Аграршылар дабыл қақты: ылғалсүйгіш дақыл шаруа­шылығының жағдайы бұрын нашар еді.
Мақтамызбен мақтана алмай отырмыз
4,975
оқылды

Енді басталған суды қатаң үнемдеу оның түбіне жетіп, жойып тынбақ. Ресми статистика бойынша мақта өндірушілер 2022 жылы 116,7 млрд теңгенің өнімін жинаса, егістігінің күрт азаюы кесірінен 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еседей, 61,2 млрд теңгеге дейін кеміп кетті. Депутаттар оның жойылуына жол беруге болмайтынын айтады, өйткені бұл стратегиялық сала: жеңіл өнеркәсіп сыртында, қорғаныс, оқ-дәрі жасау үшін де мақта керек. Бұл істе мемлекеттің өзгеге тәуелді болғаны елге қауіп.

Мұнда ізгі үлгіні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Аймағымыздағы Тәжік­стан биыл мақтаны 100% терең өң­деу­ге қол жеткізгелі тұр. Осының ар­қа­сында тәжіктер әлемге тоқыма экспортынан табатын табысын 3 мил­лиард долларға жеткізбек. Asia-Plus порталының жазуынша, кеңес заманынан бері Тәжікстан мақта шитінің тек 30%-ын өңдеп келген. 

Батыс инвесторларының қол­дауы­мен, тәжік Үкіметі бұл санды 100%-ға, ал тоқыма экспортын – 10 есеге дейін арттырып жатыр. Бұл хабарды ТР премьер-министрі Кохир Расулзода жеткізді. Ел тоқыма-мата саласын басымдық деп жариялады. Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Шерали Кабир мақта-тоқыма саласын қарқынды дамытуға Үдемелі индустрияландыру мен өнер­кәсіптік өндірісті бесжылдықта екі еселеу жөніндегі IV Ұлттық стра­тегия аясында қол жеткізілгенін мәлімдеді. 

– Бүгінде тоқыма секторы инно­вация орталығына айналды. Біз жет­ек­ші елдердегі озық жабдықтарды өндірушілер, инвесторлар мен сер­іктестер тарапынан елімізге қызығу­шылықтың өскенін байқап отырмыз. Сол себепті мақта шитін шетелге ши­кі­зат күйінде шығармай, толығы­мен өзімізде өңдеуге шешім қабылда­дық, – деді тәжік министрі. 

Осы саясат аясында толық циклды кластер құрылды: ол мақта өсіруден бастап, одан дайын өнім жасауға, тұқым мен өнім сапасын бақылау, сертификаттау және инновация ен­гізуге дейінгіні қамтиды. Бұл істе тәжік еліне халықаралық ұйымдар мен батыс кеңесшілері көмекке кел­ді. Үкімет шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасады, салық және кеден жеңілдіктерін ұсынды. Қажетті инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік аймақтар жұмыс істейді, кадрлар даяр­ланады. 600 мың жаңа жұмыс орны ашылған, тәжік мигранттары Ресейден оралып жатыр.  

Бізде ше? Мақта бүгінде тек бір өңірде – Түркістан облысында ғана өсіріледі. Бұл бағытта 25 мыңдай фермерлік және жеке шаруашылықта 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын 120 мың гектарға жуық алқапта мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам шитті мақта жиналады.

– Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық беріп, экономиканы әртараптандыру­ды кезек күттірмейтін маңызды мін­дет ретінде айқындады. Алайда осы өнім түрін игеріп жатқан шаруа қожа­лықтарының соңғы жылдардағы жағ­­дайы қиын. Олар мол өнім ала алар емес, салдарынан еңбегінен та­быс табу орнына, тіпті тапқаны шы­ғын­дарын өтеуге жетпейді. Кей жағ­дайда қарызға батып, ертеңгі күніне алаңдаулы. Мақта саласының жыл­дан жылға нашарлауына ықпал еткен фактор жетерлік. Айналым қа­ра­жа­ты­ның болмауы, шаруалардың агро­тех­никалық шараларды толық көлем­де жүргізе алмауы, судың және сапа­лы тұқымдардың тапшылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді, – дейді сенатор Мұрат Қадырбек.

