Әлеуметтік желіде Шынар Құрманғали есімді қолданушы соңғы уақытта ел аузында жүрген мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза жайлы өз ойын білдіріп, пікір қалдырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Біздің қоғамда біреу танымал болса, шектен тыс “басымызға көтеріп жіберетін” әдет бар. Соңғы кезде TikTok-та танылған кейбір мектеп директорлары мен дін қызметкерлері қоғамның ерекше назарында жүр. Біреуі ән айтып, біреуі шоуға шығып, бірі тіпті ел аралап қонақтан-қонаққа барып жүр. Ал желідегі жұрт мәз: “қандай креатив директор, қандай заманауи имам!” — деп.
Бірақ мәселенің екінші жағына да қарап көрейікші.
Мысалы, Ақмоншақ Нұртаза есімді мектеп директоры Инстаграмда екі айда 200 мыңға жуық жазылушы жинап, қазір іс-шарадан іс-шараға барып жүр. Тағы бір астаналық директор инстаграмға әзіл видеолар сала бастаған. Көп ұзамай бұл трендке өзге де мектеп басшылары ілесіп кетуі мүмкін. Енді ойлайсың: ертең барлық директорлар TikTok түсірумен, тренд қуу, қаралым жинаумен әуре болса мектепті кім басқарады?», - деді ол.
«Осындай кезде мектеп директоры – ең алдымен басқарушы, жауапты тұлға болуы тиіс. Оның уақыты, назары, мотивациясы контентке емес, оқу сапасы мен тәрбие жұмысына бағытталуы қажет. TikTok арқылы мектеп абыройын көтереміз десек, ол ұзақмерзімді нәтиже бермейді.
Айтқым келгені:
Креатив керек, заманауи болу керек. Бірақ білім беру саласындағы жауапты тұлғалар – TikTok жұлдызы емес, сапалы білім мен тәрбиенің көшбасшысы болуы тиіс.
Келешек TikTok-та емес, мектептің ішінде қалыптасады», - деп қорытындылады ол.