Сәуір айында Мәжіліс депутаттары, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек пен «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов Жетісу облысының Алакөл ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы саласының жай-күйімен және жер мәселелерімен танысқан болатын. Комиссия жүргізген тексеріс барысында аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы игерілмей, бос жатқандығы анықталған. Аумақты уақытша пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткеніне қарамастан, жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер тарапынан ешқандай шара қабылданбаған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратураға ресми сауал жолдап, «Жер аманаты» комиссиясы анықтаған заңбұзушылықтарды тексеруді сұраған.
Депутаттың айтуынша, 2024 жылғы сәуір айында Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылына барған сапарында 351 коммерциялық мақсаттағы жер учаскесінің 10 жыл бойы игерілмегеніне куә болған.
«Осы учаскелердің бәрі 2016 жылдан бері игерусіз жатыр. Заң бойынша үш жыл ішінде пайдаланылмаған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс еді. Аудан әкімдігі мен тиісті бөлімдер неге шара қолданбаған?» – деді Бақытжан Базарбек.
Прокуратураның араласуынан кейін барлық 14 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, мемлекеттік жер қорына өткізілді.
Айта кетейік, жалпы Жетісу облысының жер қоры 11 848,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 4 718,2 мың гектар. 2022-2024 жылдары пайдаланылмай жатқан немесе мақсатына сай пайдаланылмаған 1,2 млн гектар жер анықталып, оның 712 мың гектары қайта айналымға тартылды, 502,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. 2025 жылы 90 мың гектар жерді мемлекетке қайтару жоспары бекітілген. Жыл басынан бері 36,9 мың гектар жер қайтарылып, бұл көрсеткіш жоспардың 40,9%-ын құрап отыр. Бүгінде халықтың жайылымға деген қажеттілігі 476,2 мың гектарды құрайды.
«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы республика көлемінде игерілмеген және заңсыз берілген жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл бастама елдің жер ресурстарын тиімді әрі әділетті пайдалануға бағытталған.