Сала қуатты қолдауға зәру

Елімізде мақта талшығын терең өңдейтін тек 3 кәсіпорын қалды. Олар­дың өзі елде өндірілген мақта­ның небәрі 15%-ын өңдейді. Қалға­ны, 85%-ы шикізат күйінде және ар­занға шетелге экспортқа кетеді. Түркістан өңірінде болған Сенат де­путаттары елде мақта өнімін қайта өңдеу қызметінің ақысы тым жоғары екенін айтады. Құны тоннасына 150-170 мың теңгеге жетеді. Мақта өңдеу­де жаһандық алғашқы ондыққа кір­е­тін Қытай мен Өзбекстанда қыз­меттің бұл түрінің құны тоннасына 40–60 мың теңгені құрайды. Яғни, біздегі өңдеу құны олардан 3 есе қымбат. 

Мұнда сапасы керемет, «ең жо­ғарғы сынып» болса сөз жоқ қой. Ха­л­ықаралық нарықта өңдеуден өткен мақта талшығы 35–60 см бол­ған жағдайда жоғары бағаланады екен, ал Қазақстанда өңделген мақта талшығының басым бөлігі 20–25 см ғана! Ең заманауи, жаңа деген зауыт­тарда – 30–35 см-ге әзер тартатын көрінеді.

– Мақта шаруашылығының да­муы­на тежеу болып тұрған тағы бір фактор – әлгі 3 кәсіпорын дайын өні­мін ішкі нарықта өткізе алмайды. Мәселен, ТОО AZALA Textile фаб­рикасы тауарын өткізе алмауы себепті 2025 жылғы наурыздан жұмы­сын тоқтатты. Дәл осы кезде жыл сайын ұлттық компаниялар тоқыма тауар­ларын сатып алу үшін миллиард­таған қаржы жұмсайды. Бір ғана «Қазақстан темір жолының» осы са­тып алуы 40 мил­лиард теңгеден асты. Олай болса, мақта класстерін дамыту үшін отан­дық зауыт-фабрикалармен ұзақ мерзімді офтейк-контракт бекі­тіп, қол­дау көрсетуі қажет, – деді М.Қадырбек.

«Су үнемдеудегі» асыра сілтеу де саланың сорына айналыпты: сенатор ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті ағынсу тарифтерін бекіту барысында «ҚазСуШар» РМК-ға шаруа­ларға қолайсыз, жоғары тариф­терін бекітіп бергенін атап өтті. Бұл да мақта өсірушілерді қарыз бен қып-қызыл шығынға батырды. Оның бір­а­зы банкрот болып, өндірісін жау­ып тастапты. Сондықтан Сенат сала­ны құртып тынбау үшін Үкіметке «Мақ­та саласын дамыту туралы» жеке заң әзірлеуді ұсынды. Мемлекеттік қолдау шаралары сонда толыққанды көрініс табуы қажет.

Мұның сыртында Сенат депутат­тары шаруа қожалықтарынан мақта­ны сатып алып, тұрақтандыру қорын құруды жергілікті әкімдіктерге тап­сыруды, «Аграрлық несие корпора­циясына» шаруалар өнімін сатқанға дейін несиесін қайтару мерзімін ұзар­туды жүктеуді ұсынды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдік­тер­мен бірлесіп, Тәжікстан, Өзбек­станның тиімді де заманауи мақта класстерін құру мәселесін пысықтауы қажет. Бұдан басқа мақта сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу және енгізу маңызды.

Ұсыныстар неге Үкіметті «үркітті»?

Алайда бүгінде Үкіметтің бұл ұсыныстарды құптамағаны жария болды. Оны сенаторларға жолдаған хатында Үкімет басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, біріншіден, саланы дамыту туралы жеке заң жобасы әзірленбейді. Себебі теріс тәжірибе болды: 2021 жылға дейін «Мақта саласын дамыту туралы» заң қолдан­ыл­ды. Ондағы мақта қолхаттары жүй­е­сін және тиісті тетіктерді шама­дан тыс реттеу, кепілмен қамтуға қойылатын шектеулер қаржы инсти­туттары мен мақта өңдеу кәсіпорын­дары арасындағы өзара іс-қимылдың бұзылуына әкеліп, саланың дамуына кері әсерін тигізіпті.

– Осыған байланысты әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеу ұйым­дарының жұмыс істеу жағдайларын оңайлату үшін 2022 жылы аталған заңның күшін жою туралы шешім қабылданды. Қазір саланы реттеу «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мем­лекеттік реттеу туралы» заңы және басқа нормативтік құқықтық актілер аясында жүзеге асырылуда. Осыны ескере отырып, мақтаға арналған жеке заңды қабылдауды орынсыз деп санаймыз, – деді Премьер-Министр Олжас Бектенов. 

