Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағытында мемлекеттік білім беру тапсырысы айтарлықтай ұлғайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек мәлімдеді.
Грант саны 30 пайызға артты
4,085
оқылды

«Биылғы жылы барлығы 8 000 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде 800 орын жергілікті шағын және орта бизнес субъектілерінің сұранысы негізінде қарастырыл­ған. Бұл өңірлік кәсіпорындардың қажеттілігіне сай мамандар даяр­лау қажеттігін көрсетеді», – деді Сарсен Құранбек.

Биыл – Жұмысшы маман­дықтар жылы ретінде белгіленген. Осыған орай білікті жұмысшы кадрлар даярлау бағытындағы мемлекеттік тапсырыс көлемі 29,2%-ға артқан. Гранттар орна­ластырылатын 26 колледждің тізімі арнайы құрылған комиссия шешімімен бекітілген. Құжат қа­был­дау 25 маусымнан басталды.

Мемлекеттік грант иегерлері тегін оқумен және алғашқы семе­стр­де бірреттік ыстық тамақпен қамтылады. Одан бөлек, 32 000 – 47 000 теңге аралығында стипен­дия (білім үлгеріміне байланыс­ты) алады.  

Шымкент қаласы әкімі орын­басарының айтуынша, биыл мем­лекеттік гранттарды бөлу про­цесі Ұлттық білім беру дерек­тер ба­засы (ҰБДБ) арқылы жүзе­ге аса­ды. Бұған дейін бұл жұмыс SmartNation және Platonus плат­­фор­малары арқылы жүргізілген бола­­тын. «Абитуриенттер ара­сында гранттарды бөлу тамыз айында өтеді. Нәтижелер қала­лық білім басқармасының ресми сайтында жарияланады», – деді ол.

Спикер  мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жас­тар­дың білім алуға қолжетімді­лігін арттырып, еңбек нарығы­ның сұ­ран­ысына сай мамандарды дай­ындау жолындағы маңызды қадам екенін айтады. Бұл бастама жастар арасында техникалық және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арт­тыр­ып, қаланың экономикалық дамуына серпін береді.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы