Алайда абьюзерлік тек ер адам мен әйелдің арасындағы қарым-қатынаста емес, әріптес, құрбы не жақын бауырыңыз, тіпті ата-анаңыз тарапынан да жасалуы мүмкін. Күнделікті өмірдегі абьюзердің портреті қандай? Адам абьюзер екенін алдын ала қалай анықтауға болады?
«Абьюзер» ағылшын тілінен аударғанда «зорлық көрсетуші», «қиянат жасаушы» деген мағынаны білдіреді. Психологиялық, эмоционалдық, физикалық немесе сексуалдық тұрғыда өзге адамға жүйелі түрде қысым көрсететін, бақылауда ұстайтын, қорлайтын адамды абьюзер деп атаймыз. Психологтардың айтуынша, абьюзерлер – шын мәнінде психологиялық тұрғыдан өте әлсіз адамдар. Дәлірек айтсақ, әке-шешенің қатыгез тәрбиесінің, көрсеткен отбасы моделінің құрбаны. Адам қаншалықты қатыгез болса, соншалықты қорқақ деген сөз.
– Аналитикалық тұрғыда логика-лық ойлай алатын адамдар отбасында-ғы абьюзерлік қарым-қатынасты өздері де анықтай алады. Бірақ кейбір адамдар үнемі иллюзияда жүреді. Зорлық-зомбылықты «байқамай қалды, келесі жолы қайталамайды, бір-ақ рет болды» деп ақтап алады. Абьюзердің «ашумен істедім, мастықпен, эмоцияға берілдім» деген алдауына сеніп, уақыт создырып алатындар да бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың да түрі көп. Олар эмоциялық қысым, сексуалдық зорлық, экономикалық зомбылық, газлайтинг деп бөлінеді, – дейді психолог Балабек Сақтағанов.
Зорлық-зомбылықтың төрт түрі болады: физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық. Біз қазір физикалық зорлық-зомбылық туралы сөз қозғап отырмыз. Ал зорлықтың бұл түрі бір күнде басталмайды. Бастапқыда керемет романтикалық әрекеттер жасайды, сыйлықтар береді, жылы сөздер айтады. Уақыт өте келе «Біздің бір-бірімізді сүйетініміз соншалық, бізге ешкімнің де қажеті жоқ» деген сөздер айтылады. Осылайша, әйел адам психологиялық қақпанға түседі. Ал газлайтинг – абьюзерлерде кеңінен тараған әдістердің бірі. Яғни, ол «құрбанын» бейадекват ретінде көрсетіп, «Саған солай көрінген ғой, олай болған жоқ» деп жиі айтады. Сонымен қатар абьюзер құрбанын құнсыздандыруды жақсы көреді. Олар «Сенің достарың саған кері әсер етеді», «Жұмыс істеп қайтесің?», «Ол сенің қолыңнан келмейді», «Қоя салшы, өзім істеймін» деген сияқты сөздерді айтады.
– Абьюзерлер барынша жұбын бақылауда ұстауға ұмтылады. Телефонын тексеріп, жүріп-тұрғанын көзден таса қылмайды. Небір мысқыл айтып, кекетіп отырады. Жұбайына ақша бермейді, қаржылық тұрғыда бақылауда ұстайды. «Ақшаны қайда ұстадың?» деп есебін алып отырады. Достарының, ағайындарының қасында айғайлап, ұрсып сөйлейді. Көбіне әйелдер осының бәріне көз жұмып қарап, абюзердің құрбанына қалай айналғанын өздері байқамай қалады. Абьюзерлер мықты манипулияция жасайды. Үнемі өзінікі дұрыс екенін, жұбынікі қате екенін айтып отырады, – дейді психолог.
Көпшілік біле бермейтін тағы бір маңызды жайт – отбасылық зорлық-зомбылықтың 40-45% жағдайда ерлерге бағытталуы. Бұл – өте сирек айтылатын, бірақ өзекті мәселе. Кейде әйелдер күйеуін жүйелі түрде жәбірлегеннен кейін кісі өлтіруге дейін барады. Бұл да отбасындағы зорлықтың салдары. Мұндай фактілер отбасылық саясаттың әлсіз тұстарын айқын көрсетеді. Психологтердің айтуынша, әйелдерден де абьюзер шығады. Бірақ әйелдердегі абьюзерлік белгісі басқаша болуы мүмкін. Оның ішінде, белгілі бір зат арқылы агрессия көрсету. Яғни, әйел агрессияны физикалық тұрғыда емес, нақты бір заттар арқылы көрсетеді. Мысалы, ыдысты, техниканы сындырып, заттарды бүлдіруі мүмкін.
– Абьюзерді өзгерту өте қиын. Өйткені оның табиғаты сондай. Себебі ер адам өзінің абюзерлік әрекетін «еркектік болмысым» деп ақтайды. Абьюзерді өзгерту үшін психолог онымен ұзақ уақыт жұмыс істеуі керек. Абьюзермен қарым-қатынас орнатқанда оның эмоциясына қарай жауап беру қажет. Ол ашуланса, онымен бірге дауласудың қажеті жоқ. Әйел адам өз бағасын, өз шекарасын анық қоя білуі керек. Егер одан абьюзер аттап өтетін болса, онда дер кезінде әрекет жасауы қажет,– дейді психолог Балабек Сақтағанов.
Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ішкі табиғатын, әсіресе абьюзерлік қатынастың қалай қалыптасатынын, қалай жалғасатынын және оны үзу қаншалықты қиын екенін көрсететін «Бәрі бізбен аяқталады» (It Ends With Us) фильмі жарыққа шықты. Лили мен Райл арасындағы қарым-қатынас – сырттай мінсіз көрінетін, бірақ іштей зорлық пен бақылауға негізделген байланыс. Райл – табысты, сымбатты дәрігер. Бастапқыда ол Лилиге ерекше қамқор, сыйластықпен қарайды. Бірақ уақыт өте келе, Райл Лилиге эмоциялық қысым жасай бастайды. Олардың қарым-қатынасындағы абьюзерлікті тіпті көрермен де аңғара алмайды. Лили кеткісі келгенімен, оның ішінде шатасқан сезімдер болады: махаббат, қорқыныш, үміт, кінә. Бұл – абьюзерлік шеңбердің классикалық көрінісі: зорлық – кешірім – уәде – тыныштық, қайтадан зорлық. Фильм көптеген әйелдер бастан өткеретін күрделі ішкі күйзелісті, тәуелділікті, қоғамдық қысымды және зорлықтың тек физикалық емес, психологиялық сипатын да көрсетеді. Ол тек махаббат жайлы емес, өзін қорғау, шешім қабылдау, токсикалық қатынасты үзу жайлы хикая. Біздің қоғамда да, тіпті қасымызда да Лили мен Райлдар бар. Бірақ олардың барлығы бірдей абьюзерлікті тоқтатуға қауқарсыз. Қатыгездіктің жалғыз емі – оған төзбейтін қоғам қалыптастыру.
Көктем ҚАРҚЫН