Екіншіден, мақта өнімін сатып алу бойынша тұрақтандыру қорлары құрылмайтын болды. Өйткені тұрақ­тандыру қоры әрбір өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін және баға тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге бағыттал­ған. Басты міндет – нан, тұз, ет, май сияқты халыққа бірінші кезекте қа­жетті әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасының өсуіне жедел әрекет ету және тапшылығына жол бермеу. Үкімет басшысының түсіндіруінше, мақта тамаққа да, бірінші кезекте қажетті тауарлар қатарына да жат­пай­тындықтан, оны сатып алатын тұрақтандыру қорын құру орынсыз!

Үшіншіден, Үкімет мақта өсіруші шаруалардың несиелерін өтеуін кейінге қалдыруға көп бара алмайды екен. О.Бектенов «Банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-­ның банктік операцияларын Ұлттық банк реттеп, қадағалайтынын баса айтты. Ал мақташылар сияқты жекелеген қарыз алушылардың мін­деттемелерін жаппай қайта құрыл­ымдау «кредиттің құнсыздануының факторы ретінде қаралады». Сал­дары­нан, бұл несиені тәуекелдің үшінші деңгейіне көшіруге, кредит­тік портфель сапасының нашарлауы­на және қайта қаржыландыру мүм­кіндіктерінің шектелуіне соқтырады. 

Төртіншіден, мақта саласын дамы­тудың жеке бағдарламасы дай­ындалмайды. Саланы қолдау Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2022–2025 жылдарға арналған Жол кар­тасы, сондай-ақ Мақта-тоқыма клас­­терін құрудың Жол картасы ая­сында іске асырылады. Саланы одан әрі дамыту үшін кластерлік тәсілді және технологиялық жаңғыр­ту шараларын күшейтіп, Тоқыма өнеркәсібін дамы­тудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Жол карта­сын әзірлеу қарас­тырылмақ. Онда мақтаға арналған шағын бөлім болмақ.

Үкімет басшысы елде бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланғанына екпін түсірді: Glo­bal Textile Turkistan ЖШС жобасы – мақта талшығын, сұр және боялған мата, трикотаж өндірісі (іске қосу мерзімі: 2025–2027 жылдар, инвес­тиция көлемі – 20,7 млрд теңге, 2 мың­д­ай жұмыс орны құрылуға тиіс). TST Jetisay Textile ЖШС иіру, тоқу және тігін фабрикаларын салуды жоспарлап отыр: іске асыру мерзімі 2025–2027 жылдар, инвестициясы – шамамен 41,5 млн доллар, 250 жұмыс орны ашылмақ. Қытайлық Kazakhstan LIHUA ЖШС мақтаны өсіруден дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклды жобаны іске асыруды көздеп отыр, 2 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ. Түркістан облысында мақта тұқымы зауыты жаңғыртылуға тиіс: қуаты – жылына 1,5 мың тонна, 2025 жылдың соңында пайдалануға берілуі мүмкін.

Өнімі оның көл-көсір

Үкіметтің мұндай ұстанымына деп­утаттар келіспейді. Ұзақ жыл қордаланған мәселелерді тек кешенді шаралармен, жан-жақты қамтитын бағдарламамен шешуге болады. Бірлі-жарым, «нүктелі» жобалар жүрелеген бүкіл саланы тізесіне тік тұрғызбайды. Фермер мақта шитісін егіп, жинауды қойса, Үкімет үміт артқан қытайлық және басқа жаңа кәсіпорындарға, іске қосылған соң, шикізатты Қытайдың Шыңжаңынан тасуға тура келеді. Демек, Қазақстан бәрібір тәуелді болып қалады. 

«AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі, Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың мәліметінше, Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сау­ран, Ордабасы, Арыс, Отырар, Бәйді­бек, Келес аудандарында 70 мыңға жуық отбасы мақтамен күн көріп отыр. Сала күйресе, оның бәрін Үкі­мет қайда орналастырады, сонша отбасыны мемлекет қамқорлығына ала ала ма?

