«Біз ауызсумен қамту мәселесінің қалай шешіліп жатқанын көріп отырмыз және партия бұл іске араласатын болады. Облыста алғашқы бассейн ашылды, екіншісі салынып жатыр. Бұл – халық үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар Оқушылар сарайы бой көтеруде. Біз бұл нысандардың қаншалықты маңызды әрі қажет екенін көріп отырмыз. Мұндай спорт кешендері бар кезде ата-аналар балалары үшін алаңдамайды. Бұл – біздің сайлауалды бағдарламадағы басты бағыттардың бірі», – деді Павел Казанцев.
Комитет төрағасы сайлауалды бағдарламаның орындалуы – тек партияның ішкі жұмысы емес, Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық даму жоспарының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«2023 жылғы сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Президенттің сайлауалды бағдарламасының ережелерін және Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы сайлауда жеңіске жеткен «AMANAT» партиясының бағдарламасын жаңартылған ұлттық даму жоспарына енгізуді тапсырды. Сайлауалды бағдарламаның барлық тармақтары мен көрсеткіштері Үкіметпен келісілді, ал оларды орындау үшін жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға, салалық министрліктерге, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциясының мүшелеріне жүктелді», – деді ол.
Сонымен қатар Ұлытау облысында бірқатар өзекті мәселе мен жүйелі проблемалар байқалады. Аталған өңір «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың 2024 жылғы жол картасы бойынша орындалмаған тармақтардың үлесі бойынша елімізде төртінші орында тұр. Былтыр жоспарланған іс-шаралардың 22%-ы орындалмаған. Сондай-ақ мердігерлерді таңдауда әкімдіктердің жұмысының сапасы төмен, конкурстық рәсімдер кешіктіріледі, жоспарлау формалды түрде жүргізіледі. Мәслихат депутаттарының бағдарламаның орындалуын бақылауға қатысуы әлсіз екені сынға алынды. Кейбір мәліметтердің жалған берілгені, есептерде өрескел қателіктерге жол берілгені және түзетулер енгізілгеннен кейін де бақылаудың болмағаны атап өтілді.
Партиялық бақылау бекеттерін әкімдік қызметкерлері немесе тіпті мердігер ұйымдардың өкілдері басқарғаны да алаңдаушылық туғызды. Павел Казанцев кейбір нысандардың құрылысын ауыл әкімі немесе құрылыс жүргізуші компания өкілі қадағалағанын мысалға келтірді. Ол мұндай жағдайлар «партиялық бақылаудың мәні мен мақсатын мүлдем түсінбеуден» туындайтынын және барлық талапты жоққа шығаратынын айтты.
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова Жол картасының нақты тармақтарының орындалуы туралы егжей-тегжейлі есеп берді. Негізгі мәселелер – қаржыландырудың жетіспеушілігі, құрылыс материалдарының қымбаттауы, конкурстардың кешіктірілуі, мердігерлердің ауысуы және жобалық-сметалық құжаттаманы қайта түзету қажеттігімен байланысты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жошы хан кесенесіне апаратын жол учаскесінің құрылысы, бірқатар денсаулық сақтау нысандарының аяқталуы және Қаражалдағы аурухананы күрделі жөндеу сияқты бес іс-шара орындалмаған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 12 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысанының құрылысы аяқталды, тағы жеті нысан 2025 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Ақтүбек және Кеңгір ауылдарында амбулаториялар салынуда.
Зина Ақылбекова жас мамандарды қолдау, тұқым мен тыңайтқыштарға субсидия беру, жұмыс орындарын құру, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инфрақұрылымды бейімдеу, мәдени нысандардың құрылысын жүргізу сынды әлеуметтік бағыттар бойынша да бірқатар тәуекелді атады. Ол бірнеше бағыт бойынша түзетулер жүргізілгенін, жаңа конкурстар жарияланғанын және қосымша қаржыландыру қамтамасыз етілгенін айтты. Қиындықтарға қарамастан, өңірге инвестиция тарту мен әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жағынан оң динамика байқалуда.
«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ержан Тоқымбаев облыста бес комиссия – облыстық, екі қалалық және екі аудандық комиссия жұмыс істейтінін жеткізді. 53 партиялық бақылау бекеті ашылған, олардың 23-і жұмысын аяқтаса, қалғаны әлі де жұмыс істеуде. Жыл басынан бері 60 рейд, 6 отырыс өткізіліп, мемлекеттік органдарға 30-дан астам ұсыныс жолданған.
Павел Казанцев партиялық және мемлекеттік құрылымдар арасында тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығына назар аударды. Көптеген өңірлерде Жол картасын іске асыру бойынша штабтар тек формалды түрде құрылып, нақты үйлестіру жұмыстары жүргізілмейтінін айтты.
«Бұл мәселе жұмыс ұйымдастырудағы елеулі проблемаларды ғана емес, сонымен қатар кейбір мәслихат депутаттарының, әкімдік және филиал басшыларының жұмысына шынайы қызығушылық танытпай отырғанын көрсетеді», – деді ол.
Комитет іс-шараларды қаржылық қамтамасыз ету мен орындалуын бақылауға депутаттардың қатысуы әлсіз екенін, сондай-ақ партия жетекшілерінің өңірлердегі нақты жағдай туралы ақпараты жеткіліксіз екенін атап өтті. Жиын соңында Павел Казанцев сынның мақсаты – кінә тағу емес, керісінше, нәтиже үшін барлық ресурстарды жұмылдыру екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту, түзетулердің ашықтығын қамтамасыз ету, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыру, әсіресе бастауыш партия ұйымдарының қатысуын арттыру және проблемалық мәселелер туралы ақпаратты Орталық аппаратқа жедел жеткізу тапсырылды.
С. БЕГІМБАЙ