Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасы аясында Ақтөбе қаласында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты. Депутат жұмыстың сапасы мен қарқынын тексеріп, жауапты мамандармен өзекті мәселелерді талқылады.
Мәжілісмен жайлы мектеп құрылысымен танысты
478
оқылды

Облыс бойынша аталған ұлттық жоба аясында 11 400 оқушыға арналған 14 мектеп салынады. Оның ішінде 2 мектеп былтыр пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылына дейін тағы 3 200 орынға арналған 4 мектеп қолданысқа берілмек. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы Саяжай-1 тұрғын алабында салынып жатқан 300 орындық білім ордасы. Ол «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген.

– Оқушы орындарының тапшылы­ғын жою – партия бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Бұл мектеп №50 мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге көмек­теседі. Сонымен қатар заманауи білім беру мекемесі соңғы тех­нологиялармен жабдық­талып, балалардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік береді. Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жыл соңына дейін үш ауысыммен оқыту мәселесі түбегейлі шешіледі, – деді Қ.Әлішев.

 Мектептің құрылысы 2023 жылы бастал­­­ған. Жобаның жалпы құны 3,53 млрд теңге, ал ғимараттың ауданы 6 мың шаршы метрден асады. Нысанды аралау барысында депутат мектептің химия пәні кабинеттерінің жабдықталуына байланысты ескеру жасады.

 – Балалар лабораториялық жұмыс істе­ген кезде зиянды заттармен улану қаупінен сақ­та­­­ну үшін химия пәні кабине­тінде ауа сорғыш құрылғылары көп болуы керек. Егер ол санитарлық-эпидемио­ло­гия­лық бақы­лау талаптарында болмаса, біз заңға өзгерістер енгізуге дайынбыз, – деді ол.

Сонымен қатар Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» шекара бекетінің жұмысымен танысты. Мәртөк ауылында бой көтеріп жатқан өрт сөндіру депосының құрылысын аралады. Бұл нысан да партияның Жол картасына сәйкес биыл пайдалануға берілуге тиіс. Бұдан бөлек, депутат Шалқар ауданына қарасты Бозой ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, спорт кешені, мектеп, жазғы футбол алаңы және жол құрылысы сынды өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдады. Сұйы­тылған газ тапшылығы мен оны жеткізу мәселесі де назардан тыс қалмады.