– Мақтаны өткізу бағасы оны өсіру шығындарын да өтемей жатады. Бас­қа мемлекеттерде өндірілген өнімнің сатылымнан кейінгі шығынын, айыр­машылығын мемлекет өтеп береді. Сөйтіп, саланы жайрап қалудан қор­ғайды. Қазақстанда мақта дақылын өсіріп, жинаумен айналысатын шаруа­ларға пәрменді қолдау көрсетіп, мақта өндірісіне жұмсалған шығыны мен оны сатудағы айырмашылығын мемлекет есебінен төлеуді қолданысқа енгізу қажет, – деді Т.Қырықбай. Бі­рақ жеке заң мен бағдарлама болма­са, мұндай да жеңілдік енгізілмейді. 

Депутаттар бұл салада жаңа зауыт-кәсіпорындардың ашыларына сен­бейді. Себебі қолданыстағылары қиындықтан бас көтере алмады. Депутаттың мәліметінше, Түркістан өңіріндегі мақта өңдеу зауыттары өндірістік шығындары тым зорайып кеткеніне шағымданып, өнімнің өзін­дік құнын арзандату үшін өздеріне эл­ектр энергиясын көтерме бағада сатуды сұрады. Мақта зауыттары ал­дыңғы жылдары 1 квт/сағат электр энергиясына – 27 теңгеден төлесе, 2024 жылдан бастап ол 37 теңгеге көтерілген. Биыл да өсті, келесі жылы тағы жоғарылату жоспарланған. 

Бұл ретте көтерме бағаны пайда­лану үшін орташа тәуліктік (базалық) қуаттың кемінде 1 МВт көлемін тұты­ну керек екен. Әйткенмен, мақта за­уы­ты майнинг фермасы емес, сонша қуатты қажет етпейді. Салдарынан, аталған жеңілдікті пайдалануға мүм­кіндігі жоқ. Сондықтан Мәжіліс мақ­та кәсіпорындары үшін шектік нор­маны 0,5 МВт/сағатқа дейін төмен­детуді ұсынды. Әзірше шенеуніктер оны да құп көретін емес. 

Өз кезегінде АШМ мақташы­лардың қолдаудан қағажу қалғанын жоққа шығарды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомс­тво оларға өндірістің барлық циклін қамтитын мемлекеттік қолдау шара­лар­ын көрсететінін нықтады. 

– Тұқымдарды, минералды тың­айт­қыштарды, пестицидтерді, биоа­гент­терді, суару шығындарын, мақта­ны өңдеуге тапсыру кезіндегі өндірісті қолдауды субсидиялау, сондай-ақ ин­вестициялық субсидия­лау жүзеге асырылады. Ол аз болса, кредиттерінің пайыздық ставкасы да субсидия­ланады, егіс және егін жинау жұмыс­тары жеңілдетілген кредитпен қамта­масыз етіледі. Бұл шаралар шығынын азайтуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мақта – тұ­қы­мы 100% субсидиялана­тын жалғыз дақыл! Басқа дақылдар бойынша берілетін мұндай субсидия 15-50% ғана, – деді А.Сапаров.

Министр су ресурстарын үнемдеу науқаны мақта шаруашылығының түбіне жетпейтініне сендірді. Тек ди­қандар су үнемдейтін технологияларға көшуге тиіс: «Мақта ылғал сүйгіш дақыл, ол дамуының барлық кезеңінде көп мөлшерде суды қажет етеді. Бұл мақтаның өнімділігі мен сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан фер­мер­лер су үнемдеу технологияларын, соның ішінде тамшылатып суаруды енгізуі керек. Осыған ынталандыру үшін министрлік мұндай инвестиция­лық салымдардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары шеңберінде де мемлекеттік қолдау көрсетеді», – деді министр.

Қалай болғанда, қалауын тапса, шетелге шетінен шикізат түрінде сат­паса, мақтадан мыңдаған өнім өндіру­ге болады. Одан жіп, мата, киімкешек, гигиена мен медицинаға ар­нал­ған өнімдер, снаряд пен өзге жар­­ыл­­ғ­ыш заттар, пластмасса, қағаз-картон, лак-бояу, тамақ өнімдері (тұ­қы­мынан), малға азықжем, тыңайт­қыштар және басқасы алынады. Осы «ақ алтынынан» қазақ елі айрылып қалмай, сақтап, дамытып, келер ұрпаққа асыл мұрадай табыстағаны жөн.

 

Айхан ШӘРІП