Компьютерлер мен электрондық жабдықтардың өндіріс көлемі 74,3%-ға өскен.
Қазақстанда компьютер жабдықтарын өндіру қанша пайызға өсті?
Фото: iStock
470
оқылды

2025 жылдың алғашқы бес айында компьютерлер, электрондық және оптикалық құрал-жабдықтар өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,3%-ға өсіп, 41,7 млрд теңгеден асты (өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 30 млрд теңгеден аз болған), – деп хабарлайды Aikyn.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сілтеме жасап. Нақты мәнде өндіріс көлемі 89%-ға ұлғайды.

«Өндірістің артуы салаға бағытталған инвестицияның күрт өсуімен тікелей байланысты. 2025 жылдың алғашқы бес айында компьютерлер, электрондық және оптикалық құрал-жабдықтар өндірісіне салынған инвестиция көлемі шамамен 2,3 млрд теңгеге жетті. Өсім 2 млрд теңгеден асып, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 9 есе жоғары болып отыр», – делінген хабарламада.

Ең үлкен өсім электрондық тұрмыстық техника өндірісінде – 68 еседен астам (95,9 млн теңгеден 6,5 млрд теңгеге дейін) және электрондық элементтер өндірісінде – 15 еседен астам (65,3 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін) байқалады.

Биыл Қарағанды облысының Саран қаласында Samsung брендімен теледидарлар мен басқа да техникаларды шығаратын Silk Road Electronics ЖШС жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында нақты мәндегі көрсеткіш бойынша бірқатар өнім түрлерінің өндірісі айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, дыбыс немесе бейнені жазуға және ойнатуға арналған құрылғылармен біріктірілген түрлі түсті теледидар қабылдағыштарының өндірісі 7 есе өскен. Сонымен қатар, өзге де жартылай өткізгіш құралдар (фотосезімтал аспаптардан басқа) өндірісі 10 есе артқан.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.