Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды, еліміздің оқушылары ChO-2025 олимпиадасында төрт медаль иеленді.
Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері атанды
Фото: gov.kz
679
оқылды

Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйінші  жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі алтын медаль, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір рет дәлелдеді.

I орын –  Кирилл Ким, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
I орын –  Абылай Кабдулхадыр, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
II орын –  Еңлік Бақытбекова, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
II орын –  Аңсар Жақсылықов, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:
Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
Ринат Илюсизов – бірнеше рет халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі –  қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін»,  деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.

Бұл Олимпиада әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін  500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Жетекші ұстаздарға да ынталандыру төлемдері көзделген. Еске салсақ, былтыр IChO-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.