жол бермеу және абаттандыру ережелерін сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Құқық қорғау органдары мен «AMANAT» партиясы өкілдерінің бірлескен жұмысы – қоршаған ортаны қорғау жолында мемлекет, «AMANAT» партиясы мен аза­маттық қоғам арасындағы сын­дарлы әріптестіктің жарқын үлгісі.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері санитарлық талаптарды бұзғаны және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 4 мыңнан астам семейлік әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ Шүлбі кентінде және Бесқарағай ауданының Шипалы көлі маңында «Таза жағалау» атты экологиялық акция өтті. Бесқарағай ауданында эко­логиялық бағдарлама аясын­да абаттандыру және тазалық жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Аудан көшелеріндегі тұрмыстық қал­дықтар жиналып, арнайы тех­ни­камен шығарылды. Сонымен қатар Бесқарағай ауылында орта­лық стадион аумағында көрер­мендерге арналған орындар жөн­деліп, сырлау жұмыстары атқарылды.

Экологиялық шараға ауылдың белсенді жастары мен тұрғында­рынан құралған 30-ға жуық адам қатысып, туған өлкеге деген жанашырлықтарын нақты іспен дәлелдеді. Игі бастаманың басты мақсаты – ел ішінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару.

Жергілікті тұрғындар мұндай шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұруы ауылдың көркеюіне, таза­лығына және тұрғындардың та­биғатқа деген жауапкершілік сезімінің артуына зор ықпал ете­тінін атап өтті.

Шараның басты мақсаты – су айдындарының жағалауын және халық көп жиналатын демалыс орындарын тұрмыстық қалдық­тардан тазарту, сондай-ақ тұрғын­дар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру. Бұл – тек тазалық шарасы ғана емес, соны­­мен қатар қоғамды эколо­гиялық жауапкершілікке шақыру, табиғатқа жанашыр көзқарас қалып­тас­ты­руды мақсат еткен бастама.

Акцияға жастар ұйымдары, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысты. Қатысушыларға арнайы қолғаптар мен қаптар таратылып, қалдықтарды сұрыптап жинау ұйымдастырылды. Өзен-көл жағалауларынан тұрмыстық қалдықтар мен пластиктер жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар экологиялық тақырыптағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, табиғатты қорғауға бағытталған жадынамалар мен парақшалар таратылды.

Шараны ұйымдастыру­шы­лардың бірі, Жастар ресурстық орталығының маманы Ерсінбек Өрлеубек аталған акцияның мән-маңызын ерекше атап өтті.

– Бұл тек бірреттік тазалық шарасы емес. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуді көздейді. Біз табиғатты тұтынушы ретінде емес, оның бір бөлшегі ретінде қабылдауымыз керек. Әр азаматтың үлесі – ортақ игілікке бағытталған нақты әрекет. Жастардың бел­сенділігі мен тұрғындардың қол­дауы бізді қуантады. Бұл – еліміздің ертеңі үшін жасалған жарқын қадам, – деді Ерсінбек Өрлеубек.

Шүлбі кентімен қатар, Бес­қа­рағай ауданындағы Шипалы көл жағалауында да белсенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Жергілікті тұрғындар мен еріктілер өз күштерімен көл жағалауын қоқыстан тазартып, экологиялық ахуалды жақсартуға өз үлестерін қосты.

«Таза Қазақстан» – еліміздің экологиялық тұрақтылығын қам­тамасыз етуге бағытталған кең ауқымды бағдарлама. Ол еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде өткізіліп, қоғамда экологиялық мәдениет пен сананы қалып­тастырудың маңызды құралына айналып келеді. Бұл бастама тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның қолдауын қажет етеді. Табиғатты аялау – әрбір азаматтың борышы. Тек біріге отырып қана біз қоршаған ортаны сақтап, келер ұрпаққа таза әрі жайлы өмір сүруге қолайлы табиғи орта қалдыра аламыз.

Ендеше экологиялық бағдар­лама тек бір рет өткізілетін сенбілік емес. Бұл –таза және сау ортаны құруға бағытталған саналы қадам. Біздің еліміздің тазалығына қам­қорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін мысалмен көрсете отырып, ата-аналар балаларын да жауапкершілікке баулиды. Бағ­дарламаның терең білім беру мәні осыны білдіреді.

 

К.ЕСІМ