Aikyn.kz әлемдік ақпарат көздеріндегі ақпаратқа сүйеніп, екі президенттің арасында телефон арқылы болған әңгіменің мазмұнымен таныстырады.
Телефонмен болған кезекті әңгіме Трамптың Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатуға талпынысы нәтижесіз екенін көрсетті. Екі ел басшылары арасындағы әңгіме АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ беруін тоқтатқаннан кейін екі күн өткен соң болды.
Кезекті іссапарына аттанып бара жатқан америкалық президент Air Force One ұшағының алдында журналистерге АҚШ Украинаға қару жеткізуді мүлде тоқтатпағанын айтқан. Бірақ оның сөзінше:
«Біз алдымен өзіміздің жеткілікті қорымыз бар екеніне көз жеткізуіміз керек».
Трамп Путинмен Иран мен Украина мәселелерін талқылаған ұзақ әңгіме болғанын растаған. Ал Кремльдің мәліметінше, бұл әңгіме бір сағаттан астам уақытқа созылған.
Дональд Трамп: «Мен Украинадағы соғысқа наразымын. Бұл өте қайғылы жағдай. Бұл Байден бастаған соғыс. Мен бұндай соғысты болдырмайтын едім. Бірақ қазір менің араласуыма тура келді. Путинмен сөйлесу барысында бұл мәселе бойынша мүлде алға жылжымадық», – деп шындықты мойындаған.
Алайда Ушаковтың айтуынша, Ресей Украинадағы өз мақсаттарынан бас тартпайды. Ресей жағы бұл мәселе бойынша бейбіт келіссөздер екіжақты процесс екенін және оған АҚШ-тың белсенді араласпауы тиістігін ескерткен.
Украина тарапы телефон арқылы Трамппен қару-жарақ жеткізіліміне қатысты сөйлесуді жоспарлап отыр. Президент Зеленскийдің кеңсесі бұл мәселеде айқындық пен түсіністікке жетуді қалайды.
Осылайша Трамп пен Путиннің арасында болған кезекті телефонмен байланыс Украина мәселесіне қатысты елеулі ілгерілеу әкелмеген. АҚШ пен Ресейдің бұл мәселеге көзқарасы мен ұстанымында қарама-қайшылықтар да байқала бастады. Украина мен Батыс елдері үшін бұл тығырыққа тірелу болып саналады. Өйткені 3 жылға созылған соғыс ұзақ мерзімді геосаяси тұрақсыздыққа апаруы ықтимал.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.