Оған дейін ЮНЕСКО-ның тізіміне домбырамен күй тарту өнері, киіз үй тігу, айтыс өнері, қазақ күресі, Наурыз, асық ату сияқты ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрлеріміз енген болатын.
Қазақ тарихынан сыр шертетін деректі мұрамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізілмек
582
оқылды

Еліміздің халықаралық ұйыммен ынтымақтастығы бұған дейін назардан тыс қалып келгенін сөз еткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин қазір қазақ тарихынан сыр шертетін деректі мұрамызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу жұмыстары қолға алынған айтты,  деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.   Ол бұл туралы Egemen Qazaqstan басылымында «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты жарияланған мақаласында жазған.

– Біз бұған дейін төл шежіремізге қатысты материалдық құндылықтарды ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне қосуға баса мән беріп келдік. Бұл дұрыс, жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Мысалы, жақында Маңғыстаудағы жерасты мешіттерін аталған тізімге қосу туралы өтініш бердік. Бұдан бөлек, материалдық емес мәдени мұралар тізіміне «Салбурын» сияқты ұлттық дәстүрімізді, «Алпамыс батыр» эпосын енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Былтыр осы тізімге «Беташар» рәсімі қосылды. Оған дейін домбырамен күй тарту өнері, киіз үй тігу, айтыс өнері, қазақ күресі, Наурыз, асық ату сияқты ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрлерімізді енгізген едік.

Бірақ осы халықаралық ұйыммен ынтымақтастықтың тағы бір қыры бұған дейін назардан тыс қалып келді. Қазір қазақ тарихынан сыр шертетін деректі мұрамызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу жұмыстарын қолға алдық. Кезінде тізімге Қожа Ахмет Ясауидің және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбалар коллекциясы (2003 жылы), «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының аудио-визуалды құжаттары (2005 жылы), Арал теңізінің архив қорының материалдары (2011 жылы) қосылған. Содан кейін жұмыс біраз жыл тоқырап қалған еді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында жұмысты қайта жандандыру туралы нақты тапсырма берді. Тиісті шаралар қолға алынып, биыл сәуір айында ЮНЕСКО-ның деректі мұралар тізіміне «Хандар шежіресінің» қолжазбасы ресми түрде енгізілді. Осының бәрі қазақ даласының қайталанбас өркениет ошағы екенін дәлелдей түседі, – дейді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төл тарихымызға ауқымды, кең көзқараспен қарау керегін сөз етті.

– Қазақ жерінде біздің жыл санауымызға дейінгі замандарда-ақ түрлі тайпалар әншейін саяси, әскери, я шаруашылық бірлестіктер емес, орталықтандырылған билік жүйесі бар, иерархиясы мен таптық бөлінісі нақтыланған толыққанды мемлекеттер болған. Көнеден келе жатқан мемлекеттігіміздің тұғыры саяси құрылымдарға, орталық билік жүйесіне ғана емес, ортақ құндылықтарға, рухани-мәдени бірегейлікке негізделді. Сондықтан тарихымызды зерделеп, дәріптегенде қазақ жерінің ежелгі және ортағасырлық қуатты мемлекеттердің мекені ғана емес, ең бастысы, бірегей көшпенділер өркениетінің алтын бесігі екеніне баса назар аударуымыз керек.

Жалпы, Орталық Азия аймағы, соның ішінде біздің өңір бай тарихымен, қазыналы шежіресімен ерекшеленеді. Қазақ жеріндегі ежелгі кеніштер мен кен байыту орталықтарынан бұл аймақта металлургияның қаншалықты жоғары дамығанын айқын аңғаруға болады. Ежелгі көшпенділер Еуразия кеңістігіндегі теңдессіз мәдениеттің иесі болды. Адамзат баласы ең алғаш жылқыны қолға үйреткен жер екені ғылыми тұрғыда дәлелденген Ботай қонысы, қуатты мемлекеттердің әміршілері – Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Аралтөбедегі Сармат көсемі, Шығыс Қазақстандағы Шілікті әміршісі, Берел ханшайымы мен Елеке сазы дегдары және басқа да теңдессіз тарихи мұралар қазақ жерінде есте жоқ ескі замандардың өзінде жоғары дамыған өркениет болғанын көрсетеді, – деді ол.

Оның айтуынша, төл тарихымызға тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді. Арғы бабаларымыздың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болады.

– Кезінде тарихпен айналысып жүргенде осы балбалдарды өзім де зерттегенмін. Бастапқыда Орхоннан Дунайға дейінгі кең-байтақ алқаптағы көне ескерткіштерді зерттеуге ұмтылып, кейін уақыттың тарлығына байланысты Орхоннан Каспийге дейінгі аралықпен шектелуіме тура келді. Жинаған материалдарым «Ұлы даланың тас сақшылары» деген атаумен жарыққа шықты. Расымен, басынан аяғына дейін сан мың шақырымдық ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан балбалдар бір кезде бабаларымыз иелік еткен аумақтың шекара шебі іспетті көрінеді. Асқан шеберлікпен қашалған тас мүсіндер кейінгі ұрпаққа аманат еткен жерін қорғап, күзетіп тұрған батырлар сияқты әсер қалдырады.

Сондай-ақ бүлінбей сақталған балбалдардың мұрты, қылыштары, құмыралары – бәрі бір-бірінен аумайды. Осының өзі қазір бірнеше мемлекетке қарайтын, кең-байтақ даланы мекен еткен халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен наным-сенімі бірдей екенін, яғни біртұтас өркениетке тиесілі екенін көрсетеді.

Балбалдан бөлек, Көк түріктер дәуірінен қалған ғажайып мұралардың ең әйгілісі – Күлтегін мен Білге қағанның бітіктастары. Бұл ескерткіштер арғы бабаларымыздан барша адамзатқа мирас болып қалған теңдессіз жәдігерлер екені сөзсіз. Олардың қатарын жуырда тағы бір тамаша ескерткіш толықтырды, Құтлық қағанның бітіктасы табылды.

Ұлы Жібек жолының бойындағы әрісі 2 мың жылдан бері асқақтап тұрған қалаларымыз да – бірегей өркениеттердің көнекөз куәсі. Шірік-Рабат, Тараз, Түркістан, Отырар, Қаялық, Алмалық, Жанкент, Сарайшық, Сығанақ және басқа да шаһарлардың әрқайсысы туралы тұтас еңбек жазуға болады. Сюань-Цзянь, әл-Макдиси, Ибн-Баттута, Гильом де Рубрук, Плано Карпини, Марко Поло сияқты атақты жиһанкездер қалаларымыздың және көшпенділер өмірінің сән-салтанатын тамсана жазған, – дейді Ерлан Қарин.